Жаңалықтар

Ұлттық стандартқа сай кемпинг

Облысқа жасаған жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы Асқар Маминге, сондай-ақ облыс әкімі Оңдасын Оразалинге және үкіметтің бірқатар мүшесіне Ақтөбе қаласындағы «IBG Catering» көпфункционалды сервистік кешеннің жұмысы таныстырылды.

«Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі бойында орналасқан кешен өткен жылы пайдалануға берілген болатын. Аталған кемпинг Қазақстан Республикасы Ұлттық стандартының  «А» санатына сәйкес келеді. Жобаның жалпы құны — 500 миллион теңге.

«IBG Catering» ЖШС құрылтайшысы Владимир Гринбергтің айтуынша, бүгінгі күні кемпинг аумағындағы автотұрақ алаңын қоршау жұмыстары ғана қалып тұр.

Бір мезгілде 200 ауыр жүк көлігі аялдайтын автотұрағымыз бар. Бізде автотұрақтың көлемі үлкен. Мұнда көліктерді күзету бекеті жұмыс жасайды, жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, байланыс желісі тартылды. Жолаушылар үшін ақысыз wi-fi қызметі, жоғары жылдамдықта интернет жұмыс жасайды. Бір сөзбен айтқанда, клиенттеріміз үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Келгендер риза болып кетеді, — дейді ол.

Оның айтуынша, кемпинг асханасынан күніне 250-300 адам тамақтанады. «Халықаралық маңыздағы жол болғандықтан, біз мұнда одан да көп адамның келіп, тамақтанғанын қалаймыз. Күніне автотұраққа 50-ге тарта жүк көлігі тоқтайды. Бұл жолмен тәулігіне он мыңнан астам көлік жүріп өткенде, бізге кемінде 150 жүк көлігі аялдауы қажет. Бұл — үлкен көлік ағыны. Демалыс күндерінің өзінде бұл жолмен шамамен сегіз жарым мыңнан астам көлік жүреді. Сондықтан бұл аймаққа сервистік қызмет көрсету орындары керек», — деді В.Гринберг.

«IBG Catering» ЖШС көпфункционалды сервистік кешенде қонақүй, мейрамхана, автосервистер мен еуропалық үлгідегі жанармай құю бекеті, жолаушылар үшін жуынатын, кір жуатын орындармен қатар, сауна да жасақталған. Ауласында балалар ойын алаңы салыныпты. «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясыныңықпалымен кемпингке инженерлік коммуникация да  тартылған.

— Кемпингтегі қонақүй 66 адамға арналған. Алайда жүргізушілердің көпшілігі жуынып, тамақтанғаннан соң, қалтасынан артық ақша шығармас үшін автотұрақтағы өз көліктерінде түнеп жатады. Мұндай көліктердің іші жүргізушілер үшін өте жайлы. Біз жүк көліктерінің автотұрақта бір күн аялдағаны үшін 500 теңге аламыз. Мұнда қонақүйдің қарапайым нөмірі 2000 теңге, ал барлық жағдайымен жасақталған нөмір 4000 теңге тұрады. Бұл — кез келген жолаушы үшін қолжетімді баға, — деді В.Гринберг.

Асқар Мамин бастаған топқа аталған кемпингтің жұмысы таныстырылды. Бұдан кейін сервистік кешеннің ауласында Үкімет басшысына үлкен led-экран бойынша аймақтағы сервистік қызмет көрсету саласында атқарылып жатқан шаруалар және автомобиль жолдарының дамуы барысы турасында облыс әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов баяндады. Оның айтуынша, бүгінгі күні облыс аумағында 145 сервистік қызмет көрсету орталығы жұмыс жасайды. 2016 жылы стандарттық санат бойынша аймақта 7 сервистік орталық болса, бүгінгі күні олардың саны — 85.

Бұл орайда Асқар Мамин жергілікті билікке қалған сервистік орталықтарды да Ұлттық стандартқа сәйкес жұмыс жүргізуге көшіру мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды. «Бұл істі ұзаққа созбай, 1-2 жылдың ішінде жүзеге асыруды тапсырамын», — деді Үкімет басшысы.

Қазір облыстағы сервистік қызмет көрсету орталықтарында 1,2 мың адам жұмыспен қамтылған. Биылдың өзінде қосымша 15 нысанды іске қосу жоспарда бар. Оның ішінде «А» және «В» санаттары бойынша 8 нысан жұмыс жасамақ.

Өткен жылы облыс жақсы жұмыс жасады. Аймақтың ішкі жалпы өнімі 5 пайыздан жоғары болды. Биыл да осы қарқынды бәсеңдетпеу керек, — деді А.Мамин.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button