Басты жаңалықтар

Ақтөбеде әдебиетшілер үйі салынады

Биыл Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 85 жыл толады. Соған орай кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының мүшелерімен кездесті. Басқосуға, сондай-ақ, жас қаламгерлер, мемлекеттік мекеме басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының директоры, «Ақтөбе» газетінің бас редакторы, ақын Бауыржан Бабажанұлы жүргізіп отырды.

Бірінші боп сөз тізгінін алған облыс әкімі Оңдасын Оразалин жекелеген қаламгерлердің және Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының ұсынысымен өңірде бірқатар жобалардың қолға алынатынын айтты. Енді сол жобаларға тоқталайық.

Осыдан біраз жыл бұрын белгілі қаламгер Мейірхан Ақдәулетұлының бастамасымен өңірде «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен осы өңірде туған, тұрған сөз иелерінің 23 томдығы шыққан болатын. Көптен бері тоқтап қалған сол жоба биыл жалғасып, жыл аяғына дейін 27 том кітап шықпақ. Сонда «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен шыққан кітап елу томға жетеді.

Жастар жылы аясында он жас қаламгердің тұңғыш кітабы жарыққа шығады.

Белгілі сөз зергерлері  Ізтай Мәмбетовтің 90, Сағи Жиенбаев пен Тобық Жармағамбетовтің 85 жылдық мерейтойлары Ақтөбе қаласы және олардың кіндік қаны тамған Алға, Байғанин аудандарында  қыркүйек-қазан айларында аталып өтпек.

Әдеби, мәдени жобаларды қолдау үшін арнайы қор құрылады.

Келесі жылы өңірде «Әдебиетшілер үйі» бой көтермек. Ішінде кеш өткізетін залы, осы өңірден шыққан ақын-жазушылардың мұралары жинақталатын музейі болатын ғимараттың алдынан «Ақын-жазушылар аллеясы» салынбақ. Ол аллеяда қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңейткен ақтөбелік қаламгерлердің мүсіндері «еңсе тіктейтін» болады.

Келесі жылдан бастап республика деңгейінде жыл сайын үш қаламгерге 1 миллион теңгеден Ақтөбе облысы әкімдігінің жүлдесі  берілмек. Бұл үш жүлдені  Қуандық Шаңғытбаев, Тахауи Ахтанов, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтар деп атау ұсынылып отыр.

Ақтөбе және аудандардағы мектеп, көшелерге ақын-жазушылардың есімдерін беру мәселесі де жіті назарға алынбақ. Сондай-ақ, жаңадан тұрғызылып  жатқан үйлердің қасбетіне өмірден өткен һәм көзі тірі, республика жұртшылығы мойындаған сөз иелерінің бейнесі салынатын болады. Бұдан бөлек көшелердегі баннерлерге   ақын-жазушылардың қанатты сөздері мен өлең шумақтары «ілінеді».

Облыстық телевидениемен бірігіп, Ақтөбе өңірінен шыққан ақын-жазушылар туралы бейнефильмдер түсірілмек.

Осыны айта келе,  Оңдасын Сейілұлы облыстың рухани әлеміндегі қолға алынатын өзге де жобаларды  тілге тиек етті. Мысалы, көп жылдардан бері әңгіме болып келе жатқан Тахауи Ахтанов атындағы қазақ драма театрының құрылысы қолға алынбақ. Облыстық кітапхана салу да күн тәртібінде тұр.

Өсіп келе жатқан ұрпақты, жастарымызды, жалпы қоғамды тәрбиелеуде әдебиеттің, соның ішінде зиялы қауымның рөлі ерекше. Сондықтан өзіміздің құндылықтарымызды бағалап, соны шығармаларда кеңінен дәріптесек артық болмайды, — деді облыс әкімі.  

Одан кейін сөз алған «Адырна» журналының бас редакторы, ақын Мейірхан Ақдәулетұлы: «Қазіргі таңда 38 қаламгердің шығармаларын 27 томға топтастырып жатырмыз. Бұл ақтөбелік ақын-жазушылардың жазғаны аз деген сөз емес. Керісінше, олардың арасында шығармаларын асқан талғампаздықпен іріктеп, тапсырып жатқандар бар.  Осы орайда әдебиеттің өкілдеріне облыс басшылығы тарапынан ықыластың барына қуанамын», — деп қаламдастарын қоғамдық жұмыстарға белсене араласуға  шақырды.

Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Ертай Ашықбаев әдебиеттегі тазалық, оқырман алдындағы жауапкершілік жөнінде әңгімелеп, жастарға қаламгерлерді дәріптеу жайы әлі де жетіспей жатқанын жеткізді:

—Қазақстан  Жазушылар одағында 800-ден астам мүше бар. Ал Кеңес Одағы тұсында ұйымға мүше жазушылардың саны 300-400-ден аспайтын, елеп-екшеп отыратын. Бұл қазір сапа саннан кем қалды деген сөз. Сондықтан билікке міндет артқаннан бұрын әуелі сапаға мән берсек деймін. Біз Жазушылар одағына мүше болғандықтан, шынымен соған лайықты шығармалар жазуға тырысуымыз қажет, — деді.

Ал ақын Жақсылық Айжанов көрнекті қаламгер Сағи Жиенбаевтың мол мұрасы — Алматыда орналасқан үйіндегі жеке кітапханасын (4 мыңға тарта кітап — А.С.) туған жерге жеткізудекөлік жағынан жәрдем беруін сұрап, Бәкір Тәжібаевтың шығармашылығына арналған республикалық ән фестивалін өткізу қажеттігін ұсынды, сондай-ақ, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында соғыс ардагерлері һәм жазушылардың атындағы көшелерді абаттандыруды, марқұм болған бірқатар жерлес қаламгерлерге көше атын беру, ескерткіш орнату, жалпы ұлықтау жайын мәселе етіп көтерді.

Жас буынның атынан сөз алған  ақын Гүлжайнар Қалдина Ақтөбеде республикалық қаламгерлер форумы өтсе және балаларға арналған детектив, Гарри Поттер сынды қызықты кейіпкерлердің оқиғаларына құрылған шетелдік кітаптарды қазақ тіліне аударуға жәрдем берілсе деген ұсыныстарын айтып, Оңдасын Оразалинді өзі басшылық ететін С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапxанасында енді ұйымдастырылғалы отырған «Ел ағалары — кітапханада» жобасына алғашқы қонақ болуға шақырды. Ондағы мақсат — жас оқырмандарды билікте, әдебиетте, басқа да салаларда қызмет ететін азаматтарды сүйіп оқыған, айрықша әсер еткен кітаптарымен таныстыру, оларды рухани тұрғыда жетілуге ұмтылдыру.

Барлық ұсыныс-тілекті тыңдаған облыс әкімі ешқайсысы назарсыз қалмайтынын, мүмкіндігінше шешуге тырысатынын айтты.

Кездесу соңында облыс басшысы бір топ ақын-жазушыға Алғыс хат пен естелік сыйлықтар тапсырып, жиналғандармен естелік суретке түсті.

Облыстық тарихи-өлкетану музейі ғимаратында өткізілген кездесу барысында қаламгерлерге шағын экскурсия ұйымдастырылып, мәдениет мекемесінің тынысы таныстырылды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button