Жаңалықтар

Полиция департаментіне 200-ге жуық маман қажет

Жәрмеңке

Жұма күні ҚР Тұңғыш Президенті атындағы орталық саябақта Конституция күніне орай кезекті қалалық бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкеде білім, денсаулық сақтау, құрылыс, мұнай саласы мен қызмет көрсету салалары бойынша 55 мекеме 428 жұмыс орнын ұсынды.

Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлшат Қаңтарбаеваның айтуынша, жыл басынан бері 11 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 650-ге жуық адам жұмысқа орналастырылған.

— Бүгінгі өтіп жатқан жәрмеңке жыл сайын дәстүрлі түрде Конституция күні қарсаңында ұйымдастырылып тұрады. Бұл жолы сәл ертерек өткізіп жатқандығымыздың өзіндік себебі бар. Өйткені, бұл жолғы жәрмеңкеге білім саласы бойынша бос жұмыс орнын ұсынған мекемелер көп болды. Барлығы жұмыс орнын ұсынып отырған 55 мекеме болса, олардың 14-і — мектептер. Білім ошақтарына бастауыш сынып мұғалімі, орыс тілі мен ағылшын тілі және математика пәнінің мұғалімдері қажет, — дейді Гүлшат Қаңтарбаева.

Ал жәрмеңкеге бос жұмыс орындарын ұсынған облыстық полиция департаменті 200-ге жуық маманға мұқтаж.  Департаменттің кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары Алтыншаш Жасанованың айтуынша, департаментке жол патрульдік полициясы қызметінің инспекторлары, жылдам қимылдайтын жасақ инспекторлары, тергеушілер мен анықтаушылар, учаскелік полиция қызметкерлері секілді мамандар ауадай қажет. Жұмысқа 18 бен 35 жасқа дейінгі жоғары білімді, арнайы талаптарға сай келетін мамандар қабылданады.

— Ең алдымен маман тестілеуден өтіп, қолына сертификат алуы тиіс. Содан соң біздің департаментте физикалық тұрғыда дайындықтан өтіп, нормативтер тапсырады. Бастысы — денсаулығында ешқандай кінәрат болмауы шарт. Ал ай сайынғы жалақысы жөнінде ешқандай мәселе жоқ. Өйткені, осы жылдың маусым айынан бастап жол патрульдік полиция инспекторларының айлығы — 65 пайызға, тергеушілер мен жедел уәкіл қызметкерлерінің айлығы —  55 пайызға, ал учаскелік полиция қызметкерлерінің ай сайынғы жалақысы  — 25 пайызға өсті. Бүгінгі таңда полиция қызметкерлері шамамен айына 150-250 мың теңге көлемінде айлық алады. Сонымен қатар мамандардың ай сайынғы пәтерақыларын төлеп тұру да қарастырылған,  — дейді Алтыншаш Жасанова.

Жұмада өткен жәрмеңке барысында қолданбалы-сәндік қолөнер көрмесі ұйымдастырылып,мүмкіндігі шектеулі азаматтар өз қолынан шыққан бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер үшін электронды еңбек биржасы порталы жұмыс жасайды. Ол үшін әрбір мекемеде электронды цифрлы қолтаңба болуы тиіс. Және бос жұмыс орындарын жариялап, азаматтарды жұмысқа орналастыру шараларын орындап отыруы керек. Бүгінгі таңда порталда Ақтөбе қаласы бойынша 1243 бос жұмыс орындары мен 1839 адамның түйіндемелері орналастырылған.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button