Жаңалықтар

Прораб Айназ

Еңбек адамы

Негізінен ер азаматтардың  мамандығы болып табылатын прораб жұмысын Айназ Нұрғазина жүрек қалауымен таңдады. Өйткені, Айназдың әкесі ұзақ жылдар бойы құрылыс саласында абыройлы еңбек еткен жан. Ерекше қызығушылықпен Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжін таңдаған Айназ прораб-құрылысшы мамандығымен  бітіріп шықты.

Мектеп бітірген соң мамандық таңдау кезінде мен бірден құрылысшы болуға бекіндім. Өйткені бұл сала бала кезімнен таныс, отбасымызға жақын болды. Әкеміз құрылысшы, сылақшы боп ұзақ жыл жұмыс істеді. Қасында көп жүрдім. Салынып жатқан жаңа үйлерге қызығатынмын.  Сондықтан бұл мамандықтың қыр-сырын меңгергім келді, — дейді ол.

Колледж бітірген соң Айназ қаладағы ірі «Нектар» құрылыс компаниясына кіші қызметкер болып орналасады. Бастапқыда тазалау жұмыстарын жасап, тиянақты ісімен көрінді.  8 жылдан бері құрылыс саласында тәжірибе жинақтаған оған —   жауапты прораб  міндеті  тапсырылды. Ол өткен жылдан бері «Батыс-2» ауданында салынған жаңа үйлерді тапсырып жүр.

Прорабтың жұмысы ауыр, міндеті де жауапты. Айназ көп қабатты үйдің іргетасынан бастап жоба бойынша салынуын қатаң қадағалайды. Бұған дейін 100 пәтерлік он үйді салған «Нектар» құрылыс компаниясы жыл соңына дейін тағы үш үйдің құрылысын аяқтамақшы.

Айназ прораб  С.Бәйішев атындағы университетінен құрылыс саласы бойынша жоғары білім алды. Қазір екі оқу орнындағы білімін тәжірибемен ұштастырып жүр. Оның айтуынша, құрылыс саласында оқу мен жұмыс істеуде өзгерістер бар. Есепке мықты болу керек. Архитектор бекітіп берген сызбадан бір елі ауытқымай, жұмысшыларға барынша түсіндіре білу басты жұмыс. Нәзік жанды қыз балаға күнде таңғы сегізден кешке дейін ер адамдармен жұмыс істеу оңай емес. 2011 жылдан бастап құрылыстың басында жүрген Айназ бұл саланың қыз бала үшін өте ауыр екенін айтады. Бірақ өзі бұған үйренген. Қарамағында 30 шақты адаммен ортақ тіл табысып жұмыс істеу қиын болса да ол бұл істі тез меңгеріп кеткен.

Өзіме  сыртқы әрлеу жұмыстарын жүргізу ұнайды. Болашақ құрылысшыларға осындай жерде іс-тәжірибеден көбірек өту керек. Келген студенттерді барынша үйретуге тырысамын. Жалпы құрылыс — қыз баланың жұмысы емес. Бірақ мен үйреніп кеттім. Біздің мекеме іс-тәжірибе кезінде көзге жақсы жағымен көрінген студенттерді жұмысқа алып қалады. Өз жұмысшыларымызға үй алуға жеңілдіктер қарастырылған. Өткен жылы көпбалалы құрылысшыға үй берілді. Қай істіңде бейнетімен қоса рахаты болады. Бүгінгі күні жұмысыма ризамын. Мен үшін ең бастысы — жұмысшыларымның қауіпсіздігі. Жұмысымды ең бірінші осыдан бастаймын, — дейді Айназ Баянетқызы.

Қайсар қыздың еңбегі елеусіз қалмай, әкімдік тарапынан Алғыс хаттармен марапатталып, мерекелік жиындарға жиі шақырылады. Әркім өзі сүйген ісімен айналысса, қанша ауыр болса да білінбейді. Айназдың ұстанымы — мамандығының мәртебесін сезіну.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button