Мәдениет

«Алтын дауыстың» жеңімпаздары


Жақында Қарғалы селосындағы №3 балалар музыка мектебінде Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына 100 жыл толу құрметіне орай «Алтын дауыс» балалар мен жасөспірімдердің қалалық байқауы өтті.

№3 балалар музыка мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қаракөз Сағынованың айтуынша, байқауды ұйымдастырудағы мақсат – қаладағы музыка және өнер мектептеріндегі, студияда білім алып жатқан балалар арасынан дарынды өнерпаздарды іріктеу, олардың шығармашылығын көтермелеу арқылы әрбір жеткіншектің өз ұлттық өнерін, дәстүрін сақтай білуге, құрметтеуге жол көрсету.

«Алтын дауыс» фестивалінің өз деңгейінде өтуіне «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы мен Қарғалы селосы әкімдігі ат салысыпты.

Байқау дәстүрлі және вокалдық-эстрадалық ән жанры бойынша жүрді.

Қазылар алқасының шешімімен дәстүрлі ән жанры бойынша №3 балалар музыка мектебінің дәстүрлі ән класының оқушысы Серік Макуов «Алтын дауыс» фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды. Бұл жеңімпаз «Нұр Отан» партиясының арнайы сыйлығымен марапатталды.

Серіктің бас жүлдеге ілігуінің реті бар. Өйткені оның ұстазы Бөрібай Кәртен – Ғарифолла Құрманғалиевтен тікелей дәріс алған адам. Қазір Б.Кәртен Ғарифолланың шығармашылығын зерттеумен айналысып жүр.

Ал вокалдық-эстрадалық жанр бойынша №1 балалар музыка мектебінің оқушысы Мирас Қадыржанов бас жүлдеге ие болып, Қарғалы селолық әкімдігінің арнайы сыйлығымен марапатталды. Ал №3 балалар музыка мектебінің оқушылары Дәулетжан Рысқали мен Гүлжайна Бимурза жүлделі үшінші орынға қол жеткізді.

Байқауға қатысқан өнерпаздар екінші, үшінші дәрежелі дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

Саябақтың салтанаты

Наурыз мерекесі қаламыздың барлық аудандарында кеңінен тойланды. Жер-жерде киіз үйлер тігіліп, қазан асылып, Наурыз көже таратылды. Мереке күні С. Пушкин атындағы саябаққа да жиналған жұртшылық көп болды.

Сол күні саябаққа Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжі мен «Максимус», «Айс» ЖШС-лары және «Ақтөбе халықаралық әуежайы» АҚ киіз үй тікті.

Жыл сайын Наурыз мерекесін колледж ұжымы ерекше тойлайды. Биыл да алты қанат киіз үй тігіліп, үй іші  түрлі жасаулармен безендірілді. Мәселен, төрге қасқырдың терісінен жасалған ішік пен домбыра ілінсе, бір шетте сандық, диірмен қойылып,  үйдің сәнін аша түсті. Дастарқан ұлттық тағамдарға толтырылып, Наурыз көже асылды. Өткен жылы тіккен  киіз үйіміз жүлдеге ие болды. Егер Наурыз мерекесінде әр мекеме осындай киіз үй тіксе, мереке ұлттық сипатқа ие болып әрі жастарға да өнеге болар еді.

Жалпы, жыл сайын колледж Наурызға ерекше дайындалады. Мереке қарсаңында оқу орнында мерекелік концерт ұйымдастырылып, колледжде сабақ берген ардагер ұстаздар шақырылады. Ал бүгін жастар жағы жұртшылыққа мерекелік  концерт ұсынуда,- деді Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжі директорының орынбасары  Мақсат Жиенқожаев.

Саябаққа жиналған жұртшылық алаңда колледж жастары қойған ән-шашу мен мерекелік көріністерді тамашалады. Барлық киіз үйлердің маңында ұлттық киім киген қыз-келіншектер көпшілікке Наурыз көже таратты. Сәске кезінде мереке қыза түсті. Ұлттық ойындар ойнатылып, жастар арқан тартты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button