Басты жаңалықтарЭкономика

Айналма жолдар Ақтөбенің «жүгін» жеңілдетеді

Бұдан соң Үкімет басшысы Оңтүстік айналма жолының құрылысымен танысты.

Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мәлімбет Ибрашев жергілікті маңызы бар жол желілерінің даму барысы туралы толық ақпарат берді: Ақтөбе қаласында 2011 жылдан бастап айналма жолдар салына бастағаны белгілі. Бүгінде 2011-2013 жылдары салынған Солтүстік айналма жолы тұрғындар игілігі үшін қызмет етіп отыр.  Ал 2014 жылы басталған Оңтүстік айналма жолдың құрылысы әлі жалғасып жатыр. Батыс айналма жолының жобалау сметалық құжаттары жасалған, мемлекеттік сараптамаға жіберілген.

— Оңтүстік айналма жолының ұзындығы — 35 шақырым. Бірінші кезеңде 21 шақырым жол салынды. Екінші кезеңдегі көпір құрылысын 2020-2021 жылдары аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұлар біртұтас айналма жолдар желісін құрайды, яғни, айналма жолдар түгел салынып болғанда Батыс Қытай-Батыс Еуропа халықаралық көлік дәлізі мен республикалық жолдар арқылы жүретін транзиттік көліктер қала ішіне кірмей, қаланың сыртымен өтетін болады. Бұл экология мәселесіне де оңды ықпал етеді. Оңтүстік айналма жолының құрылысын толық аяқтау үшін қосымша 2,8 миллиард теңге қажет. Үкіметтен қаржылық қолдау сұраймыз, — деді Мәлімбет Ибрашев.

Сондай-ақ жөндеу жүргізіліп жатқан Ақтөбе-Орск тасжолының 16 шақырымының жартысында жұмыс аяқталған, қалған 8 шақырымын жөндеу үшін қаржы қажет: басқарма басшысы Үкімет басшысына осы мәселені төтесінен қойып, келесі жылы жұмысты аяқтау үшін республикалық бюджеттен 500 миллион теңге қаржы сұрады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button