Басты жаңалықтар

Ақтөбеде Бопай ханымның атымен балабақша ашылады

Облыстың құрылыс саласында өлшеусіз үлес қосып келе жатқан «Әлиханойл — З» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және Қожаевтар әулетітұрғызған «Бопай» атты 200 орынға арналған балабақша жақын күндері ақтөбеліктерге тарту етілмек.

Мәртөк ауданының құрметті азаматы, белгілі кәсіпкер Зұлқожа Қожаев басқаратын «Әлиханойл — З» ЖШС он бес жылдан бері аймақта мектеп, балабақша құрылысын салумен айналысады. Қазақ хандығының 550 жылдығында Ақтөбенің Әйтеке би ауданындағы Толыбай елді мекенінен 90 шақырым қашықтықтағы «Хан моласы» қорымында жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ әскерлерінің бас қолбасшысы болған Әбілқайырханға мемориалдық кешен тұрғызылған болатын. Осы кешеннің құрылысын аталған серіктестік басшысы өз жауапкершілігіне алған еді.

Әбілқайыр ханға арналған мемориалдық кешен — серіктестік жүргізген құрылыстардың ішіндегі ең күрделі әрі үлкен нысан. «Хан моласы» қорымы Ақтөбеден 600 шақырым қашықтықта орналасқан. Мемориалдық кешен жергілікті биліктің тапсырысы негізінде тұрғызылды. Осындай тарихи нысанды салу, істі соңына дейін аса жауапкершілікпен орындап, абыроймен аяқтау біз үшін үлкен мақтаныш әрі зор беделдеп білемін. Тарихтан хан Әбілқайырдың саяси қадамдарына қолдау көрсеткен өмірлік серігі Бопай ханым туралы білеміз. Осы құрылысты жүргізу барысында Бопай ханымның өмірбаяны, ол туралы жазылған тарихи мәліметтерге шолу жасадым. Кейін  «Хан моласына» зиярат етуге келген Құлсары қаласындағы Ислам қажының бастамасымен Бопай ханымның өмір жолымен терең танысып, зерделеуге тырыстым, —дейді З.Қожаев.

Осыдан үш жыл бұрын Құлсарыда Бопай ханымға арналған үлкен ғылыми конференция өткізілді. Ал былтыр  Ақтау қаласындағы Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде ұлы ана Бопай ханымның 325 жылдығына арналған «Әбілқайыр хан мен Бопай ханымның өмір жолы және ұлт тарихындағы орны» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылған болатын. Аталған шараларда Зұлқожа Қожаевтың тарихи тұлғаның басын қарайтудағы еңбегі ерекше бағаланып, зор құрметке бөленді. «Осындай ғылыми конференцияларда сөйлеген сөзімде көпшіліктің алдында Бопай ханымның құрметіне туған жерде балабақша ашу туралы ойыммен бөліскен едім. Сол ойды биыл іске асырдық», — дейді кәсіпкер.

Келер аптада Ақтөбе қаласының Батыс-2 шағын ауданында 200 балаға арналған «Бопай» атты балабақша Конституция күні құрметіне ашылады. Мұнда 7 топ жұмыс жасайтын болады. Қазіргі күні бір топ жасақталып үлгерген.

Балабақшаны заман талабына сай жабдықтадық, Мұнда балалардың ой-өрісін дамытуға арналған барлық құрал-жабдықтар орнатылды. Бір топта 25-30 балаға дейін қабылданады.Болашақта «Бопай» балабақшасы мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс жасайды, — деген Зұлқожа Қожаев мұнда балаларға тарихи тұлғалардың кім екенін, олардың өмірі мен ерлік жолына қатысты түсіндіру жұмыстарының да  жүргізілетінін айтты.

Бопай ханымның жерленген жері — Ресейдің Орынбор облысы Дмитровка селосы. Өкінішке қарай, бұл жерде қазір әскери айлақ бар.Кезінде Бопай ханымның басын қарайту жұмыстарын жүргізген кезде бейітінен алынған бір уыс топырақты туған жерге әкелген едік. Келер аптада Ақтөбеде ұлт тарихындағы Бопай ханымның тұлғасын насихаттау мақсатында іс-шаралар ұйымдастырылмақ. 25 тамыздан бастау алатын шараларғасырттан біраз қонақ келеді. Олардың қатарында ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев,  белгілі қаламгерлер Есенғали Раушанов, Светқали Нұржан, профессор Киікбай Жаулин және басқалары болады деп күтілуде. Сондай-ақ шара барысында Бекқұл баба кесенесінен бастап Ақтөбедегі 23 әулиенің басына зиярат ету мақсатында үш күндік экспедициясы ұйымдастырылмақ. Игілік Сағиев, Бекежан Ахан сияқты ағаларымыздың мұрындық болуымен құрылған іс-шаралар жоспары барысында  экспедиция құрамындағылар Алға, Мұғалжар, Ойыл, Байғанин, Қобда сияқты өңірлерде болып, барлығы 1600 шақырымдық жерді жүріп өтеді деп жоспарлануда, — дейді Зұлқожа Қожаев.

Кәсіпкердің айтуынша, мұндай шараларды ұйымдастырудың тәрбиелік маңызы зор, жастарға берері мол.  Бұл күндері өскелең ұрпақ театр артистері Әбілқайыр хан мен Бопай ханымның бейнесін сомдайтын театрландырылған көріністі де тамашалайды.

Ағайынды Қожаевтар әулеті болып тұрғызған жобаның жалпы құны — 580 миллион теңге. Құрылысқа елудің үстінде адам тартылды.Балабақшаның кіреберісіне Әбілқайыр хан мен оның зайыбы Бопай ханымның суреті ілінді. Бұл — күн сайын балабақшаға келген балапан осы тарихи тұлғалардың бейнесін көріп, кейін олар туралы біліп, қажетті мәліметті зердесіне тоқысын деген мақсатта жасалған шара.  Болашақта 40-қа жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтитын боламыз. Бүгінгі күні балабақшаға мамандарды тарту, оларды даярлау мақсатында Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университетімен тығыз байланыс орнады. Сондай-ақ алдағы уақытта аталған оқу орнында үздік оқитын студенттерге Бопай ханым атындағы шәкіртақы тағайындау үшін де келіссөздер жүргізіліп жатыр, — дейді кәсіпкер.

Іс-шаралар барысында С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті базасында тақырыпқа байланысты дөңгелек үстел ұйымдастырылмақ. Шара соңында оқу орнының ауласына тігілетін киіз үйлерде 500 адамға Бопай ханымның рухына арнап ас беріледі.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button