Басты жаңалықтарСпорт

Облыста олимпиадалық спорт түрлері ашылды

17 тамыз — Спортшылар күні!

4 жыл сайын жазғы олимпиадалық ойындарына қатысу үшін әуелі ұлттық құрамаға іріктеу спартакиадасы өтеді. Онда олимпиадалық ойылдардың  40 түрі бар. Биыл Ақтөбе қаласында болған жарыста жерлестеріміз жүзуден, жалпы су спортынан 22 медаль иеленіп, жалпы есеп бойынша жетінші орынға көтерілді. Бұл жақсы көрсеткіш. Демек Ақтөбеде олимпиадалық су спортын дамытуға толық мүмкіндік бар. Бұл науқан биылдан бастап қолға алынды. Спортшылар күніне орай Кірпішті ауылында «Green Land» демалыс орталығында ұйымдастырылған шарада «Каноэ» және «Байдаркада» есуден алғаш рет жарыс өтіп, аталмыш спорт түрлерінің тұсауы кесілді.

Бұған көрші облыстардың спортшылары қатысты.

Спортшылар күніне орай өткен шарада су спорты мен садақ ату ойындарын тамашалаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин бұл спорт түрлерінің облыста қарқынды дамуына ұдайы көңіл бөлініп, қолдау көрсететінін айтты.

Құрметті спортшылар! Елбасымыздың тапсырмасына байланысты елімізде спорт саласына ерекше мән беріліп, спорт ғимараттары мен алаңдарын салу, жалпы қаржыландыру мәселесі  өздеріңізге мәлім. Соның ішінде облысымызда көптеген денешынықтыру-сауықтыру орталықтары ашылды. Өңірде спорт саласын дамыту үшін үлкен еңбектеріңіз бар. Әсіресе, ардагерлерге алғысымды айтамын. Мектеп қабырғасында осы ұстаздардан дәріс алдық, бізге қыр-сырын үйретті. Еліміздің, облысымыздың, қаламыздың атын шығарған жас спортшыларымыз бар. Жаттықтырушыларымыздың жұмысына ризашылығымды білдіремін, — деген облыс әкімі спорт саласын дамытуға үлес қосқан азаматтарды Алғыс хаттармен марапаттап, мерекелік сыйлықтар табыстады.

Бұл шаралардың бәрі ірі демалыс орталығында өткізілуінің де себебі бар. Өйткені бұл жердің материалдық базасы жақсы. Келушілерге, спортшыларға және жаттықтырушыларға барлық жағдай қарастырылған. Қонақүйлер, тамақтану жүйесі бар. Қалаға жақын. Дайындыққа қатысушылар қоғамдық маршруттармен де келуіне ыңғайлы.

Облыстық спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетовтың айтуынша аталған спорт түрлері еліміздің тарихында Атырау облысынан бастау алады. Көрші Батыс Қазақстан облысында да жақсы дамыған.

Облысымызда жаңадан олимпиадалық су спорты ашылды. Бүгінде Республикалық Федерациямен келіссөздер жүргізіп,осындай қадамдарға барып отырмыз. Осындағы «Достық» бассейнінде арнайы топ жасақтап, үш жаттықтырушы шақырдық. Бірі республикалық ұлттық құрама командамен жұмыс істейді. Жыл басынан бері Алматы қаласында екі рет оқу-жаттығу жиынына қатыстық. Жасөспірімдеріміз бұл спорт түрін тез меңгеріп келеді. Батыс аймақта кішігірім жарыс өткізіп тұрмыз. Қазіргі басты мақсатымыз бұл спортты бұқараға таратып насихаттау. «Каноэ мен байдаркаданың іргетасы жүзуден басталады. Көптеген балалар қатысуға ниет білдіріп жатыр. Қазірден бастап жүйелі түрде жұмыстар жүргізудеміз. Біз алдағы төртжылдықты ойлауымыз керек, — дейді облыстың бас спортшысы.

Сонымен бірге  төрт жыл бұрын жабылып қалған семсерлесу спорты қайтадан жанданатын болады. «Мерген» және «Стрела» садақ ату клубтары жұмысын бастады. Бұл спорт түрі олимпиадалық ойындарда бар. Алдағы күндері өзімізден олимпиадаға қатысушылар дайындалатын болады.Бұрын семсерлесумен айналысқан екі жаттықтырушы бар. Екеуі де спорт шеберлері. Аталмыш спорт түрлеріне штаттық бірлік бөлініп, бөлімшелер ашылмақ.

Садақ ату бізге жат емес. Ата-бабаларымыз, батырларымыз осы садақтың күшімен елін, жерін қорғағанын айтсақ, құралайды көзге атқан мергендердің көп екені тарихтан белгілі. Сондықтан да қызығушылық танытушылар көп. Жас ерекшеліктерінде шектеу жоқ. Әзірге 200-ден аса қатысушымыз бар.  Республикалық Федерациямен тығыз байланыстамыз. Біз осыны дамытқымыз келеді. Қыста Нұр-Сұлтан қаласында өтетін жарысқа дайындалып жатырмыз, — дейді облыстық садақ ату бойынша федерациясының Президенті Айдана Қажымұқанова.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button