Әлеумет

1000 теңгеге — баспана!

1000 теңгеге баспана алуға бола ма? Әрине, мұндай ақшаға баспана алу — ертегі. Бірақ ертегіні ақиқатқа айналдыра алатын бір алапат күш бар: ол — халықтың бірлігі. «Ырыс алды — ынтымақ» екені рас болса, мың теңгеге баспана алуға әбден болады екен. Бүгінде құрылғанына екі жылдай ғана уақыт болған «Харекет» қайырымдылық қоры Қазақстан бойынша 125 мұқтаж отбасына «мың теңгеге» 125 баспана алып берді!   

«Харекет» қорының басшысы және негізін қалаушы Гүлмира Мұханқызы жақында Ақтөбе облысына келген болатын. Осы сапарында біраз пікірлестік.

— Қасиетті Құран Кәрімде де, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүннетінде де жетім-жесірге жақсылық жасау, оларға қамқор болу туралы көп айтылған. Қазақ халқы да осы өнегеден ешқашан ауытқымаған, «жетім көрсең, жебей жүр» деп, қорғансыз жандардың маңдайынан сипаған.  Исламда мұқтаж адамдарға қол ұшын беру — Алланың разылығына жеткізетін сауапты іс саналады. Құран Кәрімде жетім-жесірге жақсылық жасау туралы көп айтылған: «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Және әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге жақсылық қылыңдар…»–деп әмір етті» (Ниса 36) немесе «…(Мұхаммед с.ғ.с.) олар сенен жетімдердің жайынан сұрайды.  «Оларға жақсылық жасау қайырлы іс» де…» — деп хабар берді» деген секілді сөздер бар. Иә, мұның барлығы дұрыс қой, қасиетті кітаптағы осындай сөздерді барлығымыз әр жерде айтамыз, бірақ соны орындап жүрміз бе? Осы сұрақты өзіме бірнеше мәрте қойдым, сөйттім де, сөзден іске көшу керектігін түсіндім. Мұқтаж жандарға жақсылық жасау керектігін жақсы білеміз, бірақ жасап жүрміз бе? Айналамызда қамқорлыққа мұқтаж жандар қаншама? Қалай көмектесе аламыз оларға? Бір аптадай ойландым да, әлеуметтік желідегі өзімнің парақшама пост жаздым. Ондағы менің ойлап тапқан идеям — 1000 теңгеге мұқтаж отбасыларға үй алып беру, — дейді Гүлмира Мұханқызы.

Г.Мұханқызы 2017 жылдың тамыз айында фейсбук парақшасындағы өзінің бес мың досына осылай үндеу тастайды:

«Əрдайымсіздергежетім-жесірлержайлы, садақажайлыжазыпкелемін. Бірақсолжетімніңбасынсипадықпа? Жесірлерге қол ұшын бердік пе? Аш отырған көршіңізді тамақтандырдыңыз ба? Біз қандай жақсылық жасадық? Алла Тағала Құранда былай дейді: «Кімде-кім шаңның тозаңындай жақсылық істесе, соның сыйын алады»  дейді. Менің ойым —  əрайда бес мың адам 1000 теңгеден 5 миллион теңгежинасақ,бірмұқтажжанға бірүйалыпберсек. Мүмкін қайырымды жандар бұдан да көп болып, екі үй алып берерміз? Алолкісілердіңқуанғаннанкөзжасын көру не деген бақыт десеңізші!  Жақсылық жасап жарыссақ.Жылына 15-20адамдыбақыттықылыпжатсақ, бізденбақыттыжанболмас…», — деген жазбадан басталады бәрі де.

— Менің өзім айына біреуге жай ғана көмекке он мың теңге бере алмаймын, өзімнің отбасым, қала берді көмекке зәру туыстарым бар. Басқалары да мен секілді, бірден он мың теңгені суырып беру оңай емес, алайда мың теңгені сауап үшін қиюға болады. Мың теңге сенің тағдырыңа әсер етпеуі мүмкін, бірақ басқа біреудің тағдырына әсер етуі мүмкін. Постты осы мақсатта жаздым. Алғашқыда 500 адам осы жазбамды ұнатты. Бірақ ешкім мені қолдамады. Бір жарым ай бойы жүрген жерімде өз ойымды, идеямды айтып жүрдім. Ешкім қолдамады. Тіпті мені «Исламның атын жамылып, халықтан ақша жинап жүрген алаяқ» деп күстәналағандар да болды. Қатты қорландым. Ислам дініне кір құйғандай болдым, осы істі бекер бастадым ба деген де ойлар болды. Алайда, Алланың қалауы сол болғаны шығар, менің жетім-жесірге көмектесуге деген ниетім күшті болды, «егер оларға мен көмектеспесем, сен көмектеспесең, ол көмектеспесе — біз көмектеспесек, кім көмектеседі, кім қол ұшын созады?» деген сұрақтар тұрды алдымда. Мені алға жетелеген осы мақсат, — дейді ол.

Тамыз, қыркүйек, қазан — үш ай бойы тынымсыз жұмыстың нәтижесінде «Харекет» қайырымдылық қоры мұқтаж отбасына алғашқы баспананы алып берді! Жеті балалы отбасына Алматы қаласынан екі бөлмелі пәтер бұйырды.

—  Көпбалалы ана жетімдер үйінің түлегі екен. Қолдауға зәру отбасы. Осындай мұқтаж азаматтарға үйдің кілтін тапсырған кезде олардың көзіндегі қуаныштың көз жасын көріп, барлық шаршағанымды ұмытып кетемін, — дейді ол.
Гүлмира Мұқанқызы өз идеясын жүзеге асыру үшін ел арасында танымал адамдарды жағалауға тура келгенін айтады. Себебі ешкім танымайтын, қарапайым әйелге деген сенімсіздік бәрібір болатыны белгілі. Осындай оймен белгілі адамдарға, әсіресе, өнерде жүрген азаматтардың алдына жиі барғанын айтады.

— Қанша дегенмен, халықтың алдында жүрген кісілер, солардың сөзіне сенеді ғой деген ой болды. Мені қолдаған «Өнер қырандары» сатира театрының басшысы Мадияр Серікбаевқа алғысым шексіз. Мадияр мен «Харекет» қорының ерктілерінің қолдауының арқасында Алланың қалауымен екі жылдың ішінде 125 мұқтаж отбасына баспананың кілтін тапсырдық, — дейді Г.Мұханқызы.  

Қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінде «Харекет» қорының жүздеген, мыңдаған еріктілері бар. Олар ауыл-ауылды аралап, мұқтаж отбасыларды табады, олардың тұрмыс-тіршілігімен танысып, нағыз көмекке зәру отбасыларды анықтайды.

— 8-9 баласы бар, асыраушысы жоқ қанша аналар бар, мүгедек балаларды асырап отырған отбасылар қаншама, жағдайы өте төмен, құлайын деп тұрған, кішкентай ғана ат қора сияқты үйлерде тұрып жатқан отбасылар қаншама? Солардың барлығына көмектескің келеді. Сондай отбасыларға баспананың кілтін берген кезде кеудемді ерекше бір сезім билейді. Оны сөзбен айтып жеткізу мүлде мүмкін емес.  Осындай сәттер үшін ғана шаршамай жұмыс істе        й беруге болады, — дейді ол.

 

20 АЙДАҒЫ 125 БАСПАНА!

 

Құрбан айт мерекесі қарсаңында «Харекет» қоры Қазақстанның төрт облысында — Түркістан, Қарағанды, Алматы және Ақтөбе облысында төрт отбасына баспана кілттері тапсырылды.

Қандыағаш ауданының Сағашилі ауылында тұратын Айнагүл Әдепова Ақтөбеде өткен шараға бес баласымен келді. 21-11 жас аралығындағы шиеттей бес баласымен жесір қалған Айнагүлдің ешқашан өз баспанасы болмаған. Жолдасы тірі кезде он бес жылдай уақыттан бері түрлі шаруашылықтарда мал баққан. Өткен жылы сол Сағашилінің маңайындағы «Тағдыр» шаруа қожалығында мал бағып жүргенінде кенеттен күйеуі қайтыс болғанда қайда барарға білмеген Айнагүл шаруашылық басшысының өтінішімен малды бір жыл бойы жалғыз өзі бағып берген. Үлкен қызы Қандыағаштағы өндірістік колледжде білім алады, қалған төрт баласы мектепті Сағашилідегі интернатта жатып оқиды. Жалғыз өзіне мал бағу қиын болғандықтан, биыл он бес жылғы кәсібін тастап, Сағашиліге келіп, біреудің бос тұрған екі бөлмелі үйіне қоныстанғанын айтады.

— «Харекеттің» адамдары келіп, бізбен сөйлесіп, отырған үйімізді суретке түсіріп алды. Сосын көп ұзамай Ақтөбеге «Харекеттің» дәмханасы ашылады, соның ашылуына келіңіздер, жан-жақтан қонақтар келеді» деп шақырды. Келдік. Бұл шарада бізге Сағашилі ауылынан үлкен, төрт бөлмелі үйдің кілті берілді. Біз үш ұйықтасақ, мұндай үйді аламыз деп ойламап едік. Себебі үйдің кезегіне тұрайық деп, Қандыағашқа барғанымызда сол қалада тіркеуде болуларың керек деді, ал бізді кім тіркеуге тұрғыза қойсын? Ал ақша жинап, үй сатып алуға мүмкіндігіміз жоқ. Амал жоқ, ауылда пәтер жалдап тұрып жатыр едік. Бұл біз күтпеген үлкен қуаныш болды. Енді балаларым интернатта емес, үйде жатып оқитын болды, — дейді Айнагүл Әдепова. 21 жастағы Малика, 16 жастағы Гүлназира, 15 жастағы Айтгүл, 12 жастағы Әбіш пен 11 жастағы Әминаның көзіндегі қуаныштың жасын көріп, «харекеттіктер» түгел толқыды. 

— Бұл — «Харекет» қорының Ақтөбе облысында беріліп отырған 10-баспанасы. Біздің еріктілер облыстың барлық ауданын, ауылын аралап, осындай баспанаға мұқтаж адамдарды іздейді. Қазіргі кезде жергілікті әкімдіктермен, жастар орталықтарымен де тығыз жұмыс істеп жатырмыз,  — дейді «Харекет» қорының Ақтөбе облысы бойынша өкілі Нұрболат Елеусізов.

Бүгінге дейін «Харекеттің» қамқорлығының арқасында баспаналы болғандар қатарында бір баласы бар ІІ топтағы мүгедек Динара Мәжиеваның, төрт балалы жесір келіншек Жанат Сейітованың, екі баласы бірдей мүмкіндігі шектеулі, өзі де І топ мүгедегі Манас Құлмағамбетовтің, жеті баланы жалғыз өзі асырап отырған «Алтын алқа» иегері Тұрсынай Берданованың отбасылары, басқа да мұқтаж азаматтар бар.

 

«ХАРЕКЕТТІҢ» ДӘМХАНАСЫ

 

Құрбан айт мерекесі тұсында Ақтөбе қаласында аталған қордың дәмханасы ашылды. Дәмханаға түскен қаражаттың барлығы да мұқтаж отбасыларға баспана алып беру үшін жұмсалатын болады. Мұндай дәмхана Ақтөбеден бұрын Атырау қаласында ашылған.

— «Харекет»қорының бірнеше жобасы бар. Әзірге іске асырылып отырған екінші жоба — қордың Ақтөбедегі дәмханасының ашылуы. Бұл — бес қабатты үйлерге апаратын жол. Иа, Алла қаласа, болашақта мұқтаж отбасыларға бес қабатты тұрғын үйлер салу жоспарда бар. Елімізде баспанаға зәру жетім-жесірлер болмаса екен деймін. Сондай-ақ, нағыз мұқтаж отбасылардың мәліметтер базасын жасақтағымыз келеді, себебі қолдауға зәру отбасылардың ешқайсысын назарымыздан жоғалтып алғымыз келмейді, — дейді Гүлмира Мұханқызы. 

Елімізде, тіпті әлемде баламасы жоқ бұл ерекше идеяның бастаушысы Гүлмира Мұқанқызы болса, оның қостаушысы — еріктілер. «Харекеттің» дәмханасы ашылар кезде көрдік: жап-жас балалар ешкімнен ақы сұрамай, «сауап үшін!» деп таңды таңға ұрыптүнді түнге жалғап жұмыс істеп жүрді. Ал тағы бір қостаушы,  әлбетте, халық. Халықтың қолдауының арқасында «Харекет» жұмыс істеген 20 айдың ішінде мұқтаждарға 125 үйдің кілті тапсырылған! Мұның барлығы — бастаушы мен қостаушылардың еңбегінің жемісі.

— Жақында ашылған дәмханамызды көріп, кейбіреулер: «Халықтан жинаған ақшаға «Харекет» қоры дәмхана салып алыпты, енді оған ақша аудармаймыз», — дегендей пікірлер айтылып жатыр. Алайда бұл пікірдің қате екендігін айтқымыз келеді. Түскен пайданың барлығы мұқтаж отбасыларға баспана алып беру үшін жұмсалады, —  дейді қор еріктілері.

 

P.S. Пайғамбарымыз «Кемел мұсылман кім?» деген сауалға: «Кемел мұсылман – айнала-төңірегіне, қоғамға көмегі тиген пенде» деп жауап берген екен. Мұқтаж жандарға жасалған игілікті іс үшін мол сауап жазылатыны да шариғатта айтылған. «Харекеттіктер» Ақтөбе қаласындағы сауда орындарына, көпшілік жиналатын жерлерге «1000 теңгеге — баспана» ұраны жазылған жәшіктер орнатқан. Ал оған өз үлесіңізді қосу-қоспау — сіздің өз шешіміңіз, оқырман. Мың теңге сіздің қалтаңызды жұқартпасы анық, бірақ басқа біреудің тағдырына әсер етуі әбден мүмкін екендігін ұмытпаңыз…

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.   

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button