Мәдениет

Биыл Ақтөбеде үшінші рет «Жібек жолы» байқауы өтеді

23-24 тамызда Ақтөбе қаласында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламасы аясында Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның 75 жылдығы және Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай ІІІ республикалық «Жібек жолы» эстрадалық әншілер байқауы өтеді.

Байқауға Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды облыстары және Семей,

Нұр-Сұлтан қалаларынан үміткерлер қатысады. Байқаудың шарты бойынша оған Қазақстан Республикасының кәсіби өнер ұжымдарының 17-35 жас аралығындағы барлық  ұлт өкілдері қатыса алады. Өнер көрсету тәртібі жеребе тастау арқылы анықталады.

Байқау негізінен екі кезеңнен тұрады: 1-кезеңде қатысушылар Ақтөбе өңірінен шыққан ақын-жазушылардың бір шығармасын орындаса, 2-кезеңде өз қалауы бойынша еркін тақырыпта ән айтады.

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның директоры Елубай Кенжалиевтің айтуынша, аталған байқаудың мақсаты — Ақтөбе өңірінен шыққан,халықтың ықыласына бөленген даңқты өнер иелері Қызыл Тұрдалыұлы, Сары Батақұлы, Наурызбек жырау Нұржаубайұлы, Нұрпейіс Байғанин, Кердері Әбубәкір, Тәңірберген Молдабай, Шернияз Жарылғасұлы, Бәкір Тәжібаев және т.б ақын-жыраулардың, сазгерлердің шығармаларын насихаттау, ән өнерін дамыту және оны келер ұрпаққа жеткізу.

Биылғы жылы үшінші рет ұйымдастырылып отырған «Жібек жолы» байқауы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілгелі отыр. Бұл байқаудың қатысушылар үшін де, халық үшін де маңызы зор. Биыл байқауға арналған жалпы жүлде қорына бюджеттен 1 миллион 500 мың теңге бөлінді. Өткен жылы аталған байқауда Атырау облысы бас жүлдені жеңіп алса, 2017 жылы біздің облыстың өнерпаздары биіктен көрінді. Ал биылғы байқауға еліміздің бірнеше облысынан және қалаларынан үміткерлер келіп қатысады, — дейді Е.Кенжалиев.

Айта кету керек, аталған байқауға қатысушылардың өнерін белгілі композитор Бейбіт Оралұлы бастаған қазылар алқасы бағалайды.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button