Мәдениет

Толымды туынды

27 наурыз – Халықаралық театр күні

Әрбір ұжымның өзінің кәсіби мерекесіне толымды тартуын арнайтындығы ежелден келе жатқан ақиқат. Осы ретте Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының жетістігі деп әйгілі ағылшын драматургі У.Шекспирдің атақты «Король Лир» трагедиясын сахналағанын атасақ керек. Сан ғасыр талай елдің театр сахнасында қойылып, талайды тамсантқан, әлемнің әйгілі трагедиясына айналған бұл шығарманың айтар ойы да орасан.

Спектакльдің қоюшы-режиссері Жамбыл облыстық драма театрының бас режиссері Қуандық Қасымов оқиға өрісін шығыстық үлгімен өрнектеп, король маңайындағы сайқымазақтардың қимылы арқылы қарапайым халықтың бет-бейнесін ашуға ұмтылған. Және бұл сәтті шыққан ізденіс деп бағалағанымыз жөн. Режиссер бұдан бұрын да Ақтөбе театрында Ә.Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» драмасын, қырғыз драматургі С.Раевтың (аударған Ә.Әмзеұлы) «О, қыздар!» трагикомедиясын әзірлеп, көрермендердің жоғары бағасын алған еді. Қоюшы-суретші Қырғызстанның халық суретшісі Маратбек Шарафедин талай классикалық туындыларды безендірген, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері. Әртістердің киімі, сахнаны жаңаша безендіру, ондағы пайдаланылған бұйымдарды орынды орналастыру арқылы трагедиялық туындының атына заты сай болуына елеулі үлес қосты. Балетмейстер Ләззат Мұхамедалина сахна кейіпкерлерінің биіне, пластикалық қимыл-қозғалыстарына сән бергізген талантты маман екендігін пайымдатты. Трагедияға негізінен классикалық саздар көптеп қолданылды. Бұл бір жағынан сахналық туындының негізін сақтауға, тақырыпты тереңірек ашуға көп мүмкіндік берді.

Басты рольді танымал әртіс, режиссер, бүгінгі театр директоры Мағзом Бақытжанов сомдады. Қызмет бабымен көп жылдар сахнадан көрінбей жүрген Мағзом осы бейненің өзіне тым қиындау соққанын мойындайды. Оның үстіне, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев аударған Лир сынды тұңғиығы тым терең ойшыл жанды бейнелеу, айтар сөзі ақ өлең жүзінде жазылған кесек туындының кейіпкерін келістіріп сомдау, бейнелі тілдің айшығын бұзбай көрерменге жеткізу оңай емес. Кезінде Шекспирдің «Отелло» трагедиясында Яго ролімен жарқ етіп республикаға танылған М.Бақытжанов Король Лирді ойнау өзінің басты арманы екендігін жасырған емес. Туындының алғашқы тұсаукесеріне келген конақтардың бірі, Қазақстан сахнасында Король Лирді бірінші болып қойған Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ драма театрының режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Әмір-Темір Құсейін Мағзомның жаңа ролін аса жоғары бағалады. Режиссер Қ.Қасымов қосқан жаңалықтарымен бірге М.Бақытжановтың Король Лирге өзіндік бет-бейне бергендігін атап өтті. Осындай жақсы тілектерді Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, театр суретшісі Серік Пірмаханов, Батыс Қазақстан облысынан келген театр мамандары да көптеп айтты. Яғни Тахауи театрының репертуарына тағы бір жақсы туынды қосылды.

Жаңа шығарманы сахналауға театрдың барлық ұжымы, сонымен бірге Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің студенттері қатысты. Трагедияны толыққанды шығаруда ерекше көзге түскен корольдің кіші қызы Корделияны және басты сайқымазақты бейнелеген әртіс Айгүл Оразалинаны атап өткеніміз жөн. Айгүлдің пластикасы, өз бейнесіне терең үңіліп, беріле бейнелеуі сүйсіндірді. Корольдің нағыз досы Кент ролін сомдаған Кеңес Кемалбаев  өзінің нағыз бабында екендігін танытты. Досқа тән адалдық, батырға тән байсалдылық әр қимылынан танылып, әртіс қай ойынында да анық даусы, сүйкімді кескінімен есте қалды. Жазаға ұшырап, екі көзінен бірдей айырылған граф Глостерді ойнаған әртіс Әсет Оразалин эпизодтық ролімен ерекшеленді.

Жалпы, үлкен туындыны көрерменге жеткізуде театрдың үлкенді-кішілі әртістерінің, техникалық қызметкерлерінің барлығы да елеулі еңбек сіңірді.

Алда жоспарланған талай жұмыстар ез кезегін күтуде. Ұжым сәуір айында Атырауда өтетін Махамбет Өтемісов атындағы облыстық драма театрдың 70 жылдығына арналған өңірлік театр фестиваліне осы туындымен барғалы отыр. Орыс труппасы Н.В.Гогольдің 200 жылдығына арнап «Вий» шығармасы негізінде «Панночка» қойылымын әзірлеуде. Кәсіби мерекесіне жаңа да іргелі туындысымен келіп отырған театр ұжымына жылы тілегімізді арнап, игі ниетімізді білдіруді жөн санадық.

Әлімжан САТЫБАЛДИЕВ,

журналист.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button