Басты жаңалықтарЭкономика

Еңбек қатынастарын реттеуге ерекше көңіл бөлінеді

ҚР Премьер-Министр Асқар Мамин жұмыс сапары барысында ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысын және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің өңірлері экономикасын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуы жайын қарады.

Үкімет басшысы сонымен қатар, Хромтау қаласындағы «Восход» кен орнындағы жылына 1 млн тонна кен өндіретін тау-кен байыту кешеніне барды.

ҚР Премьер-Министріне 2019 жылдың басынан бері Ақтөбе облысындағы өнеркәсіп өнімі өндірісінің көлемі 1 трлн теңгеден асып, 4,9%-ға артқаны туралы баяндалды, соның ішінде хром кенін өндіру 5,7%-ға ұлғайды.

Үкімет басшысы Байғанин және Мұғалжар аудандарында газ өңдеу кәсіпорындарының жұмысымен танысты, атап айтқанда, «Газ процессинг компани» ЖШС, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Жаңажол газ өңдеу зауытына барды. Зауыттарда технологиялық жаңғырту барысына және заманауи цифрлық жобаларды енгізуге көңіл бөлінген.

Жаңажол ГӨЗ аумағында Асқар Мамин мемлекеттік органдардың, мұнай-газ секторындағы кәсіпорындардың және кәсіподақтардың басшыларының қатысуымен мұнай-газ саласын дамыту мәселелері жөнінде жұмыс кеңесін өткізді. Талқылау барысында саланы дамытудың өзекті мәселелері, еңбек қатынастарын реттеу, табыс деңгейін арттыру бойынша бастамаларды іске асыру, мамандарды даярлауда жаңа тәсілдерді енгізу арқылы кадрларда қазақстандық қамту үлесін арттыру мәселелері қаралды.

«Мұнай-газ саласы бүгінде 30 мыңнан аса жұмысшыны қамтумен өңірлік экономиканың 15%-ын қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан олардың еңбек құқықтарын қорғау, жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы қатынастарды реттеу—Үкіметтің маңызды басымдықтарының бірі», — деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы қазіргі заманғы жағдайларды ескере отырып, еңбек қатынастарын реттеудің қолданыстағы жүйесін түзетуді тапсырды. Асқар Мамин заңнамалық өзгерістерді әзірлеу және енгізу қажеттілігін айтты. Атап айтқанда, жұмысшылардың жалақы бойынша құқықтарының кемсітілуіне жол бермеу, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету.

ҚР Премьер-Министрі атап өткендей, мұнай-газ саласын дамыту үшін 2021-2025 жылдарға арналған аз зерттелген шөгінді бассейндерін геологиялық барлау жұмыстары бағдарламасы аясында жұмысты күшейту қажет. Кен орындарындағы экологиялық қауіпсіздікке, табиғатты қорғауға ерекше көңіл бөлу тапсырылды.

Жұмыс сапары аясында Асқар Мамин,сонымен қатар,ұзындығы 319 шақырым болатын «Ақтөбе – Атырау – РФ шекарасы (Астрахань)» республикалық автомобиль жолының салыну барысымен танысты.

Жұмыс сапарының соңында ҚР Премьер-Министрі өңірде ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобалардың іске асырылуы бойынша «Ақтөбе ет кластері» ЖШС етөңдеу комбинаты мен «Айс» ЖШС сүт-тауарлық фермасына барды.

Арман СЕРІКОВ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button