Басты бет » Ауыл » Көптің күшімен көпір салынды

Көптің күшімен көпір салынды

Қай ауылға барсаңда көпшілікті көпір мәселесі мазалайды. Бұл тұрғындардың жергілікті билікке қоятын негізгі өзекті мәселесіне айналды. Бұрынғы кеңес үкіметінен қалған көпірлер тозығы жетіп, тұрғындардың қатынасы қиындап кеткен елді мекендер бар. Соңғы жылдары бұл жұмыс қолға алынды. Демеушілердің көмегімен біраз ауылдарға шағын көпірлер салынып берілді. 

Мұғалжар ауданы Жұрын ауылдық округіне қарасты көлденең Темір ауылының азаматтары бұл мәселені өздері шешті. Ауылдан 6 шақырым жердегі шағын көпір әбден ескіріп, ақыры темір трубасы да қолды болып кеткен. Содан бері көктемгі су тасығанда,күз айларындағы лайсаңда  жүлге сай өткел бермей, село орталығына айналма жол арқылы қатынауға мәжбүр болады. Барлығы бірауыздан қолдап іске жұмыла кіріскен шағын ауылдың тұрғындары ортадан қаражат жиып, керекті материалдарды сатып алды. Асарлатып салынған көпірдің сапасына да мән берілді. Төрт қатар темір труба қойылып қиыршық тастармен қаланып, үсті цементтелді. Бұл істі ұйымдастырып жүрген сол ауылдың кәсіпкерлері Ғалымжан Нукусов пен Қайрат Қалдығұлов барлық техникаларын жұмылдырған. Көпірдің жұмысы 5 күнде аяқталыпты.

Көлденең Темірде 44 отбасы, 84 адам тұрады. Екі жыл бұрын мектеп жабылған. Тек мал өсірумен ғана айналысатын ауылдың селолық округ орталығынан қашықтығы — 18 шақырым.

Көптен бері ойға алған шаруамыз орындалды. Жыл сайын таспен биіктетіп өткел жасағанымызбен, көктемде су шайып кетеді. Қашан жер кепкенше 25 шақырымдай айналып жүреміз. Бұл көпір ауыл азаматтарының арқасында салынды. Әркім шамасы келгенше ақшасын берді. Бір қуанарлығы, ауылымызда бұрын тұрып кеткен жерлестерімізде  хабарласып, ақшалай көмектерін ұсынды. Олар ісімізді әлеуметтік желіден көргендерін айтып, ауылға жаны ашитындықтарын білдіріп жатыр. Сөйтіп, көптің көмегімен көпір салып алдық, — дейді ауыл кәсіпкері Ғалымжан Нукусов.

Ол бұған дейін де ауылдың қоғамдық жұмыстарында белсенділік танытып жүрген азамат. Қыста өзінің тракторымен жолды қардан тазартуды мойнына алған.  Ауыл шағын болғандықтан ондағы тұрғындардың ауызбіршілігі мығым.

Самат НАРЕГЕЕВ.