Спорт

Тең текетірес

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Ертіс» — 1:1

Алматыда көш басындағы «Қайрат» турнир кестесінің екінші бөлігінде келе жатқан «Оқжетпестен» ұтылып, 3-орынға түсіп қалды. 1-орынға кезекті жеңіске жеткен «Тобыл» қайтадан көтерілді. Алғашқы алтылықты түйіндеп тұрған «Қайсар»  өткен турда 0:3 есебімен жеңілсе, бұл жолы өз алаңында 0:2 есебімен ұтылды.

«Ақтөбе» бұл жолы тең есепке қол жеткізді. Ойын расында да шамамен осы есепке лайықты болды. Өйткені павлодарлықтар Ақтөбеге қорғану үшін келмегендіктерін бірден байқатты. Олар алғашқы бес минут ішінде екі рет қауіпті соққы жасап үлгерді. Бұдан соң жерлестеріміз де ес жиып, ширақ шабуылдар ұйымдастыруға кірісті. 17-минутта Маркос Пиззеллидің айып алаңына жақын маңайдан жасаған соққысы қақпа «тоғыздығынан» сәл қиыс кетті. Ал іле-шала сол Маркос тастаған тамаша пастың арқасында павлодарлық қақпашымен бетпе-бет шыға келген Абат Айымбетов допты тиімді пайдалана алмай діңкеледі, бұл жолы да доп діңгектің дәл сыртқы түбімен сырғып өте шықты. Бұдан соң қақпаларға алма-кезек шүйілу басталды. Осы қарқын тайм соңына дейін жалғасты. Ал тайм соңына таман, 45-минутта «Ақтөбенің» қақпасына гол еніп кете жаздады. Қақпаға туралай тартқан павлодарлық сұрмерген Карлуш Фонсека айып алаңына табаны ілігер-ілікпестен жойқын соққы жасады, зырқырай ұшқан доп, қонақтардың өкінішіне қарай, маңдайшаға тиіп кері серпілді. Ойынның алғашқы бөлігі осылай аяқталды.

Екінші тайм «Ақтөбенің» шабуылдарымен басталды. Тіпті 52-минуттың шамасында Маркос Пиззелли ұшындыра тепкен доп діңгектен бірнеше сантиметр ғана қиыс кетті. Бірақ алғашқы голды қонақтар соқты. Марко Станоевич оң қанаттан, айып алаңынан сыртынан айып добын орындады да, допты қақпаға қарай әуелете тастады. Ақтөбелік қақпашы Равиль Нұрмұхамбетов осы тұста қатты қателік жіберді. Допқа оқша атылғанымен, асыға қимылдап, қолына іліктіре алмай қапы қалды да, қақпаның «тоғыздығы» бүлк ете түсі — 0:1.

Бұдан соң футболшыларымыз намысқа басып, оған жанкүйерлердің дүбірі қосылып, ақтөбеліктер атқа мінді, қонақтар тізгіннен айрылып қалғандай көрінді. Әйтседе нысананы дәл көздеудің сәті түспей қойды. Сөйтіп жүргенде, 85-минутта жерлестеріміз бұрыштама доп орындау мүмкіндігіне ие болды. Бұрыштан жеткен допты Антон Шурыгин баспен тура қақпаға бағыттап-ақ жіберіп еді, қақпашы Александр Заруцкий, обалына не керек, шалт қимылдап кері серпіді, дегенмен сол жерге келе қалған Абат Айымбетов допты қайыра теуіп, қақпаға сүңгітті де жіберді — 1:1.

Таймның қалған аз бөлігінде, әрине, алаң иелері де, қонақтар да есепті өзгертуге талпыныстар жасады. Бірақ жанкүйерлерді тағы бір голға куә етудің реті келмеді.

«Ақтөбе»-«Ертіс» — 1:1

Гол авторлары: Марко Станоевич, 63-минут (0:1);Абат Айымбетов, 85-минут (1:1).

Ескерту қағаздары көрсетілгендер: В.Волков, 29-минут; А.Кицак, 38-минут («Ақтөбе») —А.Соколенко, 3-минут; К.Фонсека, 45+3 минут; Дмитрий Шмидт, 55-минут, М.Становеич, 88-минут; М.Стаменкович, 90+3 минут («Ертіс»).

«Ақтөбе»: Рамиль Нұрмұхаметов, Рустам Сахибов (Асланбек Кәкімов, 70-минут), Рустам Темірхан (Антон Шурыгин, 70-минут), Виталий Волков, Бағдат Қайыров, Александр Кицак, Ардақ Сәулет, Әділхан Таңжарықов, Әлішер Әжімов, Маркос Пиззелли (капитан), Абат Айымбетов (Есен Жасанов, 90-минут).

Бас бапкер Александр Седнев.

«Ертіс»: Александр Заруцкий, Александр Соколенко, Милош Стаменкович, Урош Витас, Патрик Хиди, Дмитрий Шмидт, Марко Станоевич, Магомед Парагульгов, Жереми Манзорро (Деян Георгиевич, 63-минут), Карлос Фонсека , капитан (Руслан Мингазов, 46-минут), Тимур Мульдинов (Арман Нүсіп, 88-минут).

Бас бапкер Милан Миланович.

25 тамыз 2019 жыл. Ақтөбе, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион, 7000 адам.

*   *   *

Басқа кездесулердің нәтижелері:

«Тобыл» (Қостанай)-«Атырау» (Атырау) — 2:0

«Ордабасы» (Шымкент)-«Шахтер» (Қарағанды) — 3:2

«Қайрат» (Алматы)-«Оқжетпес» (Көкшетау) — 0:1

«Астана» (Нұр-Сұлтан)-«Тараз» (Тараз) — 5:0

«Қайсар» (Қызылорда)-«Жетісу» (Талдықорған) — 0:2

*   *   *

Бұл 24-турда барлығы 17 гол соғылды. Бір ірі есеп нәтижесі тіркелді. Бір ойын тең есеппен аяқталды.

31 рет ескерту қағазы көрсетіліп, 3 футболшы жасыл алаңнан қуылды: Жарко Томашевич, 67-минут («Астана»); Серж Ньюадзи, 69-минут («Тараз»); Евгений Тарасов, 90+7 минут («Шахтер»).

Бір ойында үш футболшы  екі голдан соқты —Абдуллай Диакате, екеуі де пенальтиден («Ордабасы»); ВиллиамЛувага («Шахтер»); Дидар Жалмұқан («Астана»).

Шапшаң гол авторлары — Дарко Зорич, 6-минут («Оқжетпес»), Янга Рангело, 18-минут («Астана»).

«Ордабасы» жеңіс әперген голды 90+10 минутта пенальтиден соқты.

Ең көп жанкүйер «Ақтөбе»-«Ертіс» және «Қайрат»-«Оқжетпес» командаларының ойынына жиналды — 7000 адам.

10 гол соққан ақтөбелік Абат Айымбетов сұрмергендер тізімінде 4-орында тұр. Ал оның алдындағы үш футболшы да легионерлер: Адеринсола Эсеола, 13 доп, «Қайрат» (Украина);Жоао Пауло, 11 доп, «Ордабасы» (Бразилия); Марин Томасов, 10 доп, «Астана» (Хорватия).

*   *   *

Сонымен 1-3 орын иелері: «Тобыл» (49 ұпай), «Астана» (47 ұпай), «Қайрат» (47 ұпай). «Астананың» басқалардан бір ойыны кем.

4-6 орындардағы командалар орын ауыстырған жоқ: «Ордабасы» (46 ұпай), «Жетісу» (41 ұпай), «Қайсар»» (37 ұпай).

7-9 орын иелері де өзгерген жоқ: «Шахтер» (33 ұпай), «Оқжетпес» (30 ұпай), «Тараз» (19 ұпай).

10-12 орындағы командалар: «Ертіс» (19 ұпай), «Атырау» (18 ұпай), «Ақтөбе» (5 ұпай). «Ертіс» бір саты жоғарылап, «Атырау» кейінге ығысты. Дегенмен «Атыраудың» басқалардан бір ойыны кем.

ФИФА шешімімен «Ақтөбе» командасынан 12 ұпай шегеріліп қалғанын еске саламыз.

*   *   *

25-тур ойындары 31 тамыз, сенбі күні өтеді.

Бұл күні «Ақтөбе» Қызылордада «Қайсар» командасымен кездеседі. Бұл командадан бірінші айналымда өз алаңымызда ұтылып (1:3), сырт алаңда 1:0 есебімен ұтқан болатынбыз. Ақтөбелік гол авторлары: Абат Айымбетов, Ардақ Сәулет.

Басқа кездесулер:

«Жетісу» — «Ордабасы»

«Тараз» — «Тобыл»

«Шахтер» — «Қайрат»

«Атырау» — «Ертіс»

1 қыркүйек күні болуға тиіс«Оқжетпес»-«Астана» кездесуі елордалықтардың Еуропа Лигасындағы ойынына байланысты екі команданың келісімі бойынша кейінге қалдырылды.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button