Басты жаңалықтарЖастар

Жол ашатын жобалар

Жыл сайын елімізде жастарға арналған жаңа жобалар жүзеге асырылады. Биылғы Жастар жылында облыста «Еңбек», «Жас кәсіпкер», «Дипломмен — ауылға!», «Жасыл ел», т.б. бағдарламалар сәтті жүзеге асырылып, жастар жұмыспен, тұрғын үймен қамтылуда. Алдағы уақытта өзге өңірлермен қатар Ақтөбе облысында «Жас маман» бағдарламасы жұмыс жасап, 100 индустриялық және қызмет көрсету мамандықтары бойынша кадрлар даярланды. Бүгінгі күні бұл бағытта қарқынды жұмыстар жүргізіліп, жастарға жаңа жобаның тиімділігі насихатталуда. Сонымен…

 «Жас маман»: тізімде 10 колледж бар

Биыл Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда «100/200» қағидаты негізінде «Жас маман» бағдарламасын әзірлеу қажеттігін айтқан болатын. Алдағы үш жыл ішінде 200 мыңға жуық жасты қамтитын аталған жоба еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылатын болады. Бағдарлама аясында жаңғыртылған 200 оқу орнының базасында сұранысқа ие 100 индустриялық және қызмет көрсету мамандықтары бойынша кадрлар даярланбақ. Мамандықтар бойынша оқыту үшін 400 комплект қазіргі заманға сай жабдықтар сатып алынып, бұл жобаға Қазақстанның барлық жүйе құраушы кәсіпорындары мен ірі бизнес өкілдері қатыстырылады. Сондай-ақ үш жыл ішінде жаңа стандарттар бойынша 200 мыңнан астам маман даярланып, 15 мыңнан астам оқытушы өз біліктілігін арттырады.

Аталған жобаға сәйкес бүгінгі күні облыста өңірлік комиссияның шешімімен «Жас маман» бағдарламасына қатысатын салалар бойынша жоба ретінде 10 техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орнының тізімі ұсынылған. Атап айтсақ, теміржол көлігі саласы бойынша Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжі, металлургия және машина жасау саласы бойынша Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі, тау-кен қазу және тау-кен металлургиялық саласы бойынша Хромтау тау-кен техникалық колледжі, құрылыс және коммуналдық шаруашылығы саласы бойынша Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжі,көлік саласы бойынша Ақтөбе автожол колледжі,байланыс,  телекоммуникация және ақпараттық технологиялар саласы бойынша Ақтөбе байланыс және электротехника колледжі,сервис және қызмет көрсету саласы бойынша Ақтөбе сервис колледжі,орман, балық шаруашылығы және ветеринария саласы бойынша Ақтөбе жоғары ауылшаруашылық колледжі, өндіріс, құрастыру, пайдалану және жөндеу саласы бойынша Қандыағаш өнеркәсіптік-экономикалық колледжі, сондай-ақ техникалық сала бойынша Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар және басқару колледжі бар.

Облыстық білім басқармасы мамандарының айтуынша, бүгінгі күні аталған бағдарлама бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігінен арнайы қаулы келмеген. Дегенмен алдағы уақытта бағдарлама іс жүзінде толық әзірленген соң барлық өңірде бірдей жүзеге асырылатын болады. Бағдарлама аясында республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, заман талабына сай құрылғыларды пайдалана отырып, білікті мамандар даярланбақ.

— Бүгінгі күні облыста инженерлік-технологиялық мамандықтар жетіспейді. Біз бұл бағытта есеп жүргізбейміз. Дегенмен алдағы уақытта облыста «Жас маман» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылса, индустриялық және қызмет көрсету саласын меңгеріп, қызмет ететін жастардың саны көбейеді деп ойлаймын. Бүгінгі күні өңірімізде кәсіпкерлік саласын меңгерген, осы салада еңбек ететін жастарға зор мүмкіндік бар. Мәселен, биылғы жылдан бастап қолға алынған «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында өңірдегі жастар өз кәсібін ашып, осы салаға өз үлесін қоса алады. Бұл жоба өзінің тиімділігін көрсеткен, танымал «Бастау-бизнес» жобасы аясында іске асырылуда. Атап айтсақ,биыл «Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 16-29 жас аралығындағы 508 адам оқуға жіберілді, — дейді облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлнар Қабиева.

261 жас маман ауылда еңбек етіп жүр

Гүлнар Қабиеваның айтуынша, облыста жастарды жұмысқа орналастыру және оларды жұмыспен қамту мәселелері бойынша жыл сайын арнайы мониторинг жүргізіледі. Биылғы жылдың 6 айында облыста «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» және «Аумақтарды дамыту» бағдарламасы бойынша 15 887 адам жұмысқа орналастырылған. Оның 7482-сі — 16-29 жас аралығындағы жастар. Оның ішінде 4064 жас бос жұмыс орындарына жұмысқа орналасса, 1362 жұмыссыз жас түлек жастар тәжірибесіне,408 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген. Сонымен қатар 16-29 жас аралығындағы1648 адам уақытша сипаттағы қоғамдық жұмыс орындарына тартылған.

— Биылғы Жастар жылында облыста үш жақты келісімнің арқасында әлеуметтік, бюджеттік салада еңбек етіп жүрген 150 жас баспанамен қамтылды. Сондай-ақ «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы аясында ауылдық жерлерге баруға ниет білдірген көптеген жас маман ауыл-елді мекендерде абыройлы қызмет етіп жатыр. Оларға мемлекет тарапынан қайтарымсыз көтермеақы және тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие беріледі. Ал бұл — жас мамандарға үлкен қолдау, — дейді орталық басшысы.

Айта кету керек, биылғы жылы облыс бойынша «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасына 1,1 млрд теңге қаржы қарастырылған. Республикалық бюджеттен 261 жас маманға тұрғын үй сатып алуға 988,5 млн теңге бюджеттік несие бөлінген. Ал бұл мақсатта өткен жылы 149 маманға 473,5 млн теңге қаражат қарастырылған. Сондай-ақ биыл жыл басынан бері 297 жас маманға 52,4 млн теңге көтерме жәрдемақы берілген.

«Ақтөбенің» анықтамасы

Ақтөбе облысының статистика департаментінің мәліметі бойынша, облыста биылғы жылғы жұмыссыздық деңгейі 4,8%(орташа республикалық көрсеткіш – 4,8%). Жұмыссыздар саны 20890 адам, оның ішінде ауылдық жерлерде 5868 адам жұмыссыз жүр. Ал 16-29 жас аралығындағы жастардың жұмыссыздық деңгейі – 3,0% (орташа республикалық көрсеткіш – 3,9%).

Бүгінгі таңда жұмыссыз жастардың саны 3099 адам болса, оның 1189-ы — ауылдағы жастар.

«Еңбек»: 3135 жас жұмыспен қамтылып, 4 жас жаңа кәсібін ашқан

Биыл Жастар жылына орай облыстағы жұмыссыз, белгілі бір мамандығы жоқ және оқу орнын жаңадан бітірген жастар нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмысқа орналастырылып жатыр. Аталған бағдарлама үш бағытта, атап айтсақ, техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бойынша іске асырылуда.

Ақтөбе қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Алтынай Маханованың айтуынша, биылғы Жастар жылында 7335 жасты еңбекпен қамту жоспарланған.

Жыл басынан бері Ақтөбе қаласы бойынша 6533 адам жұмыспен қамтылса, оның 3135-і — 29 жасқа дейінгі жастар. Аталған бағдарламаның бірінші бағыты бойынша қысқа мерзімді кәсіби оқуға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға, атап айтсақ, автоэлектрик, электрик, газ дәнекерлеуші, тігінші, шаштараз, тырнақ әрлеуші, тағы басқа мамандықтарға 362 адам бағытталған, оның ішінде 118-і — жастар. Ал бағдарламаның екінші бағыты бойыншаағымдағы жылы 114 адамға өз істерін ашуға немесе кеңейтуге шағыннесие беріліп, 10 адамға 100 айлық есептік көрсеткіш, ал 56 адамға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде грант берілді. Грант жеңіп алған азаматтардың 17-сі — 29 жасқа дейінгі жастар, — дейді А.Маханова.

Оның айтуынша, биыл аталған бағдарлама қатысушы 37 адамға 392,7 млн теңге шағыннесие берілсе, оның ішінде 4 жас «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы несие алып, өз кәсібін ашқан. Атап айтсақ, олардың екеуі жүк тасымалымен айналысу үшін жалпы мөлшері 19 млн теңге несие алса, енді бірі үйлену тойларына арналған шатырларды жалға беру үшін мемлекеттен 3 млн теңге қаржы алған.

«Еңбек» бағдарламасы арқылымедициналық орталыққа құрал-жабдықтар алуға несие алған жастардың бірі — Кэтино Ивансу. Ол «Даму» қоры арқылы 16 млн теңгеалып, бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Халыққа медициналық қызмет көрсететін орталық ашқан жас кәсіпкердің алға қойған жоспары көп.

«Жасыл ел» жасағы және 5500 жас

Облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлнар Қабиеваның айтуынша, жыл сайын облыста жүзеге асырылатын «Жасыл ел» бағдарламасы да биыл жастардың еңбекпен қамтылуына зор ықпал етуде. Атап айтсақ, биыл «Жасыл ел» жасағына 2545 жасты жұмысқа орналастыру жоспарланған. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 200,0 млн теңге бөлінген. Бүгінгі күні «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 3 маусымнан бастап 404 жас (студенттер, жұмыссыз жастар) жұмыс жасауда.

Жалпы 2019 жылы облыстық жастар саясаты мәселелері, жұмыспен қамтуды үйлестіру, сондай-ақ табиғи ресурстар және табиғат пайдалану басқармалары арқылы облыс бойынша 5500 жасты жұмыспен қамту жоспарлануда.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button