Басты жаңалықтар

Жыл аяғына дейін 2009 пәтер беру жоспарланып отыр

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Ақтөбеге келген сапарында өңірдегі тұрғын үй құрылысы, жол жайымен, сондай-ақ кәсіпорындарға барып, ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

Үкімет басшысы Асқар Мамин, облыс әкімі Оңдасын Оразалин, үкімет мүшелері алдымен қала іргесіндегі «Нұр Ақтөбе» қалашығының бірінші шағын ауданында салынып жатқан аз қабатты үйлердің құрылысын қарады. Бұл жерде қала әкімі Мавр Абдуллин Ақтөбедегі тұрғын үй бағдарламаларының орындалу барысы туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, 2017-2018 жылдары  жалпы ауданы 160 мың шаршы метр «Тұрғын үй (3635 пәтер) берілген, биыл жыл аяғына дейін 128,8 мың шаршы метр болатын 2009 пәтер беру жоспарланып отыр.

— «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 1090 адамға жолдама берілді, қазір 500-ге жуық адам тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы төлем қабілеттерін растап жатыр. Осы бағдарлама аясында бөлінген қаражатты қыркүйек айында толығымен игеріп, тағы да қосымша қаржы сұрайын деп отырмыз, себебі кезекте тұрған аз қамтылған отбасылар көп, оларды пәтермен қамтуға да мүмкіндік жеткілікті — салынып жатқан үйлер де бар, тек қаражат қажет. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша биыл 5,0 миллиард теңгеге 649 пәтер берілді, жоспар бойынша тағы 941 пәтер берілмек. «7-20-25» бағдарламасының жүзеге асырылуы бойынша Ақтөбе республикада үшінші орында тұр: ол бойынша 952 өтініш қабылданып, 4,8 миллиард теңгеге 539 заем берілді. Әлеуметтік аз қамтылған санаттағы азаматтарға, жас мамандарға 257 пәтер берілді. Жыл аяғына дейін көпбалалы отбасыларға 38 арендалық үйлер, тұрғын үй кезегінде тұрғандарға 353 пәтер беріледі деп жоспарлап отырмыз, — деді қала әкімі.

М.Абдуллиннің айтуынша, қазіргі таңдағы күрделі мәселелердің бірі —  жеке құрылыс салуға жер кезегінде тұрғандар санын азайту. Бүгінде жер кезегінде 170 мың адам тұр, оның 140 мыңы — Ақтөбе қаласында.

— Одан бөлек тұрғын үй массивтеріне, саяжайларға коммуникация желілерін тарту, су апару, газ жүргізу мәселелері де бар. Қазір саяжайларға газ тарту үшін 18 мың учаскеге жоба жасалды, ол үшін 6,2 миллиард теңге қаржы қажет, — деді қала басшысы.

Премьер-Министр бастаған топ бірінші шағын ауданда салынып жатқан аз қабатты үйлерге кіріп, құрылыс барысын қарады. Қазір осы ауданда 3,4,5 қабатты 27 үйдің құрылысы салынып жатыр. Келесі айдан бастап бұл үйлерді пайдалануға қабылдау жұмыстары басталмақ.

Мейрамгүл САТАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button