Мәдениет

Ораза оңға бастайды

Көрінбейтін сауап

Рамазан айындағы оразаның пайдасы өте зор. Ораза — тек рухани ем емес, ас қорытуды жақсартатын, денені түрлі удан тазартатын бүкіл ағзаның емі.

1940 жылғы Нобель сыйлығының иегері, белгілі ғалым Алекс Каррел өз зерттеулерінің қорытындысында оразаның денсаулыққа пайдасын атап көрсеткен. «Ашыққанда ағза токсиндерден тазарады, адам жасарады», — деп жазған. Оразаның кезінде ағза ішкі, тері асты май, іш май, азық қоры есебінен жұмыс жасауға мәжбүр болады. Жарақаттанған, өзгеріске ұшыраған, ракқа айналған жасушаларды, бездердің ішіндегі жиналған бактериялар мен құрттарды жеуге кіріседі. Тазарумен қатар жаңадан, жас, дені сау жасушалар өндіреді, осылайша ағзадағы ісіктер мен бездер жоқ болады, сіресіп қалған тамырлар мен буындар жібиді. Ашығуды әдет қылған, 96 жасында су шаңғысымен жүзіп келе жатып, тасқа соқтығысып опат болған америкалық ғалым Поль Бреггтің ішкі ағза мүшелері 17 жастағы жігіттің денесіндей таза, жас болған.

Ораза барлық дертке шипа, темекі шегетіндерге де бұл әдеттен арылуға көмектеседі. Әйгілі диетолог дәрігерлер де «Ораза — ең әсерлі диета» деп мойындайды.

Ораза айындағы ашығуда Жаратушының шексіз мейірімі, даналығы, жомарттығы бар, ал адамдар болса оған мән бермейді.

Біз оразаның әлеуметтік, рухани, медициналық пайдаларын білеміз, дей тұрғанмен оразаны тек бір мақсатпен, яғни Жаратушы иемнің әмірі деп, оны разы қылу үшін ұстаған абзал. Қалай дәрігер науқастың жағдайын жақсы біледі, солай Жаратушы, Құдірет иесі пендесінің жағдайын білгендіктен оразаны әмір еткен.

Ораза адамды көп қауіп-қатерден, бәле-жәледен, албырттықтан сақтайды. Ақылды адам ораза ұстау үшін еш аянбауы керек, себебі оразаның көзге көрінбейтін сауабы мол. Оразаға екіжүзділік араласпайды, яғни адам баласы өмірінің қуаты — тамақтан кім үшін, не үшін бас тартқанын өзге жұрт білмесе де, Жаратушы біледі, сауабын да береді. Астан бас тартқан адам рухани байлыққа кенеледі.

Оразаның маңыздылығы сондай, рұқсат етілмеген харам, мәкрүк затпен бірге адал астан бас тарту арқылы, нәпсіні тежеп, барлық дерттің негізі болған рухани дерттің шипасын бермек. Жаратушыға деген сенімді, тәуекелді арттырып, уайым-қайғыны сейілтеді. Адам ораза арқылы Құранның әмірлеріне мойынсұнып, Жаратушысын разы қылып, күнәлардан арылады. Пайғамбардың (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Рамазанда күнәдан бас тартқан адамның он бір айда істеген күнәсі кешіріледі» — делінген. Тағы бір хадисте: «Алла разылығы үшін бір күн ораза ұстаған кез келген адам тозақтан жетпіс жыл жүретін қашықтыққа алыстатылады» — деп жазылған. Қасиетті Рамазан айында жұмақтың есігі ашылып, тозақтың есігі жабылады.

«Жұмақта «ар-Раййян» деген есік бар, ол есіктен тек қана ораза ұстағандар кіреді. Олар кірген соң есік жабылады, содан соң ол есіктен жұмаққа ешкім  де кіре алмайды. Оразаның төлем ақысын пендеге Жаратушы тек өзіне мәлім, ұлы мәртебелі жағдайда беретіні уәде етілген. Сонымен, мың айдан да қадірлі Қадір түні бар бұл қасиетті айда, әр пенде үшін екінің біріне нәсіп болмайтын күнәлардан тазаратын оңтайлы уақытта, баршамыз ораза ұстап, парызымызды өтегеніміз жөн.

Ағза мен азық

Енді ораза кезінде ағзада болатын құпия сырлардан хабардар болайық.

Оразаның жағымды әсерінен ағзада мақұрым қалатын бірде-бір мүше болмайды.

Бүгінгі таңда әлемдік медицина ғылымдары оразаның денсаулыққа зор пайдасын тәжірбие жүзінде дәлелдеді. Көптеген дамыған елдерде ашықтыру арқылы ракты, қант диабетін, басқа да қатерлі дерттерді емдейтін клиникалар ашылған. Біздің елде осындай аурухана Шымкент қаласында жүйелі түрде жұмыс жасап, ашығудың дертке дауасын паш етуде.

Ораза жүйке жүйесіне, жүрекке, қан айналымына, ас қорытуға, бауырға, бүйрекке, өкпеге, барлығына шипа бола алады. Ашықтап айтар болсақ, тамақ ауыз қуысынан асқазанға барған соң жүйке жүйесі бүкіл ағзадағы органдарды іске қосады. Шайналған тамақ ауыз қуысындағы сілекеймен — бірінші кезең, асқазанға барған соң, қышқылының әсері мен қорытудың кезекті екінші кезеңінен өтеді. Аш ішекте ас қорытудың үшінші кезеңінде тамақтың құрамындағы пайдалы заттар қанға ауысады, сол кезде ағзадағы барлық органдар екпінді жұмысқа кіріседі. Адам тамақты қомағайланып көп ішсе, жүрекке түсетін салмақ әдеттегіден үш-төрт есе артады. Біраздан соң ағза шаршайды да, орталық нерв жүйесіне баратын қан мөлшері күрт төмендейді, сол себептен ораза ұстамаған адамның жүйкесі тозып, дертке шалдығады. Ал ораза кезінде жүйке жүйесі демалады да, көп аурудан аман қалады.

Ішкен асты қорыту үшін ішек-қарын 8 сағат жұмыс  жасайды, демек ораза ұстамаған адамның  ас қорыту органдары ол бұл дүниеге келген сәттен  бастап тоқтамай жұмыс жасап келеді. Ораза ұстаған кезде ішек-қарын ең кем дегенде  4-5 сағат демалады. Осылайша шлактан тазаруға, «жыртықтарын жамап», дерттен айығуға мүмкіндік алады. Оразаның кезінде бауыр өте жақсы демалады. Біздің  медицинамыз білетін бауырдың 500-ден астам атқаратын  қызметі бар. Қанды қоюландырмай, сұйық күйде ұстап тұру да — бауырдың міндеті. Инсульт, инфаркт, сал аурулары түп негізінде бауырдың нашарлығынан болады. Барлық химиялық процестер, соның  ішінде майды ыдырату бауырда атқарылады.  Басқа органдармен салыстырғанда бауыр сирек ауырады, дей тұрғанмен салмақ көп түссе әлсірейді. Әлсірегені алғашқыда жанға батпайды.  Көп ауруға  жол ашатын жағдай, яғни ағзаның қорғаныс қабілетінің, иммунитеттің төмендеуі бауырдың әлсіреуінен болады. Оразада бауыр  күніге 4-5 сағат демалып, күш-қуат жинайды, ағзаның қорғаныс қабілеті артады,  ас толық қорытылады.  Токсиндер тез арада ыдырап сыртқа шығады.

Бүйректің жұмысы — ағзаға келген заттарды фильтрден өткізу, яғни сүзу. Оразаның кезінде 4-5 сағат үзіліс алған соң жұмысын жақсартады.

Жүрекке зиянды үш кесел бар:

Біріншісі — атеросклероз, қан тамырларының ауруы, қалыңдап кетуі немесе бітеліп қалуы.

Екіншісі — жүйке жүйесінің ауруы, дүние машақаттары, уайымдар.

Үшіншісі — асқазанның үздіксіз жұмыс жасауы.

Ораза ұстаған адамда осы кеселдің үшеуі де болмайды. Бұл Жаратушының ораза үшін адамға беретін денсаулық деген жедел сыйы. Ашыққан кезде қанның құрамындағы холестерин азаяды. Қан тамырларына жабысқан холестерин еріп, ағзадан шығады, қан қысымы реттеледі, түс қайта ағза мамыражай күй кешеді.

Дәстүрлі медицинаның әлі келмейтін атеросклерозды оразамен жазуға болады. Дәрігерлік зерттеу қорытындысы бойынша ораза ұстап, дәрет алған қарттарда астеросклероз мүлдем болмаған.

Ойлау мен есте сақтау үшін де ораза пайдалы. Бастағы мидың жасушалары өте нәзік бола тұра атқаратын жұмыстары да күрделі, олар жүйке жүйесінің жасушаларымен тығыз байланыста, мидың өзі де тығыз бөлшектерден тұрады, қорегі қаптаған қылдай қантамырлары арқылы келеді.

Асқазанға тамақ түскен кезде ас қорытуға көп азық керек болады да, айналымдағы қан миға жетпей асқазанға ауысады. Тамақты жеген сайын жалқаулық пайда болып, ұйқы басады. Оразада мидың жұмысы жақсарады, себебі онымен таласатын ішек-қарын жұмыссыз «ұйықтап» жатады. Ораза ұстап, намаз оқыған адамдар қартайғанда алжымайтынын, ұмытшақ болмайтынын европалық ғалымдар дәлелдеген.

Кейбір адамдарды аштықтан өлді деп жұрт қателеседі. Ағзаның әрбір жасушасында жиналған қор, яғни азық бар. Ораза ұстап әдеттенген, әбден сенген адам шындап тәуекелге бел буса, тамақсыз қырық, тоқсан күн өмір сүреді деп дәлелдеп іс жүзінде көрсеткен. Шындығында бұл пайғамбарлар мен әулиелерден қалған ғылыми мұра. Оразаның құдіретіне сенбейтіндер темекіге тәуелді адамдар сияқты тамақ ішуді әдет қылғаны үшін ауырады. Яғни ораза ұстаған адам ауырса немесе өлсе аштықтан емес, көп тамақ ішуді, әдетін тәрк еткендіктен пайда болатын аурулардан өледі.

Көп тамақ ішу енжарлыққа апарып соқтырады. Ораза ұстаған студенттер емтихан тапсырғанда ойлау қабілеттері артып, басқа кезде шамасы жетпеген күрделі есептердің шешімін оңай тапқан.

Ұстаздың тәпсірі

Ислам ғалымдарының Платоны әрі дәрігерлердің ұстазы дана Абу Али Ибн Сина медицина тұрғысынан ғана қарап Құран Кәрімнің Ағраф сүресінің 31-ші, яғни «Жеңдер, ішіңдер де, ысырап етпеңдер» деген аятын былай тәпсір еткен: «Медицина ілімін екі сөзге түйдім. Тамақ жегенде, аз же! Жегеннен кейін төрт-бес сағат өтпей тамақтанба! Шипа оның қорытылуында, яғни қорыта алатын мөлшерде же. Жанға және асқазанға ең ауыр әрі қатты шаршататын нәрсе — тамақ үстіне тамақ жеу». Демек, төрт-бес сағат үзіліс бермей, ас үстіне ас ішу немесе ләззат алу үшін әртүрлі тамақтарды үсті-үстіне  жей беру ағзаға өте зиянды.

Тегіннен-тегін жұмақ жоқ, ол үшін еңбек ету керек. Тозақ та бекер  жаратылмаған, оған да  біреу түсуі керек. Екі дүние бақытына ие болу үшін рухани даму шарт. Дамудың заңдылығы — қарсы күш, кедергі болу да шарт. Сол кедергіні Жаратушы әдейі адамның ішіне орналастырып, Құранда оны — нәпсі деп атап көрсеткен. Нәпсі — жалқау, ақылсыз, ләззат құмар, тентек, дүниеге ғашық. Мәңгілік оған керек емес. Оның фытраты сол данышпан Абай айтқандай, рух — қой, ақыл — қойшы, нәпсі — қасқыр, әр пенденің ең қас дұшпаны ішінде. Нәпсі оразаға қарсы. Біздің міндетіміз оны тәрбиелеу, тәртіпке бағындыру.

Тәлім-тәрбиелік бір  мысалда патша  қарамағындағы қызметкерге он  екі мың теңге береді де, бір мың теңгесін кейін қайтару жөнінде шарт қояды. Ақылды қызметкер он бір мың  теңгені керегіне жаратып, бір мың теңгені келісім бойынша патшаға қайтарады.  Егер қайтармай оны да жұмсап қойса, құрметсіздік қылғаны үшін ауыр жазаға лайық болады.  Осы мысалдағыдай Жаратушы иеміз  әр пендесіне бір жылда он екі ай өмір берген де, бір айын ораза ұстап кейін қайтару жөнінде шарт қойған. Дұшпан  нәпсіге еріп бас көтерсек, біз де ауыр жазаға лайық боламыз. Екі дүние бақытына қол жеткізу үшін ораза ұстап, салауатты  өмірге бастайық, ағайын!

Қасиеті  Рамазан баршамызға мүбарак болсын!

Материалды дайындаған дәрігер-нарколог
Фазыл САРСЕНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button