БілімБасты жаңалықтар

Мектептер оқу жылына дайын ба?

Жаңа оқу жылында облыстағы 403 мектепте 150 мыңға жуық оқушы білім алады. Мектеп табалдырығын аттайтын балдырғандардың үлесі 19 мыңнан асады. Қазірдің өзінде электронды форматта қабылданған 1-сынып оқушыларының саны — 13675 бала.

Оқушыларға 14949 педагог сабақ береді. Дегенмен әлі 265 маман тапшы. Олардың басым бөлігі — орыс мектептерінің, орыс сыныптарының мұғалімдері. 

21 мектептің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Оның 11-і — республикалық бюджет есебінен қаржыландырылып отыр. Жыл аяғына дейін 15 білім шаңырағы ел игілігі үшін пайдалануға беріледі.

Білім күні еліміздің барлық мектептерінде «Саналы ұрпақ — жарқын болашақ» тақырыбында ашық тәрбие сағаты өтеді.

Облыс мектептерінің жаңа оқу жылына әзірлігі қалай? Біз бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаевамен әңгімелескен едік.

Басты ерекшеліктер

Бірінші ерекшелік, жаңа оқу жылынан бастап 4,9,10-сыныптар жаңартылған білім беру мазмұны бойынша білім алады. Бұл — кезең-кезеңмен көшірілу жоспарланған жаңа жүйенің төртінші бөлігі. Келесі жылы жүйенің соңғы сатысы бойынша жұмыстар жүзеге асырылмақ. Яғни, жаңа мазмұнға сай білім алатын балалар легін 11-сынып оқушылары түйіндейді. Сөйтіп, әлемдік тәжірибенің үздік үлгісі саналатын 12 жылдық оқу бағдарламасына біздің ел 2020 жылы толықтай көшіп болады.

Айта кету керек, жаңа оқу жылында жаңартылған мазмұнға көшетін 4, 9 және 10-сыныптарға оқулықтар сатып алуға  1 млрд 936 млн теңге бөлінген.

Екінші ерекшелік, 10-сыныптың оқушылары үшін бір емес, үш жаңа пән енгізілмек. Олар: алғашқы әскери және технологиялық дайындық, кәсіпкерлік және бизнес негіздері, графика және жобалау пәндері.

Үшіншісі, бейіндік пәндерге байланысты қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттарды таңдаған  10-сыныптың оқушылары бұдан былай екі сыныпқа бөлінбейді. Екі бағытты таңдаған бір сыныптың оқушылары сабақты жаңа бағдарлама бойынша оқиды.

1-сынып және «Балақайлар мектебі»

  • Мектепке балалар 6 жастан бастап қабылданады. Сол себепті, балабақшаға, мектепалды даярлық тобына бармағанмектепке даярлықты қажет ететін балапандар үшін биылдан бастап 298 мектептің жанынан «Балақайлар мектебі» дайындық курсы ашылды. Аталған курс тамыздан бастап жұмыс істеп жатыр. Олар арнайы бағдарлама бойынша оқытылады, — дейді Ләззат Аманжолқызы.

Оның айтуынша, биылдан бастап қолға алынған аталған жобаның басты міндеттері: баланың  мектепте  оқуына эмоционалды — оң көзқарасты қалыптастыру, болашақ  мектеп оқушысының тұлғасын қалыптастыру, «Мектепалды даярлық — бастауыш сынып» сабақтастық қағидасын сақтау.

Жаңа оқу жылына 1-сыныпқа электронды форматта қабылдау жүргізілуде.

Қазірдің өзінде электронды жүйе арқылы 13 675 бала қабылданды.

  • 1 қыркүйекке дейін 5526 баланы қабылдау күтілуде. Ақтөбе қаласындағы балалардың 90 пайызы құжаттарын тапсырды, — дейді басқарма басшысы.

Құрылыс  

Өткен  оқу жылында облыс бойынша 399 мектеп болған-ды. Жаңа оқу жылынан бастап білім шаңырақтарының саны артпақ. 403 мектепте 1-сынып оқушылары үшін алғашқы қоңырау соғылады.

  • Мектеп желісі жаңа құрылыс есебінен артып отыр. Жалпы құны 4 миллиард 900 миллион теңгеге 21 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 3,2 миллиард теңге республикалық бюджеттен бөлініп отыр. Бұл қаражатқа 11 мектеп салынуда. Жалпы сыйымдылығы — 6470 орын, — дейді Ләззат Оразбаева.

Жоспарға сәйкес 21 мектептің 15-і биыл пайдалануға беріледі. Мысалы, Шалқар ауданында 2 мектеп іске қосылды.Мұғалжар, Ойыл, Ырғыз және Байғанин  аудандарындағы ескі, бейімделген мектеп ғимараттарын жою,  орнына жаңа мектеп құрылысын жүргізу бойынша да жұмыстар жүргізілуде.Сондай-ақ, Байғанин, Ырғыз, Хромтау аудандарында мектеп-интернаттары еңсе көтеруде.

  • Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанына қарамастан оқушы орнының тапшылығы сақталуда. Аталған мәселе негізінен жаңа мектеп ғимаратын салу мүмкіндігі жоқ көп қабатты тұрғын үйлері бар тұрғындар тығыз орналасқан Ақтөбе қаласының шағын аудандарында орын алып отыр. Жергілікті атқарушы орган тарапынан орын тығыздығы қалыптасқан және үш ауысымды мектептерге қосымша құрылыс салу есебінен мәселені шешу жолдары қарастырылуда.

Биыл Ақтөбе қаласындағы  №9, 17, 21, 27, 37, 56 мектептерге жалпы сыйымдылығы 1009 орындық қосымша құрылыс салу үшін облыстық бюджеттен 520 миллион теңге бөлінді. 1 қыркүйекке дейін №9, 21, 27 мектептердің жанындағы қосымша құрылыстар аяқталады.

Мектептердің негізгі ғимараттарына қосымша құрылыс салу тәжірибесі орын тығыздылығы мәселесін айтарлықтай шешеді. Өйткені,№15 және №29 мектептердің жанынан қосымша құрылыстар салғаннан кейін аталған білім шаңырақтарындағы мәселе шешілді, — дейді Ләззат Аманжолқызы.

Мектеп формасы. Оқушылар тасымалы және ыстық тамақ

Жалпы облыс бойынша  мектеп формасы бірыңғайланған. Міндетті мектеп формасы талаптарын орындамаған  8 оқушының  7-еуі сыныптан сыныпқа көшірілмепті.

  • Әзірге мектеп формасын сақтамайтын 8 оқушы қалды. Бірақ бұл мәселе тұрақты бақылауда. Айта кету керек, қашықтықтан оқыту, қашықтықтан білім алу жүйесі мектеп бағдарламасына енгізілмеген. Сол себепті, мектеп формасын сақтамайтындар қашықтықтан оқи алмайды, — дейді басқарма басшысы.

Облыста мектептері жоқ 60 елді мекен  бар. Ондағы 418 оқушының 122-сі тасымалданады, 296-сы мектеп жанындағы интернатта  тұрады. Оқушыларды 12 автокөлік тасымалдайды. Қазіргі уақытта 4 автобусқа қажеттілік бар.

375 мектепте 131 363 оқушыға ыстық тамақ ұйымдастырылатын болады.  16 744 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылады. Ыстық тамақтың орташа бағасы — 363 теңге.

Маман тапшы

Облыс мектептерінде 14 949 педагог еңбек етеді. Дегенмен, әлі 265 маман қажет.

  • Мамандардың тапшылығын жою мәселесі бойынша оқу орындарымен жұмыс жүргізілуде. Бұл — тек біздің өңіріміздің ғана емес, жалпы республикадағы өзекті мәселелердің бірі, — дейді Л.Оразбаева.

Мектептерге орыс тілінде сабақ беретін мамандар тапшы. Әсіресе, бастауыш сынып мұғалімдеріне сұраныс көп.

Түлектер қайда оқиды?

Өткен оқу жылында 6337 оқушы мектеп бітірді. Олардың  2382-сі (37,6 пайыз) мемлекеттік грантқа ие болды. Ақылы негізде білім алу үшін 1652 (26,1 пайыз) түлек құжат тапсырды. Ал шетелде білім алуға кеткендердің үлесі — 504 түлек (8 пайыз).

749 (11,8 пайыз) түлек  облыс әкімінің және атаулы әлеуметтік көмек алатын және көпбалалы отбасы балаларына бағытталған грантқа құжаттарын тапсырды. Грант иегерлері бүгін анықталады.

  • Облыстық білім басқармасы түлектердің, жетім балалардың және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жоғары оқу орындарында ақысыз білім алуына барынша жағдай жасап отыр. Біз жоғары оқу орындарына өмірлік қиын жағдайдағы балаларды тегін оқыту үшін өтініш жасадық. Ректорлар біздің бастамамызды қолдады. Бұл, біріншіден, жастарға тегін білім алуға, екіншіден, өңірде сұранысқа ие мамандарды оқытуға, яғни, кадрлық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді, — дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, биыл 53 бала Қазақ спорт және туризм академиясына, Қазақ ұлттық аграрлық университетіне, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне   және колледждерге грантқа қабылданған.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button