Білім

Қос конкурс қорытындысы

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин тағайындаған 100 грант пен ҚР Ұлттық қорының нысаналы трансферт есебінен 180 орынға бөлінген гранты үшін өткен конкурстың қорытындысы шықты. Комиссия шешіміне сәйкес, облыс әкімінің грантына қатысқан 269 үміткердің ішінде 77-сі жеңімпаз атанды. Ал Ұлттық қордан бөлінген грантқа қатысуға ниеттенген көпбалалы және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан 154 баланың бәрі де грант иеленді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлназ Сүлейменова айтты.

  • Мемлекеттік білім грантын иеленбегендер үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Мұның айқын дәлелі — күні кеше ғана екі бірдей грант үшін өткізілген конкурстар. Оның бірі — облыс әкімінің 100 гранты болса, екіншісі — ел Үкіметі тарапынан берілетін 5 мың грант. 5 мың гранттың 180-і біздің облысқа бөлінген болатын. Конкурстың өткізілу тәртібінің талаптарына сәйкес комиссия мүшелері ең алдымен өңірге қажетті, еңбек нарығында сұранысқа сай мамандықтарды анықтады. Комиссияның екінші отырысында бұл мамандықтар бойынша маман даярлайтын жоғары оқу орындарына сараптама жасадық. Сөйтіп, облыс әкімінің 100 грантын иеленген талапкерлерге білім беретін жоғары оқу орындары анықталды, — дейді Гүлназ Сүлейменова.

Оның айтуынша, арнайы іріктеуден өткен жоғары оқу орындары — Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы, Астана халықаралық университеті, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті.  Ал Үкімет тарапынан бөлінген гранттың жеңімпаздары аталған оқу орындарымен қатар, өзіміздің өңірдегі С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті мен Қазақ-орыс халықаралық университетінде білім алады.

  • Кешегі өткен комиссия отырысында грант иегерлерін анықтадық. Жалпы облыс әкімінің 100 гранты үшін өткізілген конкурсқа 269 талапкер өтініш берген болатын. 100 гранттың 23-і резидентура бағыты болғандықтан, нәтижесі тамыздың аяғында белгілі болады. Қалған 78 грант иегерлерін анықтау үшін құжаттары мұқият сарапталды, — дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Жеңімпаздар 15 мамандықбойынша жоғары оқу орнына қабылданды. Бұл мамандықтардың арасында дін және теология, театр өнері, бейнелеу өнері, сән, интерьер дизайны және өндірістік дизайн, қала құрылысы, құрылыс жұмыстары және құрылыс, архитектура, өсімдік шарушылығы, мал шаруашылығы, жерге орналастыру, денсаулық сақтау, тағы басқа білім бағдарламалары бар.

Гүлназ Сүлейменованың айтуынша, биыл құжат тапсырған үміткерлердің ҰБТ-дан жинаған балдары өте жоғары. Мысалы, жалпы медицина мамандығына 94 өтініш берілген. Соның 68-інің көрсеткіші — 100 және 100-ден жоғары балл. Ең жоғары көрсеткіш — 124 балл. Бөлінген грант саны — 8 орын. Бастапқыда124 балл алған 4 үміткержәне 123 балл жинаған 4 үміткер жеңімпаз болған. Дегенмен, игерілмеген гранттардың есебінен 123 балл алған 2 талапкер де М.Оспановатындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің студенті атанды.

  • Өңірдің гранттар тізбесін қарағанда, актерлік өнер және режиссура мамандығына бөлінген 4 грант иесін таппады. Өйткені, біздің облыстың жастары Темірбек Жүргенов атындағы өнер университетіне бұл мамандық үшін өткізілген шығармашылық байқауға қатыспаған. Сондай-ақ, информатика мамандығы бойынша 2 орын, дін және теология мамандығы бойынша 1 орын бос қалды. Осы гранттарды бөлу үшін үміткерлер көп өтініш берген мамандықтарды қайта қарастырдық. Сөйтіп, комиссия шешімімен 2 орын медицина саласына берілді. Қалған гранттарды бастауыш сыныптардағы орыс тілі мамандығына құжат тапсырғандар иеленді. Өйткені, облыста орыс сыныптарының мамандары, әсіресе бастауыш сыныптардағы орыс тілінің мұғалімдері тапшы, — дейді Гүлназ Сүлейменова.

Үкімет тарапынан бөлінген 180 гранттың 154-і өз иесін тапты. Грант бөлінген мамандықтар: педагогикалық ғылымдар — 139, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары, ауыл шаруашылығы мен биоресурстар —  41. Аталған гранттар да өңірдің еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, білім беру бағдарламаларының топтары бойынша бөлінді.

  • 180 грант үшін ұйымдастырылған конкурсқа көпбалалы және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан 154 үміткерден өтініш түскен болатын. Қорытындысында 120 үміткер жеңімпаз атанды. Қалған 34 үміткердің көпбалалы және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққанын ескеріп, қаулыға өзгеріс енгізіп, министрліктің рұқсатымен оларды да грантқа қабылдадық. Сөйтіп, бәрі де грант иегері атанды. Игерілмеген 26 орын бар. Бұл санат бойынша өткізілген конкурсқа құжат тапсырған талапкерлер көп болғанымен, көпшілігінің аталған санатқа құжаттары сәйкес келмеді. Мысалы, құжат тапсырушы көпбалалы отбасыдан шыққанмен, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының баласы болғанмен жасы 18-ге толса, өкінішке қарай,грант иелене алмайды, — дейді Гүлназ Сүлейменова.

P.S.

24-25 тамызда М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде «Денсаулық сақтау» (резидентура) білім беру бағдарламасы бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға бөлінген 23 грант бойынша құжаттарқабылданады.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button