Денсаулық

БУЫНДАРДЫ БРУЦЕЛЛЕЗ ЗАҚЫМДАЙДЫ

Бруцеллез — буындарды, репродукциялық органдарды және жүйке жүйесін зақымдайтын аса қауіпті инфекциялық ауру. Ол кейде адамды мүгедектікке душар етуі мүмкін.

Бруцеллезге шалдығушылардың 80 пайызы оңтүстік аймақта тіркелген. Мәселен, бұл Жамбыл облысында 39,6 пайыз болса, Оңтүстік Қазақстанда — 28,4, Алматыда — 27,8, Қызылорда облысында 20 пайызды көрсетеді. Ал біздің облыста бұл көрсеткіш — 27,5 пайыз.

Ауру малдан таралады. Әсіресе, жүн қырыққанда, мал қораларды тазалағанда, сойғанда, малдан алынған өнімді термиялық өңдемей қолданғанда ауа мен шаң арқылы жұғады. Мал төлдейтін уақытта ауруды жұқтыру қаупі жоғарылайды. Жүндегі бруцеллдер бөлме температурасында 3 айға дейін өмір сүреді. Бруцеллдер ауру малдың шикі сүтін қолданғанда да жұғады. Мәселен, инфекция  сүтте — 10, ірімшікте 45 күнге дейін сақталады. Инфекцияны жұқтырғаннан кейін адам бойында үш аптадан бір айға дейін жасырын инкубациялық кезең өтеді. Күндіз және кешке қарай дене қызуы көтеріліп, безгек белгісі байқалады. Науқас қалтырап, терлеп, сүйек-буын және бұлшық еті ауырады. Егер ауруды дер кезінде анықтаса айығып кетуге болады. Алайда кей жағдайда ауыл тұрғындары ауруға салғырт қарап, асқындырып алады. Егер ауру асқынса, адам мүгедек болып қалуы да мүмкін. Сондықтан сырқатқа шалдықпас үшін алдын алған жөн. Ол үшін малдарға ветеринарлық тексеру жүргізіп, ауру малдарды анықтап, оларды оқшаулау керек. Әсіресе, мал төлдейтін уақытта ветеринарлық-санитарлық тазалықты сақтаған жөн. Балаларды мал жайлайтын аймаққа жібермеген абзал. Сондай-ақ сүт және сүттен жасалған өнімдерді  арнайы сауда орындарынан сатып алу керек. Қолдан бұндай өнімдерді алуға болмайды.

Гүлнар СИДАШЕВА,

облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы директорының орынбасары.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button