Рухани жаңғыру

Құлпытастар сыр шертеді

Көне құлпытастардағы жазулар тасқа басылған тарихи деректер болып табылады.Түркітілдес түрікмен, әзірбайжан халықтары құлпытастардағы жазуларын әлдеқашан зерттеп, ғылыми айналымға түсіріп, тіпті компьютерлік қорға енгізіп қойған. Бұл іске біз кешеуілдеп кірісіп отырмыз.

Жуырда Р.Сүлейменов атындағы шығыстану институтының мамандары біздің өңірден 334 құлпытасты жан-жақты зерттеп, олардағы жазбаларды хатқа түсіріп алды.

Біздің облысқа еліміздегі шығыстану саласындағы жетекші ғылыми-зерттеу орталығы болып табылатын Алматыдағы Р.Сүлейменов атындағы шығыстану институтының мамандарынан құралған экспедициялық топ келіп, бірнеше қорымдағы көне құлпытастарға зерттеу жүргізіп жатқаны жөнінде біз жазған едік.

Сейсенбі күні облыстық тарихи-өлкетану музейінде ұйымдастырылған дөңгелек үстелде осы жұмыстардың бастапқы қорытындылары жария етілді. Жиынға мәдениет саласының мамандары, тарихшы ғалымдар мен өлкетанушылар, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.

Экспедициялық топ мүшесі, шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері, араб тілі маманы Бағдат Дүйсеновтің айтуынша, құлпытастарды зерттеу жұмыстары Ақтөбе қаласының Сүт зауыты ауданындағы ескі қорымнан басталған. Бұл жерден араб қарпімен жазылған 18 құлпытас табылған. Солардың бірі — белгілі қоғам қайраткері Бақытжан Қаратаевтың зиратына қойылған құлпытас.

— Бұл қорымда Бақытжан Қаратаев, Нұрпейіс Байғанин сынды тұлғалардың жатқанын жергілікті жұрт бұрыннан біледі. Бақытжан Қаратаевтың басына қойылған құлпытаста оның өмірінен бірқатар деректер берілген. Мысалы, оның 1860 жылы Гурьев қаласында туып, 1934 жылы Ақтөбеде қайтыс болғаны жазылған, — деді Бағдат Дүйсенов.

Мамандар екі апта уақыт ішінде Сүт зауыты ауданындағы ескі қорымнан басқа, Қарғалы су қоймасы маңындағы Қызылтам қорымында, Алға ауданының Бестамақ ауылындағы Есет батыр Көкіұлы қорымында, Қобда ауданындағы Абат-Байтақ қорымында, Сарытоғайдағы Шәкен ишан мешіті маңындағы қорымда, Хромтау ауданы аумағындағы Бекқұл әулие қорымында, Мұғалжар ауданындағы Жұбановтар әулетінің қорымында және Әйтеке би ауданындағы Жолай-Жүсіп қорымында болып, ХVIII-XIX ғасырлардан қалған ескерткіштерді зерттеген.

Бұлардың арасында Абат-Байтақ қорымында мамандар үш күн бойы жұмыс істеп, 220 құлпытас ескерткіштерін тіркеуге алған.

— Абат-Байтақ қорымында үш күн аялдап, жоспардағыдан ұзағырақ жұмыс істеуге тура келді. Өйткені осындағы көне құлпытастарды түгел тізімдеп, суретке түсіріп, олардағы жазуларды көшіріп алуға тырыстық. Әзірге тек 60-70 тас қана оқылды. Басқаларының деректері кейінірек белгілі болады. Қазіргі оқылған деректерге қарап, мұнда батыр, би сынды бірқатар қайраткер тұлғалар бар деп болжадық. Ал Шәкен ишан қорымында халпе, хазірет дәрежесіндегі діни қайраткерлердің құлпытастары кездесті, — деді Бағдат Дүйсенов.

Қорымдардан табылған деректерге мамандар генеалогиялық тұрғыдан да талдау жасайды. Абат-Байтақ қорымында, мысалы, табын руының адамдарына қойылған құлпытастар көбірек кездеседі екен. Мамандардың айтуынша, құлпытасты қоюшылар туралы деректердің арасынан Дәуіт батырдың да есімі кезіккен. Қызылтам қорымында шекті, жағалбайлы, қырғыз руларының адамдары жерленген, олардың ішінде құлпытастарында би, батыр деп көрсетілген тұлғалар, бірен-саран болса да кездесіпті. Ал Есет батыр қорымынан Кіші жүздің көптеген руларының өкілдерімен қатар, сұлтандардың құлпытастары да ұшырасқан.

Мамандар бұл деректердің әлі де өңделіп, кейбірі архив мағлұматтарымен салыстырыла зерттеліп, содан соң ғана ғылыми айналымға енгізілетінін айтты.

— Құлпытастардағы жазуларды хатқа түсіру — үлкен жұмыстардың басы ғана. Олардың арасынан белгілі тұлғалардың құлпытастары табылып жатса, бұл, әрине, тарихымызды тереңдете түсу үшін құба-құп болар еді, — дейді Бағдат Дүйсенов.

Экспедициялық топтың жетекшісі, Р. Сүлейменов атындағы шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Дина Медерова жиында еліміздегі құлпытастар мен эпитафиялық мәтіндерді зерттеу мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде әңгімеледі.

— «Ұлы дала тарихы мен мәдениеті» бағдарламасының үлкен бір бағыты — құлпытастарды зерттеу. Әрине, осы кезге дейін бұл жұмыстар мүлде жүргізілмеген деуге болмайды. Айталық, Батыс Қазақстан облысының Хан зираты, Мәулімберді және Жантөре хан қорымдарында жүргізілген зерттеулер барысында қазір үш кітап әзірленіп жатыр, — деді ол.

Экспедициялық топ құрамында жергілікті мамандар да болды.

— Қадым үлгісіндегі жазуларды оқудың араб тілі мамандары үшін де қиынға соғатын тұстары болады. Өйткені қадым жазуында дауысты дыбыстар белгіленбейді. Мысалы, «Сәлке батыр» деген сөзді «Сүлке батыр» деп те оқуға болады. Сондықтан бұл жерде өлке тарихын жақсы білетін жергілікті мамандардың көмегі қажет, — деді Бағдат Дүйсенов.

Ал ескерткіштерді зерттеу және қорғау саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен маман, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай біздің өңірдегі құлпытастарды зерттеу ісін жеделдету керектігін баса айтты.

— Экспедиция барысында осыдан 15-20 жыл бұрын бүп-бүтін, жазулары айқын тұрған құлпытастардың бүліне бастағанын байқадым. Демек, біз болашақта бұл тастарда сақтаулы тұрған деректерден мүлде айырылып қалуымыз мүмкін. Сондай-ақ құлпытастар жоғалып кетіп те жатады. Жазушы Әбіш Кекілбаев тарихи туындыларын жаза жүріп, Әбілқайыр хан жерленген Хан моласы қорымына арнайы келген сапарында сол жерден 100-ден аса көне құлпытас көргенін айтқан еді. Ал беріректе осы жерде зерттеу жұмыстары қолға алынғанда небәрі 41 құлпытас қалған болып шықты, — деді Бекарыстан Мырзабай.

Ақтөбе өңіріндегі құлпытастардан хатқа түсірілгенкөне жазуларды зерттеу ісін  мамандар енді Алматыда жалғастырады. Бұл сапардың түпкілікті қорытындыларын олар осы зерттеулер аяқталғаннан кейін ғана жария етеді.

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button