Білім

Мектептерде енді кәсіпкерлік негіздері оқытылады

«Өрлеу» педогог мамандардың біліктілігін арттыру  институтында «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» элективті пәнінен сабақ беретін оқытушыларға арналған курс салтанатты түрде ашылды. Оған облыстық білім басқармасы мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшылары, өкілдері қатысты.

Жаңа оқу жылынан бастап 10-сынып оқушыларына «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» элективті пәні енгізілмек. Сондай-ақ, мемлекеттік  колледждер мен жоғары оқу орнының жоғары курс студенттері де кәсіпкерлік негіздерін үйренеді.  «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен және ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылатын жобаның мақсаты — жастарды іскерлікке баулу.

Осы мақсатта Ақтөбеде кәсіпкерлер палатасы бизнестің негіздерін оқытатын 200-ге жуық мұғалімді даярлауға кірісті. Арнайы қысқа мерзімді курстарға «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнін оқытуды жоспарлаған мектептер, колледждер мен университеттің  мұғалімдері  мен  оқытушылары қатысады. Оқу екі кезеңде —

19-29 тамыз бен 2-13 қыркүйек аралығында өткізіледі. Мұғалімдермен жұмыс жасауға белсенді кәсіпкерлер, бизнес-жаттықтырушылар, тәлімгерлер шақырылып отыр. Оқушылар мен оқытушылар  тек офлайн курстарда оқып қана қоймайды, сонымен бірге atameken.com онлайн платформасында қосымша білім ала алады.

— «Кәсіпкерлік негіздері» —  жай ғана пән емес, Қазақстандағы кәсіпкерлік сауаттылық деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін жүйе. Пән аптасына 2 рет, жылына барлығы 68 сабақ оқытылады. Оның 30% пайызы — теория, қалғаны практика. Бағдарлама теориялық зерттеулерден, ойын түріндегі практикалық сабақтардан, бизнес жағдайларды талдаудан және бизнес ойындардан тұрады. Мұғалімдер үшін семинарлар ұйымдастырылады. Бизнес-тренерлер мұғалімдерді «Кәсіпкерлік негіздері» курсымен толық таныстырады. Қазір жас ұрпаққа кәсіпкерлік және қаржылық менеджмент туралы білім қажет. Басқа ешқандай пән оқушылар мен студенттердің кәсіпкерліктің негіздері туралы ойын қалыптастыра алмайды. Былтыр жаңа пән пилоттық режимде еліміздің он жеті мектебінде оқытылған болатын.Ақтөбеде апробация №20 мектеп-лицейде өтті, — дейдікәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова.

Бұл жоба «Бастау» практикалық тәжірибесіне негізделген және «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың  2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағарламасы аясында жүзеге асырылады. Жаңа пән аясында мектеп оқушылары мен студенттер  заманауи стартап мәдениетін, компаниялардың ұйымдық құрылымын, қаржылық есеп-қисап, баға нарығы, бәсекелестік түрлері, SWOT-талдау, маркетингтік коммуникацияларды үйренеді.

Ақтөбеде мектеп мұғалімдерін оқыту «Өрлеу» педогог мамандардың біліктілігін арттыру институтының филиалында, колледж оқытушыларын оқыту автожол колледжінің базасында және жоғары оқу орнының оқытушыларына сабақ  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде өтеді.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button