Жаңалықтар

Атқарушылық тәртіп талапқа сай ма?

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында осы жылдың 1 шілдесінен 11 тамызға дейінгі жергілікті мемлекеттік органдардың атқарушылық тәртібі жағдайы қаралды. Басқосуға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары және селекторлық режимде қала, аудан әкімдері қатысты.

Облыс әкімі аппаратының басшысы Нұржауған Қалауов аталған мерзім аралығындағы атқарушылық тәртіп мәселесіне тоқталды. Көрсетілген уақыт ішінде жергілікті мемлекеттік органдардың атына облыс басшысынан түрлі бағытта 614 тапсырма берілген. Ал жоғары тұрған орталық мемлекеттік органдардан 1138 тапсырма болған. Жалпы, 1400 тапсырманың 1259-ы орындалған. 7 тапсырма белгіленген мерзімнен кешіксе, облыс әкімінің аудандарға жасаған жұмыс сапарының қорытындысы бойынша берілген 5 тапсырмасы орындалмаған.

Мәселен, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тиісті тапсырмаларға салғырт қараған. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармалары аудандар және Ақтөбе әкімдіктерімен бірлесіп атқаруы тиіс болған тапсырма, Хромтау ауданының Ақжар ауылында, Шалқар ауданының Шілікті ауылында, Әйтеке би ауданының Құмсай және Мұғалжар ауданының Мұғалжар ауылдарында өрт сөндіру бекеттерін құру мәселесін пысықтау тапсырмасы және энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесіп, 2030 әскери бөлімі офицерлер құрамының үйіне резервтік электр беру желілерін қосуды пысықтау сынды тапсырмалар орындалмаған. Жиын барысында осы мәселелердің орындалмау себебі анықталып, жауапты мамандармен шешілу жолдары қарастырылды.

Сонымен қатар Нұржауған Қалауов әлеуметтік желілердегі жергілікті мемлекеттік органдардың қызметі туралы айтып өтті. Дене шынықтыру және спорт, жастар саясаты мәселелері, білім және денсаулық салалары басшылығы, Мәртөк, Мұғалжар, Хромтау, Темір аудандарының әкімдіктері мен тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау және полиция департаменттері әлеуметтік желілерде өте белсенді. Атқарылған жұмыстарды халыққа үнемі жариялап отырады.

«Халықпен тікелей әрі кері байланыс орнату үшін тұрақты жұмыс істейтін блоктардың, мемлекеттік органдар сайттарының, сенім телефондарының жұмыстарын қадағалауды тапсырамын және барлық басқарма басшылары мен аудан әкімдері әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, тұрғындармен тығыз қарым-қатынас жасауы қажет», — деп атап өтті Оңдасын Оразалин.

Жиынды қорытындылаған облыс басшысы жауапты адамдарға жоғарыда аталған мәселелерді уақтылы шешуді тапсырды. Сондай-ақ, алдағы уақытта айтылған тапсырманы уақтылы орындамаған басшыларға тәртіптік жаза берілетіні ескертілді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button