Әлеумет

120 балаға көмек

Мектепке жол

Ақтөбе қалалық Оқушылар сарайында республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті. Шараға Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасова, облыстық мәслихаттың депутаттары Дмитрий Довматенко, Марат Итеғұлов, қалалық мәслихаттың депутаты Талғат Хамитов, сондай-ақ Ақтөбе қаласының кәсіпкерлері қатысты.

Республикалық шара аясында көпбалалы және материалдық тұрғыдан аз қамтылған отбасылардан жаңа оқу жылында мектепке баратын 120 балаға 2,3 миллион теңге көлемінде мектеп формаларын, спорт киімдерін, рюкзак, сонымен қатар оқу құралдарын табыстады.

Қайырымдылық іс-шарасында сөз алған облыстық және қалалық мәслихаттар депутаттары оқушыларға жаңа оқу жылында ақ жол тілеп, жылы лебіздерін білдірді.

— Біздің Тұтынушылар құқығын қорғау ассоциациясына  жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Мектепке жол» акциясына қолдау көрсететін компаниялар тобы кіреді. Әлеуметтік көмек көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларын оқуға қажет құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге бағытталған. Бірнеше жылдан бері осы акцияға қолдау көрсетіп әрі өткізіп келеміз. Бізде балалардан бөлек осы санатқа жатқызылатын жұмысшылар да бар. Осы әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың тобын бізге әкімшілік рәсімделген құжаттар бойынша бөліп береді. Тізім бойынша әлеуметтік көмекке қол жеткізгісі келетін отбасыларға барынша қол ұшын береміз. Қаладағы демеушілердің кейбірі қайырымдылық науқанын өткізіп те үлгерді. Өткен жылы біз 100 балаға әлеуметтік көмек көрсетсек, биыл бұл көрсеткіш 120 балаға дейін жетіп отыр. Алдыңғы жылы біз акцияны ұйымдастыру барысында отбасыларға ақшалай сертификаттар табыс еткенбіз. Бұл жолы ата-аналармен бірге жүріп балалардың өздері алғанын жөн санадық, — деді облыстық мәслихат депутаты Марат Итеғұлов.

Акцияға қолдау көрсетушілер қатарында Қазақстанға танымал «Айс» ЖШС, «Жандос ИК» фирмасы, «Ақмаржан» ЖШС, «Есік» ЖШС, сонымен қатар қалалық жеке кәсіпкерлер мен қайырымдылық қорлары бар.

— Облыстық, қалалық мәслихаттың депутаттарына, Nur Otan партиясының мүшелеріне 120 баланы оқу құралдарымен, мектеп формаларымен қамтамасыз еткені үшін алғыс айтқымыз келеді. Балаларымыз мектепте жақсы оқып, елдің азаматы болсын. Қайырымдылық шарасынан үміт күткен отбасылардың тілектері орындалды бүгін. Әрине, бұл акцияға өтініш білдіргендердің барлығын бірдей қамту мүмкін болмады. Мәслихат депутаттарының қолдауымен бұл жылы 400-ге жуық баланы оқу құралдарымен қамтамасыз еттік. Алдағы уақытта облыс және қала білім органдары әлеуметтік көмекке зәру отбасыларды арнайы база құру арқылы анықтаса екен деймін. Қаланың, облыстың жеке кәсіпкерлеріне акцияға жасаған демеушіліктері үшін үлкен рақмет айтамын. Жұмыстары жемісті бола беруіне тілектеспін,— деді көпшілік алдында сөз алған Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасова.

Қайырымдылық акциясының марапаттау рәсімінен кейін кеш көңілді ойын-сауық концертіне ұласты.

Бекет АЙСҰЛТАН,

Ақтөбе қаласы. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button