АуылБасты жаңалықтар

Будённыйға жылқы берген Бұлақты

Кеңес Одағының Батыры, маршал Семён Михайлович Будённыйдың атты әскерін жылқымен қамтамасыз еткен ауылдың құрылғанына тоқсан жыл толды. Бұл — Мұғалжар ауданындағы Бұлақты елдімекені. Киелі мекеннің  тарихи орталығы — Шилі қыстағы. Осы жерде №52 жылқы зауыты құрылып, әскерге ат бапталған. 

ӘСКЕРГЕ ЖЫЛҚЫЛАР ЖАТТЫҚТЫРЫЛДЫ

Осы ауылдың түлегі, тарихшы, бүгінде Мұғалжар аудандық тарихи-өлкетану мұражайын басқарып отырған Шәмшәт Әбдірзақов туған жердің тарихы жайында  былайша сыр шертті:

Бұрынғы атауы Родник, қазір Бұлақты ауылының алғашқы қазығы 1929 жылы Шилі қыстауында қағылған. Сол жерде №52 жылқы зауыты құрылды. Құрамына Былқылдақ, Қамыстыкөл, Борлы және Родник бөлімшелері кірді. 1931 жылы орталығы Родник елдімекеніне көшіріліп, осы жылқы зауытының алғашқы директоры болып Карп Федорович Полтинников тағайындалды. Оның жылқы зауытын басқаруының да өзіндік себебі бар. Карп Федорович маршал Будённыйдың бірінші атты әскерінің сарбазы болған. Ат баптау тәсілін шебер білгендіктен, оған зауытты басқарудың жауапкершілігі сеніп тапсырылған. Осы жерде әскерге ат дайындалған. Қазіргі Бұлақты ауылы №52 жылқы зауытының негізінде құрылды, — дейді ол.

Музей директорының айтуынша, жылқы зауытын құруда Шилі қыстағы бекерден-бекер таңдалмаған. Себебі ол жердің шөбі шүйгін, суы мол. Оның үстіне, әскерге ат дайындауда сулы, нулы жер қажет болды. «Сол себепті Жем бойындағы Шилі қыстағы жылқы зауытын құруға лайықты аймақ ретінде таңдалған. Тарихтан білетініміздей, кезінде ата-бабаларымыз осы жерде әскерге ат жаттықтырған. Яғни ат бапкері болып жұмыс жасаған. Олар жылқыны құнан кезінен әскери тактикаларға үйреткен. Яғни ат үстінде отырып мылтық ату, шауып келе жатып қаруды пайдалану секілді жаттығуларға аттың өзін бейімдеген. Сол кездегі КСРО Қорғаныс министрі болған Семён Михайлович тікелей осы ұжымшарға кураторлық еткен. Ол әскерді бақылап, ауылға комиссия жіберіп, жылқыларды қабылдап алатын болған. Осылайша шағын ұжымшар мен Мәскеу арасында тікелей байланыс орнаған. Соның себебінен болу керек, Бұлақты ауылындағы алғашқы салынған мектептің аты да елуінші жылдарға дейін Будённый есімімен аталды. Кейін мектептерді тірі адамның атымен атауға тыйым салынып, ауылдағы білім шаңырағына Михаил Ломоносов аты берілді», — дейді Ш.Әбдірзақов.

Тарихи мәліметтерге сүйенсек, жылқы зауытының 300 мың гектар жері болған. Ертеректе Темірде Құдайберген, Мұғалжарда Шоша деген байлардың малы кәмпескіленіп, олардан алынған жылқы осы шаруашылықта жинақталыпты.

Үшінші басшының ұрпақтары

1955 жылы жылқы зауыты «Ембі» қой совхозы болып қайта құрылды. Бұл кездері ұжымшар «Құрмет белгісі» орденді шаруашылық болатын. Бір қызығы, сол кездері облыста осындай марапат алған бірде-бір совхоз болмаған.

Кезінде ауылдың өркендеуіне, кейін елдің дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар тұлғалар осы жердің топырағынан түлеп ұшты. Атақты жылқышы Төлеу Алдабергенов аталмыш жылқы зауытында еңбек етіп, кейін Жоғары Кеңестің депутаты атанды.

Александр Лошаков, Александр Беляев, Төлеухат Иманалин, Жанболат Жансейітов, Ерхан Игісінов, Жігер Төлепов сияқты басшылардың тұсында да шаруашылық қарқын алып, ұжымшардың атағы аспандап тұрды. Ленин орденін иеленген механизатор Марат Досқұловтың, атақты шопандар Жанділдә  Ұбайдуллин, Тілеулес Сартаев пен Аяған Саттаровтың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан сүбелі үлесі, сондай-ақ үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталған Амандық Қайыровтардың еңбегі әлі күнге дейін ел есінде. Бір кездері Родникте білім беру саласында қалтқысыз қызмет етіп, шәкірт тәрбиелеуде өлшеусіз үлес қосқан Талмырза Шолтаев, Берекет Қонақбаев, Ордабай Ержанов сияқты ұлағатты ұстаздардан тәлім-тәрбие алған ұрпақ олардың есімін әлі күнге ұмытқан емес.

Бұлақтының тоқсан жылдық торқалы тойына үшінші басшы А.Беляевтің ұрпақтары да келді, көпшілікке әке туралы естеліктерімен бөлісті. Олар аудандық мұражайға тарихтан сыр шертетін суреттерді табыстады.

Төлеубұлақ петроглифтері немесе тас дәуіріндегі қолтаңбалар

Ауылдың аты айтып тұрғандай, айналасы бұлаққа толы мекеннің маңында ежелгі тарихи ескерткіштер табылған. Бүгінде Мұғалжар ауданы бойынша географиялық жағынан 5 киелі орын анықталса, соның екеуі Бұлақты маңында орналасқан. Олар —Төлеубұлақ петроглифтері мен Қарағұл кесенесі. Оның алғашқысы Төлеубұлақ қыстағының солтүстігінен 1,5 шақырым қашықтықтан табылған. Ш.Әбдірзақовтың айтуынша, Төлеубұлақ үңгіріндегі петроглифтер 2000 жылы Қазақстан-Ресей бірлескен халықаралық экспедициясы барысында Мұғалжар ауданы аумағындағы тас дәуірінің қоныстарын зерттеу кезінде анықталып, ғылыми айналымға енгізілген.

— Ондағы петроглифтер — ежелгі тас дәуірінің таңбасы. Осы жерді көруге жан-жақтан туристер келеді. Бірақ әлі дұрыс зерттелмей жатыр. Алайда петроглифтердің ежелгі тас дәуіріне тиесілі екені зерттеліп, белгіленді. Қазақстан бойынша осындай көне екі тарихи ескерткіш бар. Оның бірі — Маңғыстауда, ал екіншісі — осы Төлеубұлақтағы петроглифтер. Бүгінгі күні бұл ескерткіштер мемлекеттің қорғауына алынды. Қазір Алға ауданының Бестамақ ауылында жасы 95-тен асқан Сыдық деген ақсақал тұрады. Бір қызығы, сол қария отызыншы жылдары ұстаздарының  тарихи жерге апарғанын есіне алып отыр. Ол кезде Төлеубұлақта мектеп болатын. Сол кездерде бұл ескерткіштер белгілі болғанмен, бірақ зерттелмеген, — дейді Ш.Әбдірзақов.

Бұлақты маңындағы тарихи ескерткішті аталған халықаралық экспедицияның жетекшісі, Ресей Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, археолог А.Деревянко, профессорлар В.Петрин мен Ж.Таймағамбетов терзерттеген. Зерттеулер бойынша, Төлеубұлақ үңгірінде тас дәуірінің адамдары мекендегені белгілі болыпты. Үңгірдің еденіне тереңдігі—5 см, диаметрі— 15-35 см көлемінде суреттер ойылып салынған. Бұл жердегі шағын үңгірлердегі петроглифтерден тұяққа немесе саңырауқұлаққа ұқсас пішіндер, антропоморофтар, сонымен қатар терең ойып жасалған сызықтар кездеседі. Жоғарыда аталған символдардан ең алғашқылары мезолит, тіпті палеолит кезеңінде пайда болған деген пікір бар. Зерттеу нәтижесінде кешен Қазақстандағы тас дәуірінен қалған ең көне  археологиялық ескерткіш саналады. Бірқатар зерттеушілердің пікірінше, бұл символдар жер бетінде жүздеген мың жыл бұрын пайда болған ең көне петроглифтер болуы мүмкін.

КИІЗ ҮЙ ҮЛГІСІНДЕГІ КЕСЕНЕ

Мұғалжар ауданының Егіндібұлақ ауылдық округіндегі  Қарағұлтамы да — тарихтан сыр шертетін, ашық аспан астындағы көне жәдігерлердің бірі. Ескерткіш кезінде Родниктің бір фермасы саналған Борлы ауылынан 12 шақырым жерде орналасқан. Құрылысы ерекше пішінде тұрғызылған мавзолейдің сырты күйдірілген, іші шикі кірпішпен қаланып, шебер өрілген. Мәліметтерге сүйенсек, кесене құрылысына қатысушы сәулетші мен құрылысшылар киіз үй үлгісін негізге алған. Жоғары бөлігі 17 қырлы және шар тәрізді сүйірленген күмбезге ұласады. Мазардың биіктігі— 6,70 метр, салынған кезі— XIX ғасыр. Кесене Арал-Каспий, Үстірт, Жем бойындағы құрылыстар салу дәстүріне сай тұрғызылып, өз ерекшеліктерін сақтай білген. Қарағұл кесенесі 2008-2010 жылдар аралығында қайта қалпына келтірілген.

Сондай-ақаудандағы киелі жерлердің қатарына Құмжарға науылы маңындағы Жолымбет, Ордағы Көкмешіт және Көтібар Бәсенұлына арналған кесенелер жатады. Оқушылар мен кездесулер өткізген кезде, өлке тарихын танып-білу мақсатында  осы қасиетті орындар жайында жиі айтуға тырысамыз, — дейді музей директоры Шәмшәт Әбдірзақов.

Бөгеттер бөгеліп, бұлақ көздері ашылды

Бұлақты ауылының тоқсан жылдық мерейтойы Елбасының «Рухани жаңғыру»бағдарламасы әрі биылғы Жастар жылы аясында ұйымдастырылыпты.  Ауыл әкімі Әлімжан Андақұловқа ауылдың мерейтойын атап өту туралы ұсыныс жастар тарапынан түскен.

«Туған елге тағзым»акциясына ауылдан түлеп ұшқан жастар белсенді қатысты. Ауылымыздың тоқсан жылдық мерейтойын атап өту үшін Бұлақтыда 19631994 жылдар аралығында туған әр жылғы түлектер 100 мыңтеңгеден қаржылай қолдау көрсетті. Араларында ауылдан шыққан іскер азаматтар да ақшалай және малдай демеушілік танытты. Әр аптаның сенбі, жексенбі күндері жан-жақтан ауылға жиналған әр жылғы түлектер кезекпен келіп жұмыс жасады.Нақтырақ айтсақ, олар ауыл маңындағы екінші платинаны бөгеп, бұлақ көздерін ашты. Бөгетке шлюз орнатылды. Бұл платина елуінші жылдары салынған. Дегенмен  тоқсаныншы жылдары бөгет  бұзылған еді. Соны жерлестердің қолдауымен қайта қалпына келтірдік, — деді ауыл әкімі.

Бұл істе ауылдан шыққан кәсіпкерлер Ғалым Махметов пен Болат Бұзаубаевтар арнайы техникадан көмек берген.

Бөгет суын бақша суаруға пайдаланамыз әрі бұл жер демалыс орны ретінде жасақталды. Айналасы күл-қоқыстан тазартылды. Жастардың күшімен  200-ге тарта телешке құм тасылды. Бұл жерде шамамен 13 миллион теңгенің жұмысы жүргізілді, — дейді Ә.Андақұлов.

Тоқсан жылдықтың тағы бір тартуы — Бұлақты ауылындағы орталық көшеге Ақтанкер атты сәйгүлікке ескерткіш орнатылды. Ақтанкер — бір ғана ауыл болмаса ауданның емес, кезінде бүтін бір қазақ елінің мақтанышына айналған жануар. Облыстық, республикалық, тіпті бүкілодақтық ат бәйгесінде шашасына шаң тимеген жүйріктің құрметіне ескерткіш қоюды ауылдағы Жалмағамбетовтер әулеті өз міндетіне алған. Жануардың тас мүсіні Алматыда тапсырыспен жасалыпты. Ал ескерткіштің тұғырын орнату және жалпы ауданы 600 шаршы метр аумақты қамтитын жерге брусчатка төсеу, шырша егіп, жарықтандыру, отырғыштар қойып,  қоршау жасау жұмыстарын тағы да сол ауыл жастары өз күштерімен жүргізген. Кезінде 10 шақырым қашықтықты 13 минут 11 секундта шауып өткен Ақтанкердің жасаған рекорды әлі күнге жаңартылған жоқ.

Мерейтойға арналған іс-шаралар түрлі спорттық жарыстарға ұласты, әсіресе ат бәйгесі көпшіліктің делебесін қоздырды. Ауылдан шыққан өнерпаздардың ұйымдастыруымен өткен гала-концерт сол түні Бұлақтыдағы мүлгіген тыныштықты бұзғандай болды.Мерекелік іс-шараларға белсенді қатысқан 14 адам аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

P.S. Былтыр Мұғалжар ауданының Бұлақты ауылы тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін су құбыры тартылды. Қазір бұл ауылды 104 үй, яғни 456 адам мекендейді. Ауыл әкімінің айтуынша, Бұлақтыда көшу процесі тоқтаған. Мектеп, балабақша, амбулатория қалыпты жұмыс жасап тұр. Бір әттеген-айы, ауылда газ жоқ. Бірақ, көгілдір отын келеді деген үміт зор. Себебі Бұлақтыға жақын маңда «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС жұмыс жүргізіп жатыр. Ауданның жаңа басшысы Асқар Шериязданов аталған компания басшылығының есіне әлсін-әлсін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін салып отырса, бұл іс те көп кешікпей шешімін тауып қалар… 

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button