Басты жаңалықтарЖастар

Жастар күні: 35 ақтөбелік жігіт пен қыздың марапаты  

Өткен сенбі күні Ақтөбе қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында «Жалынды Жастар жылы» мерекелік шарасы өтті. Мұнда белсенді жастар марапатталып, би кеші ұйымдастырылды.

12 тамыз — Халықаралық жастар күніне арналған салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов жиналғандарды осынау мерекемен құттықтап, еліміздің қозғаушы күші — жастар екенін атап өтті:

— Баршаңызды алдымен Халықаралық жастар күнімен облыс басшысы Оңдасын Сейілұлының атынан құттықтаймын.

Жастар — әр елдің қозғаушы күші мен болашағы. Мемлекет те жастарға үлкен сенім артады. Осы орайда қазіргі жастарымыздың бәсекеге қабілеттілігі бізді қуантады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі кезінде: «Еліміздің Тәуелсіздігінің даму жолын жалғастыратын — жастар», — деген болатын. Сондықтан сіздерге көрсетілер қолдау да, жастарға арналған бағдарламалар да жыл өткен сайын күшейе бермек.

Ақтөбелік тұрғындардың 23 пайызы — жастар. Сондықтан осы топтағыларды жұмыспен қамту, әлеуметтік жағынан қолдау әрі қарай жалғасын таппақ. Жас кәсіпкерлерге бөлінетін гранттар да жыл санап көбею үстінде.

Сіздердің әрқайсысыңыз — еліміздің өсіп-өркендеуі үшін өзіндік үлес қосып, аянбай тер төгудесіздер. Осы қарқыннан таймай, мемлекетіміздің гүлденуіне атсалыса беріңіздер! Барлықтарыңызға денсаулық, қажырлы қайрат, тек жақсылық тілеймін, — дей келе, облыс әкімінің атынан білім, журналистика, мәдениет, спорт, кәсіпкерлік, т.б. салада еңбек етіп жүрген 35 жасқа Алғыс хат пен сыйлықтар табыс етті.

Марапатталғандардың арасында облыстық «Ақтөбе» газетінің тілшісі Ақбота Қалдыбек те бар. Әріптесіміз атаулы күн қарсаңында бұл құрметтің естен кетпес сый болғанын айтады:

— Жастар жылы аясында облыс әкімінің Алғыс хатын алғаныма өте қуаныштымын. Және бұны көпке дейін ұмытылмайтын ерекше оқиға деп білемін. Осындай марапаттың өзге де замандастарыма жұғысты болуына тілектеспін, — деп лезібін білдірді.

Ал «Жас маман» аталымы бойынша марапатталған Әйтеке би ауданындағы балалар саз мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлдана Қалмағанбетова: «Аудандағы шараларға әрдайым белсенді қатысамын. Өзім «Замандас» халықтық театрының режиссері қызметін қоса атқарып жүрмін. Осы еңбегімді елеген болуы керек, басшылық мені осындай марапатқа ұсыныпты. Ризамын», — дейді.

Салтанатты шара ашық аспан астындағы жастардың би кешіне ұласты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button