Жаңалықтар

Мейрамханалар терроризмнің алдында әлсіз бе?

Анық-қанық

Ақтөбе өңірлік кәсіпкерлік палатасы алты қоғамдық тамақтану орнының террорлық қатерге әлсіз нысандар тізіміне енгізілуінің негізсіз екенін дәлелдеді.

Бұл жұмыс «Тамаша» мейрамханасының өтініш арызынан кейін жүргізілді. Палата өкілдерінің айтуынша, 80 орындық нысан тексерушілердің салғырттығынан аймақтық террорлық қатерге әлсіз нысандар тізіміне енгізіліп кеткен, соның салдарынан облыстық ішкі істер департаменті бұл нысанда тексеру жүргізіп, айыппұл салған. Бұған келіспеген кәсіпкер «Атамекен» палатасына көмек сұрап барды.

Палата өкілдерінің айтуынша, санитарлық-эпидемиологиялық ұйғарым бойынша аталған нысан мұндай тізімге енгізілмеуі керек. Себебі, Үкіметтің 2015 жылдың 3 сәуіріндегі №191 қаулысына сай, кемінде 100 орындық нысандар ғана жыл сайын тексеріліп, осындай тізімге енгізілуі мүмкін.

Бұл мәселені талқылаған кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі Кеңес мүшелері облыстық ішкі істер департаменті тарапынан мұндай құқықбұзушылықтардың басқа да  бизнес субьектілеріне қатысты орын алған болуы мүмкіндігін жоққа шығармады.

Кәсіпкерлер палатасы Ақтөбе облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетімен бірге антитеррорлық комиссия тексеруінен кейін террор қатеріне әлсіз нысандар тізіміне енгізілген нысандарға қатысты сараптама жүргізді. Бұл тізім Ақтөбе облыстық әкімдігінің 2018 жылдың 9 шілдесіндегі қаулысымен бекітілген. Сонымен бірге өкілетті органдарға бизнес нысандары туралы мәліметтерді беру жөнінде хаттар жолданды. Осы хаттардың жауаптары нәтижесінде кәсіпкерлер палатасы Ақтөбе қаласы әкімдігіне жоғарыдағы қаулы негізінде тізімге енгізілуге жатпайтын бизнес нысандарын террорлық қатерге әлсіз нысандар тізімінен алып тастау туралы ұсыныс жолдады, — дейді кәсіпкерлер палатасы құқықтық бөлімінің басшысы Нұрлан Махамбетов.

Палата ұсынысы облыстық антитеррорлық комиссия отырысында қаралып, террорлық қатерге әлсіз нысандардың аймақтық тізімінен «Тамаша», «Хан-Тенгри», «Роял», «Ақ-Шаңырақ» мейрамханалары, «Зара» түнгі клубы мен «Eurasia Corp» ЖШС асханасы алынып тасталды.

«Кәсіпкерлер палатасы облыстық антитеррорлық комиссия мен қалалық әкімдікке біздің ұсынысымызды тез арада қарап, шешім қабылдағанына, сонымен бірге, Ақтөбе облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне, облыстық ішкі істер департаменті мен  кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі Кеңес мүшелеріне ақпараттарды дер кезінде ұсынғандары үшін алғыс білдіреді. Біз барлық мамандандырылған органдар қызметкерлерімен бірге орта және ірі бизнес нысандары басшыларына террорлық қатерге әлсіз нысандар тізімінде бар-жоқтығына қарамастан, қауіпсіздік сақтау қажеттігін ескертеміз», — дейді кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Руслан Күйшінов.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button