Әлеумет

«Жүрген аяққа жөргем ілінер»…

Қоғамдық қабылдау

Сейсенбіде «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығында кезекті қоғамдық қабылдау өтті. Мұнда әдеттегідей қалалық мемлекеттік мекемелердің басшылары, банктердің өкілдері тұрғындарды қабылдап, туындаған мәселелерді жедел шешуге, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетуге тырысты.

Бұл күні де қоғамдық қабылдауға келушілер қатары көп болды. 25 жылдан бері Махамбет ауылында тұратын Қарлығаш Карманова бізге бір ауылдың мұңын айтты.

  • Қаланың шетіндегі Махамбет ауылының су тасығанда қауіпті аймақ екенін бәрі біледі. Зауыттарға жақын орналасқандықтан экологиялық аймақ деп те айтуға болатын шығар. Осының бәрін ескерген жергілікті билік үш жыл ішінде біздің осы ауылдың тұрғындарын басқа жерге көшіруге күш салып жатыр. Әрине, дұрыс. Біз жаңа орынға көшуден қашпаймыз. Бірақ, біздің жағдайымызға кім бас ауыртып жатыр дейсіз? Жер береміз дейді. Бірақ, үйді сол жерге өз күштеріңізбен салып аласыздар деп жатыр. Тіпті, кейбір тұрғындарға қолхат жаздыртып алып жатыр екен. Ал мен қол қоймаймын, себебі, жалғызбасты анамын. Үш баламның екеуі өсіп кетті. Кенже қызым мектеп бітіріп жатыр. Оны оқытуға да қаржы керек. Қаражат жетіспейді, үйді қалай саламын? Менің өтінішім, үйді жеңілдетілген 2 пайызбен қарызға неге бермейді, онда бірдеңе етіп, төлейтін ақшаны табар ма едік. Үй салу мен үшін қиын. Мен сияқтылар бар шығар, — дейді Қарлығаш Карманова.

Ал көп балалы ананың бірі — Гүлдәурен Жұмабаева газ өткізу мәселесін қозғай келіпті.

  • «Энергетик-1» саяжайы жағында тұрамын. Көршілерімнің біразы газ өткізіп алды. Газдың құбыры үйімнен метр жарымдай қашықтықта өтіп жатыр. Соны өткізуге рұқсат алу үшін 450 мың теңге керек. Газды жүргізуге қажетті құралдарды қоса есептегенде миллион теңгедей қаражат қажет. Қазіргі таңда 6 бала үшін 132 мың теңге аламын. Жолдасым мектепте музыка маманы болып жұмыс істейді. Газ жүргізуге рұқсат сұрай келдім, ал біздің жағдайымызды ескеріп, газды аз ақшаға жүргізіп берсе, тіпті жақсы болар еді, — дейді Г.Жұмабаева.

Жаз маусымының соңғы айы болған соң, жаңа оқу жылына дайындық басталып та кетті. Қоғамдық қабылдауға келгендердің көпшілігі Ақтөбе қаласы білім бөлімінің басшысы Саян Сүлейменовке жолығып жатқанын көрдік. Бұл жерге келгендердің көпшілігі «Мектепке жол» акциясына қалай қатысуға болатынын сұрап жатты. Тағы бірсыпырасы баласын 1-сыныпқа немесе балабақшаға орналастыру мәселесі бойынша жүрсе, кейбірі жұмыс сұрай келіпті.

  • Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында 83 мектеп бар. Жаңа оқу жылында 4 жаңа мектеп іске қосылады. Атап айтсақ, Құрашасай жақтағы Қанағат шағын ауданында, «Нұр ситидің» 4-шағын ауданында 900 орындық, Украинка елді мекенінде 300 орындық, Бекқұл баба ауылында да жаңа мектеп ашылатын болады. Біздің есебіміз бойынша 1 қыркүйекте 11 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын бірінші рет аттағалы тұр, — дейді Саян Сүлейменов.

Қоғамдық қабылдауға тұрғындар бір мәселе туындағанда көмек не кеңес сұрай келетіні мәлім. Дегенмен, бір-екі әйел ғана емес, сол жерде тұрғандардың дені шаруаларын шеше алмағандықтан, бәрінен әбден көңілдері қалғанын ашық айтып отыр. Алайда осы жерге келгендеріне қарағанда әлі де үмітті екендіктерін көруге болады. «Жүрген аяққа жөргем ілінетіні» рас болса…мәселелер шешімін тауып қалар.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button