Жаңалықтар

Арыстық балалардың алғысы

Өткен сенбі күні «Энергетик-Шұғыла» лагерінде демалып жатқан 100 арыстық балаға қайырымдылық концерті ұйымдастырылып, оқу құралдары тарту етілді.

Шараның мақсаты — ұл-қыздардың достық қарым-қатынасын нығайту, оларға мерекелік көңіл күй сыйлау. Халықаралық Жастар күніне орайластырылған акцияда алдымен балаларға концерт ұсынылып, ойындар өткізілді. Жазғы каникулын Ақтөбеде өткізіп жатқан балақайларға естелік сыйлықтар да таратылды.

— Арыс қаласынан келген 100 балаға «Мектепке жол» акциясы аясында сабаққа қажетті дәптер, қалам, қарындаш, өзге де кеңсе бұйымдары берілді. Бұл игі шараға «Позитив лайк» волонтерлар клубы мен «Қалам» кеңсе тауарлар дүкені демеушілік етті. Сондай-ақ, тәтті сый ретінде балмұздақ ұсынып жатырмыз, — дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуов.

Балдырғандардың көңілін көтеріп, ән-биге негізделген ойындар ұйымдастырған ерікті жастар, осылайша, мерекенің көрігін қыздырды.

«Мен Ақтөбеге Арыс қаласынан келдім. Лагерьде демалып жатқаныма өте қуаныштымын. Мұнда мен көп достар таптым, жаңа әндер мен ойындарды үйрендім. Бүгін де, міне, бәріміз концерт көріп, сыйлықтар алып, мәз боп жатырмыз. Осының бәрін ұйымдастырған, бізге сыйлық берген ақтөбелік аға-апаларыма алғысымды айтамын»,— дейді 9 жастағы Жаннұр Қалашбек.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button