Жаңалықтар

Тыңгерлер ерлігі — тақырып арқауы

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Әйтеке би аудандық «Жаңалық жаршысы» газетінің бас редакторы Геннадий Стручковтың «О жизни и подвиге газетной строкой» атты кітабының салтанатты тұсаукесері Баспасөз үйінде өтті.

Бұл жинақ қазіргі Әйтеке би, бұрынғы Ырғыз ауданына қарасты тың жерлерді игерудің 65 жылдығына арналған.

Кітаптың авторы және құрастырушысы Геннадий Стручков әр жылдарда осы тақырыпта республикалық «Казахстанская правда», облыстық «Путь к коммунизму», «Актюбинский вестник», аудандық «Целинная новь», «Жаңалық жаршысы» газеттерінде жарияланған мақалаларды, алғышқы тың игерушілердің отбасылық архивтерінен алынған фотоларды пайдаланған.

Журналист кітаптың бір тарауында басылымдарда жарық көрген өз туындыларының кейіпкерлері туралы баяндайды. Тың өңірі атанған Әйтеке би ауданының еңбек адамдары туралы әңгімелер мен тың эпопеясы, тарихи оқиғалары жинақта бірізділікпен топтастырылған.

Облыстық «Актюбинский вестник» газеті бас редакторының орынбасары Мирал Жармұхамбетов, әріптесі Геннадий Стручковтың шығармашылық жолы туралы әңгімелеп берді. Содан кейін автордың өзіне сөз тізгінін берді.

Тұсаукесер жиынында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, журналистика ардагері Балнияз Әжниязов, «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі Жанат Сисекенова, еңбек ардагері Серік Ботағарин, Әйтеке би ауданының құрметті азаматы Зоя Бөлекова, Әйтеке би аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытқали Пірмағамбетов, сол ауданда еңбек еткен бұрынғы партия қызметкерлері Нәйлә Бөртебаева мен Бейбіт Өксікбаев сөз сөйлеп, жаңа кітапқа байланысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Шараны ұйымдастырушы — Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалына алғысын айтқан кітап авторы бұл жұмыстардың «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы игі қадам екендігіне тоқталды.

Салтанатты жиында Геннадий Стручковқа облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың, Әйтеке би ауданының әкімі Мәди Елеусізовтің атынан құттықтаулар, сондай-ақ ескерткіш сыйлықтар тапсырылды.

Жанна ДӘУЛЕТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button