Басты жаңалықтарЖастар

Қала әкімі белсенді жастармен кездесті

12 тамыз — Халықаралық жастар күні қарсаңында Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин шет мемлекеттерде білім алып жүрген студенттермен және өңірдегі белсенді жастармен қала сыртындағы «Солнечный» демалыс орталығында кездесті.

Кездесуге спорт, мәдениет, білім салаларында көзге түсіп жүрген белсенді 30 жас қатысты. Олар бұл күні қала басшысымен бейресми жағдайда әңгімелесуге мүмкіндік алды.

  • Халықаралық жастар күні қарсаңында сіздермен пікірлесу үшін арнайы кездесіп отырмын. Әрбір ата-ана, әрбір мемлекет жастарға үлкен сенім артып, үміт күтеді, — деді қала әкімі Мавр Абдуллин.

Жастар да өз пікірлерін ортаға салды. Солардың бірі Санкт-Петербург қаласында білім алып жүрген 2-курс студенті Лаура Ануарова 10-11 сынып оқушылары үшін оқыту тренингтерін құру туралы ұсыныс айтты.

  • Негізінен оқушыларға пән таңдау қиынға соғып жатады. Олардың бәрі де грантқа түсуге тырысады. Мысалы, Ресейде 10-11 сынып оқушыларына бағыт-бағдар беріп отыратын, емтиханға дйындайтын арнайы бағдарламалар бар. Ол жақта сенің қалай оқығаның маңызды емес, ең нашар оқитын оқушыны да мұғалімдері тартып, қолдайды, — деді ақтөбелік бойжеткен.

Одан әрі шара барысында жастарға тимбилдинг және дәрістер ұйымдастырылды.

Шет жерде білім алып жүрген жастар «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының бас менеджері, дәріскер Айшуақ Дәрменұлының дәрісін ұйып тыңдады. Дәріскер «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен жарық көрген мұқабасы сары түсті бірнеше кітапты таныстырып, біздің халықтың балаларды «ұят болады, жаман болады, обал болады» деген үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеп келе жатқанын, «Салт-дәстүр сөйлейді» кітабындағы қазақтың салт-дәстүрі мен ырым-тыйымдарының шығуына себеп болған аңыздар мен қиссаларды әңгімелеп, дәрістің маңыздылығын арттыра түсті.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалының қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы, бизнес тақырыбы бойынша дәріскер Ержан Нұрғалиев жастарға кәсіпкерліктің алғашқы сабақтарынан шеберлік сағатын өткізді.

Қала әкімі Мавр Абдуллин өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын дамытуға үлес қосқаны үшін 15 белсенді жасқа Алғыс хат табыстады.

Қазір Ақтөбе қаласында 14-29 жас аралығында 115 мың жас тұрып жатыр.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button