Мәдениет

Өнерпаздар аймақты әнмен тербетті

Байқау

Ырғыз ауданында дәстүрлі «Аймақты әнмен тербетіп» атты республикалық өнер мерекесі өтті. Байқау биыл 23-ші рет шымылдығын түрді.

Өнер фестивалі — жыл сайын тамыз айында өтетін өңірдегі ірі мәдени жобалардың бірі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шараның мақсаты — қазақ халқының музыкасы, соның ішінде дәстүрлі ән өнерінің дамуына үлес қосу, жастарға рухани тәрбие беру, жас таланттарды шыңдау.

Екі күнге созылған «Аймақты әнмен тербетіп» өнер мерекесіне Ақтөбеден бөлек, Маңғыстау, Қызылорда, Атырау, Қостанай облыстарының өнерпаздары қатысты. Барлығы 23 жігіт пен қыз дәстүрлі және эстрадалық ән номинациясы бойынша бағын сынады.

Сонымен, «Эстрадалық ән» номинациясы бойынша жерлесіміз — Ақтөбе облысы Қобда ауданынан келген Нұржан Әбжан бас жүлдеге ие болса, ал «Дәстүрлі ән» аталымында қызылордалық Мәлика Алдамжарова озып шықты. Олардың әрқайсысына арнайы диплом мен 150 мың теңгенің сертификаты тапсырылды. Өзге жүлдегерлерге де дипломдар мен ақшалай сыйлықтарберілді.

— Биылғы «Аймақты әнмен тербетіп» өнер мерекесі Ақтөбе қаласының 150 жылдық тойымен тұспа-тұс келді. Соған сай, фестивальде Ақтөбеге, жалпы туған жерге арналған әндер көптеп орындалды. Жалпы, патриоттық бағыттағы әндерге басымдық бұл жолы да берілді. Арасында жүректің қылын шертер лирикалық әндер де шырқалды. Осы орайда тек қатысушылар тарапынан ғана емес, көрермендерден де ықыластың зор болғанын айта кеткім келеді. Екі күн бойы ине шаншар жер болмай, құрмет-қошемет те тиісінше болды. Соған қуандық. Ауыл-аймақтағы жұртшылықтың ұлттық өнерге, осындай байқауларға деген қызығушылығы қашан да зор ғой, — деп атап өтті облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкері Гүлнар Сейталина.

«Аймақты әнмен тербетіп» ХХІІІ республикалық өнер мерекесі аясында Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бақберген Садықов атындағы қазақ күресінен түйе палуандар арасында  турнир де өткізілді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button