Мереке

Құрбандық шалу — қайырлы амал

11 тамыз — Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні.

Құрбан айт мерекесі осы күні таңертеңгілік айт намазынан басталады.Біздің облысымыздағы мешіттерде айт намазы жергілікті уақыт бойынша 07.00-де оқылады.

Құрбаншалу осы айт намазынан кейін басталады. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) бұған қатысты: «Біздің бұл күнде алғашқы атқаратын ісіміз — намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбандық шалу. Кімде-кім осылай етсе, біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбандығын шалатын болса, бұл құрбандығының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Мұның құрбан болуы мүмкін емес», — деген.

Төрт түлік малдан тек қой-ешкі, сиыр және түйе ғана құрбандыққа шалынады. Қой мен ешкі бір жасқа, сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толған болуы керек. Алты айдан асқан тоқты, егер ірі болса, құрбандыққа шалуға жарайды, ешкі міндетті түрде бір жасқа толуы керек. Қой мен ешкі бір кісі атынан құрбан етіледі. Ал сиыр мен түйені бір адамнан жеті адамға дейін бірігіп, құрбандыққа шалуға болады.

«Хаж» сүресінің 28-аятында: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер» делінген. Демек, құрбандыққа шалынған малдың етінен өзі және өзгелер де жей алады. Дұрысы, бұл мәселеде пайғамбарымыздың өсиетін басшылыққа алып, құрбан етін үшке бөліп, бір бөлігін— мұқтаж жандарға, екінші бөлігін туған-туыстарға немесе көршілерге беріп, ал қалған бөлігін өз отбасына алып қалған жөн. Сондай-ақ, «барлығын Алла жолында атадым» деп, құрбан етін түгелдей тұрмысы төмен жандарға таратып беруге болады. Ал құрбан шалушы адам сойылған малдың терісін пайдалана алмайды және қасапшыға ақы ретінде беруіне болмайды. Терісі садақа ретінде берілуі тиіс.

Сондай-ақАқтөбе қаласының әкімдігі санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен талаптарды сақтау мақсатында құрбандыққа шалынатын малдарды сату, сою және таратуға рұқсат етілген арнайы орындарды бекіткенін тағы да естеріңізге салғымыз келеді. Осыған орай, барша ақтөбеліктерді арнайы бекітілген орындарда құрбандық шалуға шақырамыз.

Құрбан айт мерекесі құтты болып, шалған құрбандықтарыңыз қабыл болғай! Әмин!

Ақтөбе қаласы бойынша бекітілгенқұрбандық шалынатын орындар:

«Есік» ЖШС. Мекенжайы: Мал базары. Тел.: 7 701 459 31 62.

ЖК «Молдабеков». Мекенжайы: Мал базары. Тел.: 7 701 459 31 62.

АТК «Айбек». Мекенжайы: 41-разьезд. Тел.: 7 705 551 21 86.

ЖК «Қасымов». Мекенжайы: Жаңақоныс ауылы.Тел.: 7 705 819 8580.

«Кіші құм» шаруа қожалығы. Мекенжайы: Мағажан орман шаруашылығы. Тел.: 7 705 397 3864.

Құрбандыққа қатысты сауалдар бойынша тел.: 7 777 800 6505.

 Облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің

баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button