Басты жаңалықтарМәселе

Бала қатыгез болмасын десең — бауырыңа тарт

Балалар  қылмысы

 Жасөспірімдер қылмысына байланысты өткен жиында  облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Облыстағы мемлекет қаржыландыратын 164 ювеналды полиция қызметкері өз жұмыстарын формалды түрде жүргізеді» деп сынады. Әдетте  жасөспірімдер арасында ауыр қылмыстар жасалғанда, полиция мен заңбұзушылыққа барған оқушылары үшін мектеп мұғалімдерінің  сөз еститіні қалыпты жағдайға айналды.

Өткен жылмен биылғы жартыжылдықты салыстырғанда ресми дерек статистикасы арасында аса айырмашылық жоқ. Биылғы қаңтардың 20 күні ішінде  рейд жүргізген полицейлер жасөспірімдер қалтасынан  77 пышақ тапты.Мұғалімдері мен директорлар «тәртіпті, үлгілі, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады» дейтіноқушылар кісі өлтірді. Жасөспірімдер  ұрлық, бұзақылық, тонау қылмыстарынажиі баратын болса, соңғы жылдары ауыр қылмыс жасайтын кәмелетке толмағандар қатары көбейді. Негізінен бұл оқиғалар  қысқы каникулда — көбіне қаңтардың алғашқы жартысы мен  жазғы каникул басталғанда, маусым-шілде айларының басында өрши түседі.

Ақпанда Ақтөбе политехникалық колледжінде облыс әкімінің орынбасары  Марат Тоқжанов қаланың ескі Сүт зауыты ауданында — зират маңында  топ болып  төбелескен оқушылар мен олардың ата-аналарын, мұғалімдерін жинады. Төбелеске қатысқан балаларды  жеке-жеке тұрғызып  сұрады. Қаңтардағы рейдте балалар  қалтасынан 77 пышақ табылған«сұмдық жағдайға» қатысты «ата-ана ең әуелі баламның сөмкесінде не қалтасында пышақ неге жүр деп ойлануы керектігін», «түзу  ортада өскен бала бірден пышаққа жүгірмейтінін» айта келе, оларды қорғаштайтын мұғалімдерін қатаң сынады: «Бұзақылықтарын жасырып, бүркемелейтін ересектердің іс-әрекетіне оқушылардың көзі үйренген. Қанша жерден жақсы оқыса да, істеген ісінеөз басымен жауап беретінін түсінгенде  бала  ойланар еді», —деді. Осы жерде көпшілік  ата-аналар балаларын  қорғаштап: «Білмедік, үйден кешкілік досыма барамын деп шығып кеткен» деген сыңайда жауап берді. Мұғалімдер қаңтарда төбелеске көп  қатысқан №15  мектеп оқушыларына «жақсы оқиды, спортпен айналысады, белсенді» деп тамаша мінездеме жазған еді. Облыс әкімінің орынбасары балаларды WhatsApp-пентөбелеске шақырған, ұйымдастырған«тасада тұрыпот салушыларды анықтауды»полицияға міндеттеді. Осы жерде №15 мектеп оқушыларын төбелеске  жинаған  осы оқу орнының былтырғы түлегі, Алматыда жоғары оқу орнында оқитын 1-курс студенті екені айтылды. Қылмыс мотиві белгісіз.Полиция төбелес басталғанда келмесе,ескі зират басындағы  30-40 жасөспірім арасында не болары белгісіз еді.

Статистика не дейді?

2018 жылы еліміз бойынша кәмелетке толмаған3156 мың жас қылмыстық жауапкершілікке тартылса, мұның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыс үлесі —9.1 пайыз. Осы жылы Ақтөбеде физика-математика мектебінің 11-сынып оқушысы №19 мектептің оқушысын өлтіріп, 9 жылға бас бостандығынан айырылды. №48 мектептің оқушысы Ақтөбе политехникалық колледжінің оқушысын 6 жерден пышақтап, ол пышақ жарақатынан көз жұмды. Мектеп оқушысы  9 жылға сотталды. Қылмыс маусым, тамыз айларында жасалды. 2019 жылы 26 қаңтарда Шалқарда  мұз айдынында жасөспірімдер арасында тұтанған жанжалдан Шалқар орта мектебінің  11-сынып оқушысы басқа мектептің  10-сынып оқушысына  пышақ  салып, ол аудандық ауруханада көз жұмды.

Облыста 2017 жылы  жасөспірімдер 159 қылмыс жасаса, 2018 жылы  14 қылмыстық іс тіркелді. 2018 жылы қылмыстық іске тартылған 157 жасөспірімнің 62-сі — орта мектеп, 95-і — колледж оқушылары. 703  жасөспірім ішкі істер департаментінің арнаулы есебіне тұрғызылды. 407 жағдайы төмен отбасы есепке алынды. 56 ақтөбелік азамат ата-аналық құқығынан айырылды.Кәмелет жасына жетпегендерді бейімдеу орталығынажіберілген 418 баланың  45-і — ата-ана қарауынан тыс қалған болса, 366-сы бақылаусыз, бетімен жүргендер екен. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияда 495 іс қаралып, 7 жасөспірім арнайы оқу мекемелеріне жіберілді.Балаларын бақыламайтын 3760 ата-ана мен  заңды өкіл жауапкершілікке тартылды. Балаларын түнгі ойын-сауық орындарына жіберген 159 ата-ана мен  91 ойын-сауық орнының басшысыәкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жасөспірімдер қылмысына қатысты  2019 жылдың 6 ай қорытындысы не дейді?  6 айда 63 жасөспірім қылмыс жасап, 43 ұрлық, 6 тонау, 15 бұзақылық тіркелді. Шалқар, Ойыл аудандарының жасөспірімдері қылмыс жасаған. Облыста тұрмысы  төмен 800-ден аса отбасы бар.  Бала тәрбиесімен ісі жоқ 100-ден астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке  тартылған. Полиция тіркеуіне алынған 248 жағдайы төмен отбасында  426 кәмелетке толмаған жас бар. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияда 322 іс қаралды. Мұнда 10 ата-ана ата-аналық құқығынан  айырылып,  5 жасөспірім арнайы мектепке жіберілген.

Былтырғы жыл мен биылғы жылдың  статистикасында аса айырмашылық жоқ. Жасөспірімдер  қылмысының құрылымы мен сипатының өзгеруіне рухани-адамгершілік  және  отбасылық құндылықтардың әлсіреуі, телеэкран,  интернеттегі зорлық-зомбылықты насихаттайтын көріністер, ата-ананың бала тәрбиесімен жеткіліксіз айналысуы, ауыр  тұрмыстық жағдай себепші. Дегенмен, бір анығы, бүгінгі қоғам қылмыстың   себебімен емес, салдарымен ғана күресіп жатыр. Бұл жерде  баланың қылмыстық ортаға қалай тап болатыны жете зерттелмейді.

Өшпенділік пирамидасы

Адамдар арасындағы қиын ахуал, әсіресе әке-шеше мен бала арасындағы түсініспеушіліктен туған  күрделі қарым-қатынас  көбіне жүйке жүйесі  қатпаған балаларды  қатыгезортаға  қарай итермелейді. Мұның  түпкі себебі — тұлғалық тұрғыдан қалыптаспаған жастың өмірден өгейлік көруі және одан туатын өшпенділік. АҚШ-тың ең әйгілі 11 психологінің бірі, 1967 жылы өмірден өткен Гордон Элборт  жеке тұлғаның бүкіл адамзаттың қас жауына қалай айналуына дейінгі қылмыскер психологиясын жете зерттеп,  өшпенділік пирамидасын жасады. Элборттың өшпенділік пирамидасы (Hate  pyramid) — адамды құбыжыққа айналдырудың пирамидасы.Ол  адамды қылмыскерге айналдыратын, бала психологиясын талқандайтын  негізгі себептерді бөліп көрсетеді.  Адам баласын жек көруге дейін апаратын өшпенділік негізібаланы өзектен тебуден, мазақтаудан, кемсітуден  бастап қалыптасады екен.  Тұлғалық тұрғыдан қалыптаса қоймаған жас өзін қор сезініп,  жанындағы ата-ана,  достары, мектеп шеттете берсе,  іштей тығылып, өзін түсінетін басқа орта іздейді. Қылмыскерден бүкіл  адамзатты жеккөрушіге айналатын жауыз  бойындағы өзгерістерпирамидалық сатыда былай өтеді.

Ең төменгісі  – біржақты стеретоипті қатынас (Biased Attitudes).  Бұл бес сатылы пирамиданың ең төменгісі.  Бала маңайында өтіп жатқан құбылыстарға бейжай қарайды, ісіне сенімсіз, бастамашыл емес. Бойында  үрей-қорқыныш басым, өз пікірін айтуға ұялып-қысылады. Сұрағандарға дөрекі жауап береді, ашушаң, пікірін өзгертпейді. Өз сенімін ақтау үшін жақтастар іздейді, ақпараттардың ішінен тек жағымсызын ғана таңдайды. Жақсыны көрмейді. Бұл кез келген адамның бойынан табылатын көріністер. Тіпті баланың   өзінің «менін» іздеуі деп те түсінуге болады. Әншейін нәрсе болып көрінсе де,  бұл– өшпенділіктің бастапқы  сатысы. Мектеп психологтары, балабақша тәрбиешілері  кішкентай баланың бойынан осы қылықтарды байқаса, дереу дабыл қағуы тиіс. Себебі, қоғамға өгейлену, адамдарға деген өшпенділік  осы жерден  басталады.

Екінші сатысы – біржақты әрекеттердің басы (Acts of Bias). Бұл да екі адамның бірінің  басынан өтетін жайт. Бірақ, бұл жерде қарсы іс-әрекет, қарсы қимылдар басталады. Бала не жасөспірім қоғамнан өгейлене бастайды. Гордон Элборт мұны «әлеуметтік өгейлену» дейді.  Себебі,қасындағылар оны қорқытады, мазақ етеді,  кекетеді,  оған кемсітетін  лақап  ат таңады. Бала өзін қорғау үшін оқиғаны әсірелейді, құпиясын ішіне жасырады, өтірік айтуды үйренеді. Себебі, ешкімге сенбейді, сондықтан ашылмайды. Қысқасы, қорғансыздың ішкі қорғанышы қисық болып қалыптасады. Осы жайттар баланың қоғамнан жаттануын жеделдетіп,  қылмыс дүниесіне  жақындатады.

Үшінші деңгей — қысымшылық көруі (Discrimination). Осы сатыдағы адамның қоғамнан өгейленуі белсенді түрде жүзеге асады. Мұның көріністері —экономикалық, саяси, білім алудағы, жұмысқа орналасуда, тұрғын үйге қол жеткізудегі кемсітушіліктер. Өмір сүруге  қажетті маңызды нәрселерге  адамның қолы жетпейді.  Не дұрыс білім  алмай, маманданбай өмірден орын таппаған адам  қылмыс дүниесіне жақындайды. Бұл жұрттың бәрі қылмыскер болады деген сөз емес. Ауыр тұрмыс, жоқшылық, өмірден өз орнын таппау — адамды өгейлендіреді.

Төртінші деңгей — саналы түрде зорлық-зомбылыққа бару (Bias Motivated Violence). Бұл — кісі өлтіру, зорлау, басқыншылық шабуыл, өртеу, терроризм, вандализм,  адамзаттың  қасиетті жерлері мен киелі орындарын талқандау.

Бесінші деңгей — геноцид. Оны түсіндірудің  қажеті жоқ, ол — адамзатты қырып-жою.

Осылайша  басында өз  ортасынан өгейленіп, жақынынан жылу таппай, оның жанын ешкім түсінбегендіктен, оқшауланып, тұйықталған жас осылайша шеттетіле, қоғамнан өгейлене береді.

Пирамида төменнен жоғарыға қарай  біржақты қатынастардың шекарасын анықтайды. Әр сатыдағы мінез-құлықтар одан аттаған  адамның өміріне жағымсыз бояу жаға түседі. Яғни, заңды бұзу, қылмысқа бару бір күннің шаруасы емес, бұл жерде кінәрат ата-ана, мектеп,  жолдастары мен жақындарында жатыр. Егер адамдар пирамиданың  төменгі деңгейіндегі  мінез-құлықты дұрыс деп қабылдап,  өзгеруге әрекет жасамаса, келесі деңгей де қалыптыжағдай ретінде көреді. Міне, — ең қауіптісі — осы. Егер қылмыскерлік әлемге сатылап кетіп бара жатқан  жас  қалыпты өмірге  дер кезінде  қайтарылмаса, аз уақыт ішінде  оның құбыжыққа айналуы да тез. Элборт пирамидасындағы  сипаттамаларды  мектеп психологтары, ата-анасы, ювенарлық полиция қызметкерлері  жақсы ұғынса, баланың  қайда кетіп бара жатқанын тез түсінер еді.

Ата-бабамыз «тәрбие –тал бесіктен басталады» деп бала дүниеге келгеннен бастап, он үшке дейін көз алдынан таса қылмай өсірсе, бұл күні оны түсінушілер аз. Өкінішке қарай, адамды сүйе алмайтын, жақындары мен  әке-шешесін сыйламайтын, ұлттық тәрбиеден аттап  өткен  ата-анадан шыққан  қатыгез бала көбейіп барады.

Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button