Басты жаңалықтар

Арақ сатылмайтын ауылдар

«Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу — шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі».

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан.

Арақ туралы көп әңгіменің ешқайсысы ешқашан жақсылыққа жуыған емес: дәрігерлер оны үзілді-кесілді түрде денсаулыққа зиянды санайды, құқық қорғаушылар күн сайынғы қылмыстардың басым бөлігін осы арақпен байланыстырады, дін қызметкерлері «адамды адам кейпінен айыратын су, шайтанның құрған торы» деуден танбайды, ал ғалымдардыңарасындаалкогольді тіптіжаппай қырып-жоятын қарулар қатарына қосу керектігін айтатындар да бар.Осынша ауыр үкім, ащы ақиқаттың алға тартылғанына қарамастан, дүкен сөрелері, үйдегі мұздатқыштар, қуанышқа жайылған дастарқандар әзірге арақтан арылмай тұр.

Дегенмен, бір қуаныштысы, тәуелсіздік жылдарында елімізде жиын-той, отырыстарды арақсыз өткізуді салтқа айналдырған отбасылар қатары көбейді, тіпті арақ сатылмайтын ауылдар да пайда болды.

Берекелі бес мекен

Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданының Теңдік ауылының жұрты арақты қою туралы алғаш рет 2003 жылғы ораза айында ойласыпты. Теңдік тұрғындары сол кездегі еліміздің бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлінің рамазан айы қарсаңындағы үндеуін қолдау мақсатында, бұл айды арақ-шарапсыз өткізген. Осы бастама өздеріне қатты ұнағаны соншалық, кейіннен жиын-тойларды ұлттық сусындармен өткізу дәстүрге айналған. Ақырында арақ ауылдағы дүкендер сөрелерінен де жоғалып тыныпты.

Ал осы облысқа көрші Ақмола өңірінің Еңбек ауылындағы дүкендерде арақтың сатылмауына ұйытқы болған жан — Майдан Бақтыбайқызы екен. 2002 жылы ол ауылдағы өзінің туған үйінің орнына мешіт салдырады. «Мешіт тұрғызылғаннан кейін, «енді арақтан арылу керек»деген ой өздігінен келді», — депті Майдан апа stan.kz сайтына берген сұхбатында. Осы сайтта жазылғандай, арақтан арылғаннан кейін, ауыл бірте-бірте қоқыстан да арылыпты. Бір қызығы, үй айналасының, көшенің тазалығы төңірегінде «сенің ісің, менің ісім» деген мазмұндағы айтыс-тартыс та болмайды екен. Әр адам тазалыққа өздігінен дағдыланып кеткен.

Алматы облысы Алакөл ауданындағы Жыланды ауылының дүкендерінен ащы су 2011 жылы жоғалған. Ауылдық округ әкімі Самат Жанашұлының айтуынша, бұл іске белгілі кәсіпкер Бауыржан Оспановтың үлесі зор болған.

Біз Жыландыға телефон шалып, ауыл әкімімен бірауыз тілдескен едік:

— Ауыл ақсақалдары, ауылдың белсенді азаматтары Бауыржан Оспановпен бірігіп, дүкен ұстап отырған кәсіпкерлерге арақты сатылымнан мүлде алып тастау жөнінде ұсыныс айтты. Арақ-шарапты алып тастау саудадан түсетін табыс мөлшеріне кері әсерін тигізуі мүмкін ғой? Сондықтан кәсіпкерлерге айналымдағы тауар түрлерін көбейту үшін, қосымша қаржы ұсынылды. Ал ауыл тұрғындарына арақтың орнына өзіміздің ұлттық сусын — қымыз ішу ұсынылды, қазір халыққа қымыз мешіт арқылы таратылып отыр. Сонымен бірге, ауылдағы интернатқа да қымыз апарылады. Осы жылдар ішінде арақтан құтылудың жақсы жақтарына әбден көз жеткіздік: денсаулық мәселесі — өз алдына, қылмыс, дау-дамай да азайды, — деді Самат Жанашұлы.

Туған жеріне, міне, осындай ғажап жақсылық жасаған белгілі кәсіпкер Бауыржан Оспановтың өзі аузына ешқашан ешқандай ішімдік алмаған, тіпті шампан мен сыраны да татып көрмеген жан болып шықты.

Арақтан бас тартқан тағы бір ауыл — Алматы облысы Райымбек ауданындағы Сарбастау ауылы. Мұнда бастама ауыл мектебі жанынан құрылған «Ұлағатты ұрпақ» қоры тарапынан көтеріліпті. Ал Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданындағы Жусансай ауылында ақсақалдар бас қосып, дүкен сөрелерінен арақ пен темекіні алдырып тастауға ұйытқы болған. Дүкен иелері де ақсақалдар сөзін жерге тастамаған екен. Бұл ауылда үйіне сырттан арақ әкелетіндер болуы мүмкін, бірақ ақсақалдардың арқасында өз дүкендерінің сөрелері арақтан арылыпты. Бұл да — имандылық жолындағы үлкен қадам.

Біз республикалық басылымдарды, ғаламторды, әлеуметтік желілерді ақтарып, арнайы ізденіп, еліміздегі арақ сатылмайтын бес ауылды анықтап, міне, оқырманымызға таныстырдық. Әрине, ондай ауылдардың қатары бесеуден де көбірек болар деген үміттеміз. (Өйткені, бәрінің бірдей ақпараты БАҚ назарына ілінбеуі де мүмкін.)

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу — шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», — деп атап көрсетілген. Туған жерінің көркеюіне үлес қосып жүрген, яғни түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, спорт алаңдары, балабақшалар мен мәдениет ошақтарын салып берген кәсіпкерлерді үнемі жұртқа үлгі етіп, мақтан тұтамыз. Ал өз ауылын арақтан арылту жолында бастама көтеру, ол бастаманы қолдау, дүкен иелерінің көпшілік ұсынысын қабыл алуы сынды қадамдар да —туған жерге деген шынайы жанашырлықтың көрінісі. Туған жерге деген сүйіспеншілік, оны гүлдендіруге бастайтын үлкен жол тек үлкен қаржыны талап ететін істерден ғана емес, ең алдымен, осындайізгі қадамдардан тұратыны анық.

Араққа қатысты он қарғыс

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби қажы Оспан:

— Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) хадисінде: «Алла Тағалаараққа қатысты он қарғыс айтады.Бірінші қарғыс — арақтың өзіне, екіншісі — оны ішетін адамға, үшіншісі — арақты құйып берушіге, төртіншісі — арақты сатушыға, бесіншісі — сатып алушыға, алтыншысы — арақты дайындаушыға, жетіншісі — дайындауға тапсырыс берген жанға, сегізіншісі — арақты алып келушіге, тоғызыншысы — әкелуге жұмсаған адамға, оныншы қарғыс сол арақтан түскен табысты тұтынушыға тиесілі болады», — делінген. Біз — санасына «қарғыс» ұғымы қатты сіңген халықпыз, қарғыстан қорқамыз. «Бір адамды ренжітіп едім, енді соның қарғысына ұшырамаймын ба деп уайымдап, ұйықтай алмадым», — деп ақыл-кеңес сұрап, мешітке келетін, тіпті садақа беріп жататын жандар көп. Ал адамның қарғысынан осынша қорыққанда, Алла Тағаланың қарғысының күші қандай болмақ? — дейді.

Қазақ болсаң, арақ ішпейсің

Арақ — біздің қанымызда, салтымызда жоқ дүние. Ол — бізге кешегі қазақты «өркениетке жеткізушілер» ала келген қасірет. Өкінішке қарай, қазір Қазақстан арақты көп тұтынатын мемлекеттердің тізіміне… мұсылман елдері сапынан жалғыз ел болып еніп тұр. Жалпы, халықаралық ұйымдардың деректеріне көз жүгіртсек,әлемдегі арақты көп тұтынатын елдердің тізімінде «көшбасшылық» АҚШ, Еуропа мемлекеттері мен бұрынғы КСРО құрамынан шыққан мемлекеттерге«бұйырыпты».

Алайда, сырттан алынған деректерден бөлек, өз ішіміздегі, яғни өз мамандарымыздың пікірлеріне жүгінсек, өткен ғасырдың 80-90-жылдарымен салыстырғанда, бүгінгі жағдайымыз едәуір түзелген. Бұрын жастар арасында ішімдікті мүлде татып көрмегендер ілуде бір кездессе, қазір ондай жастардың қатарыкөбейіп келе жатқаныалға тартылып жүр.

ҚР Статистика комитетінің мәліметтері, яғни ресми деректер бойынша, елімізде 15 жастан асқан адамдардың арасында жылына жан басына шаққанда, орта есеппен, 2,7 литр ішімдік ішіледі. Ал Ақтөбе өңірі бойынша бұл «көрсеткіш» жоғары — 3,3 литр. Көрші өңірлермен салыстырар болсақ, Батыс Қазақстан облысында 15 жастан асқандар арасында жан басына шаққанда орта есеппен, жылына — 3,5 литр; Атырауда — 1 литр, Маңғыстауда — 0,6 литр, Қызылордада — 1,4 литр, Қостанайда 4,4 литр ішімдік ішіледі.

Байқап отырғандарыңыздай, қазағы көп өңірлерде арақты тұтыну деңгейі төмен екен.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button