Жаңалықтар

Мемлекеттік органдар қызметінің сапасын арттыруы қажет

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен аппарат отырысында бірнеше маңызды мәселе талқыланды. Өңірдегі барлық мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау бойынша облыс әкімі аппараты басшысы Нұржауған Қалауов баяндама жасады.

ҚР Президенті Әкімшілігі жыл сайын барлық мемлекеттік органдардың қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізеді. Аталған бағалаудың «Персоналды басқару» бағыты бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бағалайды. 2018 жылғы бағалаудың қорытындысы бойынша көрсеткіш 87,14 балл болған. Аппарат басшысы аталған бағалаудың межесін биыл 90 балдан асыру қажеттігін жеткізді. Ол кадр құрамының тұрақтылығы, яғни, бір мемлекеттік мекемеде 3 жылдан аса үздіксіз жұмыс жасаған мемлекеттік қызметшілердің санымен айқындалады. Мәселен, биыл 2 рет алғаш қабылданған жылы мемлекеттік қызметтен кету жағдайы орын алды. Бұл жаңадан қабылданған мемлекеттік қызметшілерге тәлімгерлікті бекіту және бейімдеу жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмей жатқандығын көрсетуде. Гендерлік құрам бойынша басшы лауазымдардағы әйелдер үлесін арттыру қажет. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерді оқыту, еңбек нормаларының сақталуы сынды талаптар бұлжытпай орындалған жағдайда жоғарыда көрсетілген межеге жетуге мүмкіндік бар.

Сонымен қатар аппарат басшысы мемлекеттік органдардың жеке және заңды тұлғалармен байланысына тоқталды. Облыс әкімінің аппаратына 2019 жылдың 7 айында 2 521 өтініш келген. Түскен өтініштер сапасыз қаралғандықтан 68-сы қайталанған. Мерзімдерді бұза отырып қаралатын өтініштердің саны да артқан. 7 ай ішінде олардың саны 46-ға жеткен. Мәселен, Ақтөбе қаласының білім бөлімі, Ақтөбе қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі, еңбек инспекциясы басқармасы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, тілдерді дамыту басқармасы, Алтықарасу, Қаратал ауылдық округтері әкімдерінің аппараты өтініштерді кешігіп қараған. Келіп түскен әрбір арыз, өтініштерге сапалы қарап, көтерілген проблемаларды мүмкіндігінше шешу, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінің қайталануына жол берілмеуі керек.

Бұдан соң, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева 2018 жылға «Мақсаттарға қол жеткізу» блогы бойынша тиімділікті бағалау қорытындысы туралы айтып өтті. 2018 жылы мақсаттарға қол жеткізуді бағалау нәтижелері бойынша әкімдіктің қызметі 82,87 балға бағаланған. Бұл республика бойынша 5-орын. Ал, аумақты дамыту бағдарламасы бойынша 2018 жылы 85%-ға қол жеткізілген. Аумақты дамыту бағдарламасы мақсаттарына қол жеткізу критерийі 49 балды құрап, барлық 17 өңір арасында облыс бірінші орынға тұрақтады.

Облыс әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов қаражаттардың игерілуі туралы баяндады. 8 айдың қорытындысы бойынша 21,5 млрдтеңге қаражат игеру қажет. Қаражатты игере алмай отырғандардың ішінде Ақтөбе қаласы көш бастап тұр. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, құрылыс, сәулет және қала құрылысы, индустриалды-инновациялық басқармалары мен Қобда, Алға, Хромтау, Мұғалжар, Қарғалы аудандарының бөлінген қаржыны тиімді пайдалана алмау қауіпі бар.

Оңдасын Оразалин жиында көтерілген мәселелер бойынша жұмысты күшейтуді тапсырып, бюджеттің игерілу мәселесі жеке бақылауында болатындығын жеткізді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button