Әлеумет

Мешіт жамағаты қан тапсырды

Акция

Қасиетті жұма күні «Нұр Ғасыр» мешітінің жамағаты «Бауырыңа өмір сыйла» атты акцияға қатысып, ерікті түрде қан тапсырды.

Облыстың бас имамы Төлеби Оспанның айтуынша, аталған акция облыстық қан орталығымен бірге «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында ұйымдастырылды.

— Ақтөбе қаласында басталған «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының сегізінші сатысында мешіт жамағаты арасында бірнеше шара өткізу жоспарланған. Бүгінгі ұйымдастырылып жатқан акция — солардың бірі. Бүгін «Нұр Ғасыр» мешітінде өткізіліп жатқан шара алдағы жұмаларда қаламыздағы барлық мешіттерде өз жалғасын табатын болады.

Донор болу — әрбір дені сау адамның міндеті деп білемін. Өйткені, Қасиетті Құранда да: «Бір адамды өлімнен құтқарған,бүкіл адамзатқа өмір сыйлағанмен тең», делінген.  Егер сіз тапсырған қан  арқылы өлім аузында жатқан бір адамның өмірі жалғасып жатса, сізге Алла Тағала бүкіл адамзатты құтқарғанмен тең дәрежеде сауап береді, — дейді Төлеби Оспан.

Бұл қағиданы түсінген мешіт жамағаты жұма күнгі шарада белсенділік танытты.  Қан тапсыруға келген донорлардың алдымен қан қысымыөлшеніп,медициналық картасы тексерілді. Денсаулығында ешқандай кінәрат жоқ азаматтар арнайы қан тапсыратын бөлмеге жіберілді.

— Ақтөбе өңірінде донорлар саны жыл сайын өспесе, азайып жатқан жоқ. «Адамның күні адаммен» деген қағиданы ұстанатын халықпыз ғой. Бүгінгідей арнайы акциялар ұйымдастырылған жағдайда тұрақты түрде келіп, қан тапсыратын азаматтар бар. Бұл, әрине, көңілге қуаныш ұялатады, — дейді облыстық қан орталығының бөлім меңгерушісі  Әуезхан Мағзұмов.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button