Мәдениет

Ұлы ақынның өлеңдері оқылды

Ақтөбе қаласындағы Абай даңғылында қазақтың бас ақыны, ағартушы, философ Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Ой түбінде жатқан сөз…» атты мәдени шара ұйымдастырылды. «Арт-стрит» жобасы аясында ұйымдастырылған әдеби-сазды кеште өлеңдер оқылып қана қоймай, хакімнің сөзіне жазылған әндер әуеледі, қара сөзінен үзінділер берілді.

Облыстық халық шығармашылығы орталығы мұрындық болған шараның дәл Абай даңғылында өткізілуі тегіннен-тегін емес. Мұндағы мақсат — Ұлы Абайдың шығармаларын насихаттау, өскелең ұрпақты ақынның дара жолын, мұраларын түсіндіру арқылы адамгершілік құндылықтарды дәріптеу.

Жаңа «Арт-стрит» жобасы аясындағы мерекелік бағдарламаның жүргізушісі Ақторғын Ноғаева ашық аспан астында өткен шарада біртуар тұлғаның өмірі мен шығармашылығына қысқаша тоқталып, жиналғандарды алдағы жоспарлармен таныстырды. Ал балалар Абайдың өлеңдері туралы әсерімен бөлісіп, артынша ең сүйіп оқитын шығармаларын ұсынды. Ақтөбелік өнерпаздар да әдемі кештің айрықша өтуіне мықтап үлес қосты: сөз зергерінің өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер оқып, әндерін шырқады.

Ақтөбеліктер мен қала қонақтарының бос уақытын тиімді өткізуіне, рухани тұрғыда дамуына бағытталған кештен көрермендер көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.

Ұйымдастырушылар жобаның жалғасын табатынын айтады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button