Басты жаңалықтарМереке

Құрылысшыларға құрмет көрсетілді

Соңғы бес жылда Ақтөбе өңірінде 3 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып, 25 мың адам жаңа пәтерге көшкен. Бүгін Қазақстанның Тұңғыш Президенті атындағы орталық саябақта құрылысшылар күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шарада құрылысшыларды құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин осылай деді.

Құрылыс экономиканың ең үлкен салаларының бірі. Осы саланы дамыту мақсатында «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламасы, сонымен қатар әлеуметтік спорт, мәдениет, білім, денсаулық  саласында іріқұрылыс нысандары салынды. Ақтөбе облысы бұл жағынан көш бастап келеді. Тек қаланың ғана емес, барлық аудандарда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Хромтау, Ырғыз, Темір, Қарғалы, Темір аудандарында кешенді оқу ғимараттары, сауықтыру орталықтары бой көтеруде. Құрметті құрылысшылар! Мұның бәрі сіздердің еңбектеріңіз, — деген облыс әкімінің орынбасары құрылыс саласының үздіктерін марапаттады. Облыстың барлық ірі құрылыс компанияларының басшыларынан бастап, тас қалаушы, жүргізуші, дәнекерлеуші, тағы басқа кәсіп иелеріне облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің құттықтауын жеткізіп, алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ облыстық мемлекеттік құрылыс саласындағы қызметкерлер марапатталды.

5 адам Қазақстан Республикасыиндустрия және инфрақұрылымдық даму Министрлігінің «Құрметті құрылысшы» төсбелгісін алса, «Актюбгражданпроект»өндірістік кооперативінің бас сәулетшісі Нұрлан Боранбаевқа  «Құрметті сәулетші» атағы берілді.

Одан кейін құрылыс саласында еңбек сіңірген ардагерлерге де құрмет көрсетілді. Қала әкімі Мавр Абдуллин осы саладағы үздіктерге, жұмыс барысында іскерлігімен танылған жас мамандарға Алғыс хат пен естелік сыйлықтар берді.

Әрбір құрылыс компанияларының басшылығы өздерінің қарамағындағы жұмысшыларға ақшалай мерекелік сыйлық жасады. «Ақтөбе сәулет құрылыс сервис — 2007» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бір құрылысшысына тұрғын үй алуға 6 миллион теңгенің сертификатын тарту етті. Бұл шарада аудандардан келген құрылыс саласындағы мамандар да жетерлік. Өйткені, құрылыс компаниялары облыстың барлық елді мекендерінде, аудандарында көптеген әлеуметтік нысандар салып жатыр. Қашанда ауырдың астымен жүретін құрылысшылар құрметке әбден лайық, — деді облыстық құрылыс сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Иманалин.

Құрылысшылар күніне арналған мерекелік шарада концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, өнерпаздар ән мен билерін мамандық иелеріне арнады.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button