Басты жаңалықтарСпорт

Әлем чемпионы Саматбек Ақтөбеге келді

Жақында ғана еліміздің қоржынына әлем чемпионатының тағы бір алтын жүлдесін салған Саматбек Ізімғали Ақтөбеге келді. Жас чемпионды ақтөбелік жерлестер әуежайда ерекше ықыласпен күтіп алды.

45 кг салмақта грек-рим күресінен әлемді бағындырған жас балғынға жұртшылық алғысын айтып ризашылығын білдірді. Ал Саматбек болса бұл жеңіске іштей сенімді болғанын айтты.

Азия чемпионы боламын деген сенімім болды. Одан кейін әлем чемпионы болатынымды сездім. Маған қиын болғаны — әзірбайжандық палуан. Ол — екі дүркін Еуропа чемпионы болатын. Ал, шешуші сәттегі соңғы қарсыласым өзбек палуанын жамбас әдісін пайдаланып ұттым. Сөйтіп, елімнің көк туын желбіреткеніме қуаныштымын. Бірақ мұнымен тоқтап қалмау керек. Алдағы уақытта 55 кг салмаққа ауысамын. Арманым — олимпиада чемпионы болу. Өзімнен кейінгі інілеріме айтарым, аянбай тер төгіп, еңбектенсең ғана жеңіске жетесің,  — дейді әлем чемпионы.

Саматбек жастайынан күреске бейім өскен. Жеті жасынан бастап спортпен шұғылданды. Палуандық қасиеті де тегінен-тегін емес. Атасы Ізімғали палуан жас кезінде «Алабай» деген атпен белгілі болған екен.

Ұлым бұған дейін аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда жеңімпаз атанып жүрді. Төрт жыл бұрын оның өнерін көрген бапкерлер сұрап алып, Алматы қаласында даярлады. Жаттықтырушыларға рақметімді айтамын. Саматбекке келсек, ол тез тілтабысқыш, елгезек, үйде жүргенде қандай жұмысты да жасай беретін. Үш ұлымның екіншісі. Ең бастысы, онда өркіөкіректік жоқ, қарапайым. Менің емес бапкерлерінің үмітін ақтағанына риза болып тұрмын. Әлем чемпионатының алдында ерекше толқыныста жүрдім. Тікелей көрсетілімнен күресін қараған жоқпын. Үйдегілерге  жеңгенін немесе жеңілгенін айтарсыңдар деп сыртта болдым. Өйткені әлемнің кіл мықтылары жиналатын жерде ұлымның чемпион болуы екіталай еді. Қиын болар деп онша сеніңкіремедім. Бірақ мен осылай ойлағаныммен ұлым елге жеңіспен оралды, — дейді чемпионның әкесі Сағынай Найзабеков.

Самат НАРЕГЕЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button