Жаңалықтар

Үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі қалай шешіледі?

Мәслихат

Бейсенбі күні облыстық мәслихатта депутат Аманкелді Есіркеповтің төрағалығымен әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссияның кеңейтілген отырысы өтті.

Отырысқа тұрақты комиссияның мүшелері, облыстық мәслихаттың депутаттары мен басқарма басшылары қатысты.

Күн тәртібінде «Тұрғындарды дене шынықтырумен шұғылдануға тарту және спорт инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстардың барысы туралы» және «2019-2020 жаңа оқу жылының басталуына дайындық туралы» мәселелер қаралды.

Алдымен сөз алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов өңірдегі спорт инфрақұрылымы мен бұқаралық спортты дамыту үшін жасалып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі таңда облыс тұрғындарының дене шынықтыру мен спорттағы үлесі 31,4 пайызды құрайды.

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің  «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында ел ішінде бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дамыту бойынша тапсырмалар беріп, бірқатар міндеттер жүктеген болатын. Бұл бағытта өңірде нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтар болсақ, Жолдауда айтылған еліміздің ірі елді мекендерінде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысын салу тапсырмасын орындау мақсатында өңір бойынша талдау жасалып, Мәдениет және спорт министрлігіне жолданды. Министрлік бекіткен спорткешендері құрылысы тізбесіне 2020 жылы Шұбарқұдық кенті, Хромтау қаласы, Қарауылкелді ауылы, Қандыағаш қаласы, Кеңкияқ ауылы және 2021 жылы Ойыл ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері құрылысы жоспарланған. Бүгінгі таңда Хромтау және Байғанин аудандарындағы спорт кешендері құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Ал Ойыл ауданында мемлекеттік сараптаманы алу мерзімі тамыз айына белгіленген. Қазіргі таңда Қандыағаш қаласы мен Кеңқияқ ауылында спорт кешені құрылыстарының жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталып жатыр. Барлық  жұмыстар бақылауға алынып, жалғасын табатын болады, — деді Мейрамбек Махамбетов. Басқарма басшысының айтуынша, бұдан бөлек «Қала құрылысы, қалалық және ауылдық елді мекендерді жоспарлау және құрылыс салу» деген нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес, әлі күнге дейін кей аудан орталықтары мен халық саны 3 мыңнан асатын ірі ауылдарға, яғни 6 елді мекенге дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу қажеттілігі бар.

Бүгінгі таңда балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулу мақсатында облыста 30 балалар-жасөспірімдер спорт  мектебі, 1 олимпиадалық резервті даярлау орталығы, 1 облыстық спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат колледжі, 1 жоғары спорт шеберлігі мектебі жұмыс жасайды.

Өңірдегі спорт саласында жарты жыл бойы атқарылған жұмыстарға тоқталған басқарма басшысы 2019 жылға қойылған нақты міндеттерді атап өтті.

— Спорттық инфрақұрылымдар желісін кеңейту жөніндегі жұмыстар әлі де жалғаса беретін болады. Биылғы жылы облыс орталығында өтетін іс-шараларды жоғары деңгейде өткізу басқарманың негізгі міндеттерінің бірі. Ал биылға жоспарлап отырған үлкен жоспарымыз — 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына дайындық шеңберінде лиценциялар жеңіп алу, — деп қорытындылады баяндамасын облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов.

Ал өз кезегінде сөз алған облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлназ Сүлейменова облыс мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы туралы баяндама жасады.

2018-2019 жылғы оқу жылында облыста 399 жалпы білім беретін мектеп жұмыс жасаған болса, жаңа оқу жылында 403 мектепте 148 619 оқушы білім алады деп күтілуде.

— Бүгінгі таңда облыс аумағында республикалық және жергілікті бюджет есебінен 6470 орынға арналған 21 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 15-і ағымдағы жылы пайдалануға берілмек.Құрылысы жүріп жатқан мектептердің құрылыс барысы құрылыс басқармасы мен аудан әкімдерінің тікелей бақылауында, — деген Гүлназ Сүлейменова облыстағы 3 ауысымды және апатты жағдайда тұрған мектептерге тоқталды.

— Дәл қазіргі уақытта өңірде барлығы 13 үш ауысымды және 3 апатты мектеп бар. Биылғы жылға 7 үш ауысымды және 1 апатты мектептің мәселесін шешу жоспарланған. Дегенмен, бала санының өсуіне байланысты қаладағы №63 және №64, №68 мектептер мен  Қандыағаш қаласындағы №2 мектептің үш ауысымды режимге көшу қаупі болжануда, — деді Г.Сүлейменова.

Сонымен қатар Гүлназ Сүлейменова облыста маман тапшылығын жою мәселесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Облысқа қажетті мамандарды даярлау мақсатында екі жыл қатарынан жергілікті бюджет есебінен 200 грант бөлінген. Оның 63-і — педагогикалық мамандықтар. Ал атаулы әлеуметтік көмек алатын және көпбалалы отбасылардың балалары үшін бөлінген грант саны — 130.

Сөз соңында Г.Сүлейменова жаңа оқу жылына дайындық барысындағы барлық жұмыстар басқарманың тұрақты назарында екенін айтты.

Күн тәртібінде қаралған екі мәселені талқылау барысында депутаттар сұрақтар қойып, ескертулері мен ұсыныстарын айтты.

Отырыс соңында күн тәртібінде қаралған мәселелерге байланысты қарар қабылданды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button