Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Досжан хазірет мешітінде зерттеу жұмыстары жүргізілді

Ә.Марғұлан атындағы археология институтының Батыс Қазақстан аймағы бойынша өкілі, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Бисембаевтың жетекшілігімен Досжан хазірет мешітінде зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Бұл жұмыстарға облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының мамандары да қатысқан.

Досжан хазірет — бүкіл қазақ жұртына мәшһүр қоғам қайраткері, діни ағартушы, бірнеше мешіт салып, медресе ашқан ұстаз. Темір ауданының орталығы — Шұбарқұдық кентіне таяу тұрған мешіт құрылысын ол 1868 жылы осы өңірге қоныс аударғаннан кейін қолға алған. Бұл мешіттің сипаты, оны салған ұстаның аты белгілі ақын Әбубәкір Кердерінің Досжан хазірет туралы толғауында жазылып қалған. Сондай-ақ, Ақтөбе өңіріндегі көне ескерткіштерді зерттеу ісімен өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап айналысып келе жатқан тарихшы ғалым Серік Әжіғали түсірген ескі фотосуреттерде де Досжан хазірет мешітінің бір кездегі айрықша сән-салтанатына дәлел болатын көріністер сақталып тұр.

Енді осыны мешіттің бүгінге дейін сақталған бөлігі мен оның айналасында қазба жұмыстарын жүргізген археолог Арман Бисембаев та қуаттап отыр:

— ХІХ ғасырда Қазақстандағы мешіттердің екі түрлі үлгіде салынғанын байқаймыз.Бұлар — кавказ-татар үлгісіндегі және ортаазиялық дәстүрдегі ғимараттар. Сарытоғайдағы Шәкен ишан мешіті, мысалы, кавказ-татар мәнерінде салынса, ал Досжан ишан мешіті Орталық Азияның сәулет өнері үлгісімен тұрғызылған. Бұл мешіттің құрылысы өз ісін жақсы білетін шебердің басқаруымен жүргізілгені анық көрінеді, — деді ол.

Қазба жұмыстары кезінде ғимаратта желдету жүйесінің болғанын айғақтайтын шағын терезелердің орны да анықталған. Мешіт айналасынан көне құдықтың және медресе шәкірттеріне арнап салынған жатақхананың орны табылыпты. Сондай-ақ мешіт айналасында қорым бар. Досжан хазіреттің өзі осы мешітке таяу жерленгені белгілі. Дегенмен қорымдағы бейіттердің көпшілігі беріде пайда болған. Арман Бисембаев осы берідегі бейіттердің орнында бір кездері елді мекен орналасқан болуы мүмкін деп болжайды.

Ең өкініштісі, біз жоғары бөлігі қирап, әбден шөгіп, бір кездегі сән-салтанатынан айырылып жеткен қазіргі қалпының өзін баға жетпес қазынаға балап отырған мешіт ғимаратын кеңестік билік тезірек құртып тынуға асыққандай, асқан өшпенділікпен «пайдаланған» секілді. Бұл мешіттің ол заманда дүкен, астық қоймасы, мал қора ретінде пайдаланылғаны жөнінде бұрыннан айтылып жүр.

Ал археолог Арман Бисембаев мешіттің батыс жағынан кеңес заманында салынған құрылыстың орны табылғанын, ол жерден өте көп мөлшерде арақ-шарап бөтелкелері шыққанын айтады.

— Бөтелкелердің көптігі бізді қатты таңғалдырды. Бұл жерде арақ-шарап дүкені немесе соны сақтайтын қойма болған секілді, — деді ол.

Қазба жұмыстары кезінде табылған асықтар, темір қоршаулар қалдықтары, патша заманындағы металл ақшалар, т.б. жәдігерлер Темір аудандық музейіне табысталған.

Тағы бір айта кететін жайт — ел аузында көне мешіттердегі жерасты жолдары, бір кездері сол жолдарды көрген адамдар туралы аңыздар бар. Мұндай мазмұндағы аңыздар Досжан хазірет мешіті төңірегінде де айтылып келген. Осының анық-қанығына көз жеткізу мақсатында қазба жұмыстары кезінде мешіт астында бос кеңістіктердің бар-жоғын көрсететін аппараттар қолданылған.

— Мешіт астында бос кеңістіктер бар болғанымен, олардың жұртшылық айтқандай бірнеше шақырымға созылатын үлкен көлемде емес екені анықталды. Шағын-шағын шұңқырлар бар. Бұл дін адамдары бір сәт оңаша қалу үшін пайдаланған жерасты мінәжат орындары болуы мүмкін, — дейді Арман Бисембаев.

Бүгінгі күні шығыс жақ бөлігі, сондай-ақ, оңтүстік және солтүстік қабырғаларының бір бөліктері сақталып қалған мешіт республикалық маңызы бар нысан ретінде «Қазақстанның киелі жерлері географиясына» енген.

 И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button