Жаңалықтар

Тұрғын үй сертификаты кімдерге беріледі?

Брифинг

Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй сертификаттарын беру жөнінде брифинг өтті.

Шараға қатысқан Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Гүлназ Сисенова, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Жеделбек Мырзағалиев тұрғын үй сертификаттарын беру қағидалары және оның жүзеге асырылуы жөнінде ақпарат берді.

— Бүгінгі таңда қала бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу үшін 23 мыңнан астам азамат кезекте тұр. Оның ішінде 8 634 адам «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға әлеуетті үміткерлер болып табылады.

Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен тұрғын үй сертификаттарын беру қағидалары бекітілді.

Тұрғын үй сертификаты — ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін берілетін ақшалай нысан. Ережелерге сәйкес тұрғын үй сертификаттарының екі түрі қарастырылды. Алғашқысы, әлеуметтік көмек — соңғы 6 айдың ішінде орташа табысы отбасының әрбір мүшесіне 42 500 теңгеден аспайтын жағдайда өтеусіз және қайтарымсыз беріледі. Екіншісі, әлеуметтік қолдау —  соңғы 6 айдың ішінде орташа табысы отбасының әрбір мүшесіне 42 500 теңгеден асқан жағдайда, қайтарымдылық шарттарымен бюджеттік кредит түрінде, жылдық 0,01 пайыз мөлшерде сыйақы мөлшерлемесі бойынша 15 жылға дейінгі мерзімге беріледі, — деді Г.Сисенова.

Облыстық мәслихаттың 2019 жылғы 2 тамыздағы №455 шешіміне сәйкес, облыс бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері және алушылар санатының тізбесі анықталды. Бұл санатқа халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар, көпбалалы және толық емес отбасылар жатады. Сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларындағы бюджеттік ұйымдарда қызмет ететін мамандарға беріледі.

Тұрғын үй сертификаттарын алу үшін пәтер алушы азамат «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» барып, өзінің несиеге алған үйінің қаржысын уақтылы өтей алатынын дәлелдегеннен кейін, қажетті құжаттарды қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тапсыруы керек.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button