Рухани жаңғыру

Нұрсейіт тамы

Ұлы даланың жеті қыры

Жуырда өңірлік телеоператорлардан құралған түсірілім тобы Әйтеке би ауданының оңтүстігін аралап, Қайрақты ауылдық округіне қарасты Талдық ауылының батысында 25 шақырым жерде орналасқан Нұрсейіт тамына барды.

Нұрсейіт тамы 3-4 шақырымнан көз шалатындай биікке орнатылған. Айналасында басқа мазарлардың ізі білінбейді. Там төрт қырлы қабырғасынан өріліп шыққан, төбесі күмбезденіп біткен. Там құрылысы сазнегізді материалдан салынып, сырты күйген кірпішпен өрілген. Тамның сыртқы күмбезі мен іші толықтай әктәс араласқан топырақпен қалың етіп сыланған. Там алдына жалғаса салынған қосалқы құрылыс адамды еңкейген қалыпта ішіне жетектейді. Құрылыстың жоғары бөлігінде төрт бағытқа ашылған терезелері бар (оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс). Тамда екі адам жерленген. Мәйіттегі үйілген топырақ үсті сазкірпішті қоршау жабын жартыдан жоғары көмкерілген.

Там басына қойылған белгі-тақтайшада жазылған мәтіннің жалпы мазмұны былай: «Нұрсейіт шамамен 1750-1850 жылдары өмір сүрген. Нұрсейіттің дүниеде 11 ұлы, бір қызы болған. Өзінен бұрын қызы дүние салған соң, там құрылысына Қарақалпақстан жерінен алдырған сәулетші құрылысшылар тобына басшылық жасап жұмысын аяқтаған».

А.Бисембаевтың Батыс Қазақстан облысының ескерткіштеріне жасаған зерттеулерінде мұндай жерлеу әдістерінің жиі кездесетіндігі айтылады. Мысалы, ол:«Наиболее ярким моментом сочетания исламских признаков в одном погребении можно было бы считать присутствие в погребальном комплексе выкладки над могилой и кирпичной ограды…», — дейдіөзеңбегінде (А.А.Бисембаев — «Археологические памятники кочевников Западного Казахстана» (VIII-XVIII в.в) – Орал, 2003, — 187 б).

Нұрсейіт тамында өзі тектес өзге тамдармен салыстырғанда күмбезінің ішкі бөлігіндегі әшекей өрнектерінде ұлттық болмыс пен мүлде қабыспайтын сәулет түрін бірден байқайсыз. Себебі, әдеттегідей кез келген қазақ мәйітінде кездесетін жарты ай бейнесін бұл жерден көре алмадық. Бір қарағанда, эллинизм іздері көзге ұрып тұрған секілді. Дегенмен байыппен зерделесек, күмбез асты әдіптелген бейнелер әлемдік діндердің қоспасынан құрмаласып өрнектелген. Бұл жөнінде: «Орталық Азияның батыс бөлігінде ислам канондарының ықпалынан көркем өнер үлгілерінде антроморфты және зооморфты сюжеттерді бейнелеуге шеек қойылды. Ал кейбір орталық Азия мен Оңтүстік Сібір жерінде қоныстанған түркі тілдес көшпелі халықтар мәдениетіне христиандықтың не сториандық бағыты, буддизм және манехейлікдіндердің жұғындылары көркем безендіру стильдерінен өз орнын тапты», — делінген (Археология степной Евразии. Искусство кочевников Южной Сибири и Центральной Азии. Ю.С.Худяков, 1998, Москва).

Көріп отырғанымыздай, көшпенділер өмір салты, тарихи-мәдени құндылықтары түрлі мәдени орталардың, әлемдік діндердің ықпалымен санқырлы өзгерістерге ұшырап отырды. Оның ішінде көркемөнерде жаңаша эстетикалық келбетін қалыптастыра білген.

Құрылыстың ішкі қабырғасын адам жанының үш түрлі әлемдегі трансы — құрсақ, дүние және аспан әлемін сипаттап беріп тұрғандай горизонтальды жатқан үш толқынды сызықтар бөліп жатыр. Мазардың ішкі бөлігінде орта беліне айнала салынған жарты шеңбердің барлығында дерлік жоғары беті мен бейнесін вертикальды бөліп тұрған кесінді — ирелек толқын тектес. Тек құрылыстың солтүстік бөлігіндегі бейнесінің вертикальды кесінділерінің арасын екі бағытты нұсқайтын айырым белгісіне ұқсайтын символдар бөліптұр. Олардың саны — үшеу. Ал жарты шеңбер салынбаған орынға самаурын, құмыра, екі бокал бейнеленген. Одан сәл жоғары кит мүсініне келетін бейнені көреміз. Ал жарты шеңбер арасын үлкен толқындар бөліп тұрғандай. Толқын бастарында құмыраға келетін бейненің төменгі бөлігіне бір-бірін қиып өтетін сызықтар түскен. Егер картинаға объективті жан бітіріп елестетіп көрсек, құдды жан-жақтан көмкерген толқындар арасымен қалқып бара жатқан кеме деуге болады. Бірақ шын мәнісінде сәулетшінің түпкі ниеті не болды екен?!

Біздің пайымдауымызша, қабырғадағы бейнелер пайғамбарлар тарихынан сыр шертеді. Дін тарихында Мұса пайғамбардың еврей халқын перғауын әскерінен құтқару үшін Құдайдың құдіретімен Ніл өзенін екіге айырып, ашып ортасынан езгіге ұшыраған еврей халқын алып шығатындығы жайлы қисса кең тараған.

Сондай-ақ құрылыстың орта белінен жоғары күмбезінде үш бөлек бедерленген үлкен шеңберлерді байқауға болады. Шеңбер сақиналарының саны — 7. Сырт шеңберде күн шапағы кестеленген. Ортасында бес қырлы жұлдыз бейнесі бар. Дәл осы картинаны қалған сақиналы шеңберлерденде көре аласыз. Бір шеңбердің қалғандарынан ерекшелігі — онда бес шекті жұлдыздың орнына алты шекті гексаграмма немесе Дәуіт пайғамбардың жұлдызы көрініс тапқан.

Егер картинаның сөзбе-сөз тәржімасын жасар болсақ, Күн жүйесіндегі жұлдыздар деген мәтін шығар еді. Соңғы орта ғасырда Күн жүйесі жеті планетадан тұрады деген аксиома тұрақты бекіген еді. Бұл жөнінде қазақтардың аспан әлемі туралы түсінігінде де 7 қат көк деген тіркесті жиі естуге болады. Ал шеңбердің ортасында орналасқан бес шекті жұлдыз аяқ-қолы жан-жаққа созылған адам мүсінін еске салады. Кезінде Леонардо да Винчи суретін салған «Витрувиан адамы» бес шекті жұлдыз формасы дәл осы. Ал Витрувий антика дәуіріндегі сәулетші болатын. Әл-Фарабидіңде еңбектерінде де адам мен аспан әлемі арасынан байланыс іздеу орын алған. Осы теория бойынша сақиналы шеңберлер ортасында орналасқан бес шекті жұлдызда адам бейнеленген деп алсақ, онда үлкен аспан әлемі макрокосм мен кіші әлем адам микрокосм арасындағы байланыс деп атай аламыз. Үшінші сақиналы шеңберлер ортасындағы гексаграмма, яғни алты шекті жұлдыз көптеген мәдениеттерде кездеседі. Бірақ бұл жердегі объективті картина мазмұны жерлеу рәсімі болғандықтан дін философиясына ең жақыны Дәуіт жұлдызы немесе Дәуіт қалқанына тоқталамыз. Сондай-ақ мұндай тоқтамға келуіміздің басты себебі — сәулетшінің қарапалпақ жерінен шақыртылуы. Тарихта «бұхарлық еврейлердің» қазіргі Өзбекстан жерінде ауа жайылғандығы белгілі. Бұдан шығатын қорытынды, сәулетшінің өзі еврей болғандығы немесе иудаизм мәдениетіне құлай құштар болған адам екендігі. Күмбездің ұшар басында тағы екі жерде кішірек шеңбер орналасқан. Оның ішіндегі сақиналар саны — төртеу. Жалпы бес жерге орналасқан сақиналы шеңберлер,әл-Фарабитанушы ғалым Ақжан Машанише айтқандай, дүниенің бес тетігі, субстанциясы, стихиясы жер, су, от, ауа және бесіншісі осыларды басқаратын, иелік ететін эфир немесе кеңістік санымен пара-пар.

Қорыта айтсақ, бүгінде бір бойына бірнеше құбылыстарды сыйғызған Нұрсейіт тамы жел, су әсерінен қирап түсу алдында тұр. Күмбезінің ұшар басының жиектері сетінеп, қабырғасында тігінен үлкен жарықшақ пайда болған. Сондықтан қазақ даласында кезіге бермейтін мәдениет үлгісін келер ұрпақ үшін бүгін сақтап қалуы қажет.

 

Нұрғиса КӨШЕРОВ,

аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы.

Әйтеке би ауданы.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button