Басты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбенің силикат кірпішке деген қажеттілігі  100 пайыз қамтылады

Облысқа жасаған жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы Асқар Маминге, сондай-ақ облыс әкімі Оңдасын Оразалинге және үкіметтің бірқатар мүшесіне Ақтөбе қаласындағы «IBG Catering» көпфункционалды сервистік кешеннің жұмысы таныстырылды.

«Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі бойында орналасқан кешен өткен жылы пайдалануға берілген болатын. Аталған кемпинг Қазақстан Республикасы Ұлттық стандартының  «А» санатына сәйкес келеді. Жобаның жалпы құны — 500 миллион теңге.

«IBG Catering» ЖШС құрылтайшысы Владимир Гринбергтің айтуынша, бүгінгі күні кемпинг аумағындағы автотұрақ алаңын қоршау жұмыстары ғана қалып тұр.

Бір мезгілде 200 ауыр жүк көлігі аялдайтын автотұрағымыз бар. Бізде автотұрақтың көлемі үлкен. Мұнда көліктерді күзету бекеті жұмыс жасайды, жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, байланыс желісі тартылды. Жолаушылар үшін ақысыз wi-fi қызметі, жоғары жылдамдықта интернет жұмыс жасайды. Бір сөзбен айтқанда, клиенттеріміз үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Келгендер риза болып кетеді, — дейді ол.

Оның айтуынша, кемпинг асханасынан күніне 250-300 адам тамақтанады. «Халықаралық маңыздағы жол болғандықтан, біз мұнда одан да көп адамның келіп, тамақтанғанын қалаймыз. Күніне автотұраққа 50-ге тарта жүк көлігі тоқтайды. Бұл жолмен тәулігіне он мыңнан астам көлік жүріп өткенде, бізге кемінде 150 жүк көлігі аялдауы қажет. Бұл — үлкен көлік ағыны. Демалыс күндерінің өзінде бұл жолмен шамамен сегіз жарым мыңнан астам көлік жүреді. Сондықтан бұл аймаққа сервистік қызмет көрсету орындары керек», — деді В.Гринберг.

«IBG Catering» ЖШС көпфункционалды сервистік кешенде қонақүй, мейрамхана, автосервистер мен еуропалық үлгідегі жанармай құю бекеті, жолаушылар үшін жуынатын, кір жуатын орындармен қатар, сауна да жасақталған. Ауласында балалар ойын алаңы салыныпты. «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясыныңықпалымен кемпингке инженерлік коммуникация да  тартылған.

— Кемпингтегі қонақүй 66 адамға арналған. Алайда жүргізушілердің көпшілігі жуынып, тамақтанғаннан соң, қалтасынан артық ақша шығармас үшін автотұрақтағы өз көліктерінде түнеп жатады. Мұндай көліктердің іші жүргізушілер үшін өте жайлы. Біз жүк көліктерінің автотұрақта бір күн аялдағаны үшін 500 теңге аламыз. Мұнда қонақүйдің қарапайым нөмірі 2000 теңге, ал барлық жағдайымен жасақталған нөмір 4000 теңге тұрады. Бұл — кез келген жолаушы үшін қолжетімді баға, — деді В.Гринберг.

Асқар Мамин бастаған топқа аталған кемпингтің жұмысы таныстырылды. Бұдан кейін сервистік кешеннің ауласында Үкімет басшысына үлкен led-экран бойынша аймақтағы сервистік қызмет көрсету саласында атқарылып жатқан шаруалар турасында облыс әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов баяндады. Оның айтуынша, бүгінгі күні облыс аумағында 145 сервистік қызмет көрсету орталығы жұмыс жасайды. 2016 жылы стандарттық санат бойынша аймақта 7 сервистік орталық болса, бүгінгі күні олардың саны — 85.

Бұл орайда Асқар Мамин жергілікті билікке қалған сервистік орталықтарды да Ұлттық стандартқа сәйкес жұмыс жүргізуге көшіру мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды. «Бұл істі ұзаққа созбай, 1-2 жылдың ішінде жүзеге асыруды тапсырамын», — деді Үкімет басшысы.

Қазір облыстағы сервистік қызмет көрсету орталықтарында 1,2 мың адам жұмыспен қамтылған. Биылдың өзінде қосымша 15 нысанды іске қосу жоспарда бар. Оның ішінде «А» және «В» санаттары бойынша 8 нысан жұмыс жасамақ.

Өткен жылы облыс жақсы жұмыс жасады. Аймақтың ішкі жалпы өнімі 5 пайыздан жоғары болды. Биыл да осы қарқынды бәсеңдетпеу керек, — деді А.Мамин.

 

Асқар Мамин күртеше сатып алды

 

Бұдан кейін ҚР Премьер-Министрі  Асқар Мамин мінген көлік Ақтөбе қаласының Ғазиза Жұбанова көшесі бойында орналасқан «Глобал арнайы киім өндірістік бірлестігі» ЖШС кәсіпорнын бетке алды. Аталған компания жеңіл өнеркәсіп саласында тігін өндірісін қазіргі заманға лайық дамытып отырған батыс Қазақстан аумағындағы ірі өндіріс орны саналады. «Глобал» компаниялар тобының президенті Надежда Шабаеваның айтуынша, тігін фабрикасында Қазақстаннан бөлек, Ресей, Түркия, Корея елдерінің заманауи жоғары технологиялық жабдықтарымен тез арада сапалы өнім шығару жолға қойылған. Нәтижесінде жылына 250 мыңнан астам сапалы және экологиялық таза арнайы киім тігіледі.

Өндіріс орны қызметінің негізгі бағыты — әртүрлі қызмет көрсету саласының мамандарына, атап айтқанда, мұнай-газ, кен қазу, металлург жұмысшыларға, медицина саласына қажетті арнайы киім тігумен айналысады. Бүгінде компания қазіргі заманғы, соңғы үлгідегі жабдықтармен қатар, сапалы маталарды, аксессуарларды, изоляциялық өнімдерді қолданады. GRAFIS 11 нұсқасы жұмыс киімдерінің дизайнын жасауға пайдаланылады.

Бірлестіктің барлық өнімі «Сапа менеджменті жүйесі» сертификаттарының стандарттарына сәйкес келеді. Фабрикада шығарылатын өнім түгелдей СТ-КZ сертификатын иеленген. Мұндағы қазақстандық қамту үлесі 50 пайыздан асады, — деді Н.Шабаева.

Асқар Мамин мекеменің төменгі қабатында орналасқан тігін шеберханасының жұмысымен танысқаннан кейін, жұмысшылармен сөйлесті. Өндірістік бірлестіктің дүкен сөресіне қойылған отандық өнімдердің бағасы, олардың сапасымен де танысты. Бұл жерде Асқар Мамин 54-өлшемдегі жылытылған қою көк түсті арнайы киімді сатып алды. Бағасы — 18500 теңге. Дүкеншіге банк карточкасы арқылы есептескен Премьер-Министр: «Сапасы жақсы. Өзгелерге де алуға кеңес беремін. Жұмысқа және іссапарларға киетін боламын», — деді.

Бүгінгі күні «Глобал арнайы киім өндірістік бірлестігі» ЖШС-да 200-ге тарта адам жұмыспен қамтылса, соның 30 пайызын мүмкіндігі шектеулі жандар мен халықтың осал топтарынан шыққан қыз-келіншектер құрайды. Өндірісте жаңа жұмыс орындарын құруға ғана емес, сонымен қатар кәсіби дайындыққа да көп көңіл бөлінеді. Мұны өткен жылы наурызда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын дамыту шеңберінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының көмегімен аталған өндіріс базасында «Надежда» оқу-өндірістік кешенінің құрылғанынан айқын аңғаруға болады. Қазір мұнда «Үміт» жобасы қолға алынып, ауылдық жерлерде жұмыссыз жүрген әйелдер мен жастарды тігінші мамандығына оқыту басталды. Н.Шабаеваның айтуынша, аталған жоба бойынша қалалық, аудандық жұмыспен қамту орталықтарынан жолдамамен келген көпбалалы  жұмыссыз әйелдер мен жастар оқудан өткеннен кейін, кәсіпорында жұмысқа қалу жағы да жоспарланған. Сапар барысында Асқар Мамин аталған өндіріс орнындағы оқу орталығының жұмысымен де танысты.

Сондай-ақ тігін фабрикасы базасында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов Премьер-Министрге  шағын және орта бизнесті дамытудың аймақтық бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар турасында баяндады. Әсіресе, туризм саласын дамыту, қарапайым заттар экономикасы бойынша іске асыралатын жобалар жайы да айтылды.

Зауыт жұмысы таныстырылды, жобалар жайы айтылды

Ақтөбеге жасаған сапары кезінде Асқар Мамин «Көктас-Ақтөбе» АҚ базасындағы құрылыс материалдарын шығаратын зауыттың жұмысымен  де танысты.

Биыл желтоқсанда пайдалануға берілетін зауыттың инвестиция көлемі — 15,0 млрд теңге. Кәсіпорынның қуаттылығы — жылына 120 миллион дана силикат кірпішін, 18 мың тонна әк, 72 мың тонна қиыршық тас өндіру.  Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін облыстың силикат кірпішке деген қажеттілігін 100 пайызға қамтамасыз ету көзделуде. Себебі бұл мәселе аймақ үшін өте өзекті, өйткені облыста құрылыс қарқыны жоғары, ал жұмыс істеп тұрған зауыттар сұранысты қанағаттандыра алмай жатыр.

Асқар Мамин заманауи жабдықталған өндіріс орнының жұмыс жасау технологиясы жайында сұрады. Зауыт өкілдерінің айтуынша, кәсіпорын өзгелерге қарағанда ерекше, инновациялық технологияға негізделген, автоматтандырылған жүйе бойынша жұмыс жасайды. «Біз зауытты әлемнің ең мықты өндірушілері — Ресей, Франция және Жапония елінде шығарылған қондырғылармен жабдықтадық. Кәсіпорында іс тетікті басу арқылы жүргізіледі. Соның нәтижесінде біз процесте кез келген параметрлерді өзгерте аламыз. Бұл өз кезегінде 5 есеге дейін еңбек шығындарын және электр қуатын тұтынуды 7 есеге дейін азайтады», — деді зауыт өкілі.

«Жақсы, өнім шығаратын кезді күтеміз», — деген Үкімет басшысына осы жерде арнайы экономикалық аймақтың, Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы және Ақтөбе рельс-арқалық зауытының инвестициялық жобаларының таныстырылымы да жасалды.

Бүгінде облыста тау-кен өндірісі қарқынды дамып жатыр. Өткен жылы аймақта «ГазПроцессКомпани» газ өңдеу зауыты іске қосылған болатын. Ал биыл осы жобаның екінші кезеңі, яғни газ өңдеу қуаттылығын кеңейту жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ Мұғалжар ауданында да осы бағытта бірқатар жобалар іске асырылуда.

Биыл шілдеде облыс әкімдігі мен «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы және Түркияның Gebze ұйымдасқан өндірістік аймағы (GOSB)арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылған болатын. Үкімет басшысына  LED-экран арқылы аталған компанияның таныстырылымы жасалды. Gebze — Түркиядағы ең үлкен индустриялық аймақ. Онда әлемдік компаниялардың 40 пайызы шоғырланған. Экспорттың жылдық көлемі — 29 миллиард теңге. Gebze ұйымдасқан өндірістік аймағы (GOSB)  Стамбұл мен Қожаелі қалаларының шекарасындағы Гебзе провинциясында орналасқан. 1986 жылы құрылған индустриялық аймақ резиденттері машина құрастыру, ІТ саласы, азық-түлік дайындау, пластмасса, электроника және тағы басқа өнімдерді шығарумен айналысады.

«Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Руслан Мамунов Премьер-Министрге облыста түрік компаниясымен бірлескен индустриялық аймақ құруда атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады.  Аталған компанияның өкілі Зейнеп Сонмез Нил инвесторлар үшін өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды, тартымдылығы жағынан мүмкіндігі көп екенін айта келе, бірлесіп жұмыс жасауға дайын екендіктерін жеткізді.

 

 

 

 

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button