Жаңалықтар

6 айда электрондық түрде көрсетілген қызмет көрсеткіші — 84,1%

Сейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен цифрландыру және мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселесі бойынша жиын өтті. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалардың басшылары, сондай-ақ  селекторлық режимде аудан әкімдері қатысты.

Жиында облыстық ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Сергей Беккер өңірде биылғы жылдың І жартыжылдығында атқарылған жұмыстар туралы баяндап берді.

Бүгінгі күні облыста жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік қызметтің 192 түрін көрсетеді. Оның 75-і — «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, 126-сы — «электрондық үкімет» порталы, ал 27-сі мемлекеттік органдар арқылы көрсетіледі. Биылғы жылдың 6 айында облыстағы жергілікті атқарушы органдар 2 595 808 қызмет көрсеткен. Оның ішінде электрондық түрде көрсетілген қызметтің көрсеткіші — 84,1%.

Сондай-ақ І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдар 179 бақылау шарасын жүргізіп, нәтижесінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер шеңберінде 729 бұзушылық анықталды, — деді С.Беккер.

Өз баяндамасында әлеуметтік салалардағы цифрландыру мәселесіне тоқталған басқарма басшысы бүгінде облыстағы денсаулық сақтау, білім беру, қауіпсіздік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, т.б. салалардағы кемшіліктерге тоқталып өтті.

2017 жылдан бастап облыста денсаулық сақтау саласында үш медициналық ақпараттық жүйе қолданылып келеді. Олар — «Даму Мед», «Авиценна» және «Казмединформ» жүйелері. Соған қарамастан «Қағазсыз аурухана» тек сөз жүзінде ғана жұмыс жасауда. Әлі күнге дейін өңірдегі медициналық мекемелерде қағазбастылық көп, ал электрондық түрде көрсетілетін қызмет саны жеткіліксіз. Сондықтан алдағы уақытта облыстағы 363 медициналық мекемеге жергілікті атқарушы органдармен бірге бірыңғай техникалық талап бойынша цифрландыру жүйесін енгізу керек. Білім саласына келсек, мектептерде тарифтер жоғары, ал интернет желісінің жылдамдығы төмен, сондықтан ата-аналар мен балалардан көп арыз-шағым түседі. Аталған олқылықтарды жою үшін алдағы уақытта «Азаматтардың әлеуметтік картасы» жобасы аясында «Қазпошта» акционерлік қоғамымен бірге мектеп асханаларынақолма-қолсыз төлемдер үшін пост терминалдар орнатып, мектеп директорларының ұсынысын ескеріп, білім беру мекемелерін компьютер және мультимедиялық кабинеттермен жабдықтау керек, — деді басқарма басшысы.

Өз сөзінде Сергей Беккер бүгінгі күні өңірде білім беру,сәулет және жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтің 15 түрін электрондық форматқа көшіру бойынша жұмыстар басталғанын жеткізді.

Бұдан кейін жиында баяндама жасаған Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин қала бойынша жыл басынан бері жалпы саны 79017 мемлекеттік қызме ткөрсетілгенін, бүгінде «Электрондық үкімет» порталында 17 қызмет қолжетімсіз болып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ бүгінгі күні Ақтөбе қаласы бойынша электронды форматта 60 қызмет көрсетіледі.

Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева білім саласын цифрландыру бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Оның айтуынша, бүгінгі күні облыс мектептері үшін цифрлық білім беру ресурстары қолжетімді. Жалпы білім беретін мектептердің 100 пайызы — кең жолақты интернетке, оның ішінде 93,7 пайызы — жылдамдығы 4 мбит және одан жоғары интернет жүйесіне қосылған. Сондай-ақ мектептердің барлығында «Күнделiк» ақпараттық жүйесі мен «BilimLand.kz»  электронды білім беру контенті жұмыс жасайды. Оның ішінде 45 (11,3%) мектеп офлайн және 354 (88,7%) мектеп онлайн тәсілінде білім беру ресурстар порталына қосылған.

Облыстағы 374 мектеп байланыстың үш түрі арқылы, атап айтсақ, талшықты және ADSL технологиясымен жылдамдығы 10-20 мбит/сек болатын интернетке – 141 мектеп, радиомачталар арқылы – 40 мектеп, спутниктік байланыс арқылы (4 мбит/сек) интернет желісіне 193 мектеп қосылып отыр.

Өздеріңіз көріп отырғандай, облыс мектептерінің 50 пайызы интернет желісіне спутниктік байланыс арқылы қосылған, яғни жылдамдығы 4 мбит/секундтан аспайды.  Басқа мүмкіндіктің болмауына байланысты бір ғана нүктеде ұйымдастырылған.  Автоматтандырылған жүйелерде кедергісіз жұмыс жасау үшін интернет желісін тарататын нүктелердің санының аздығы кедергі келтіруде. Сондықтан интернет желісінің ауқымын кеңейту бағытында жұмыстарды жалғастыру керек, — деді Л.Оразбаева.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин өңірде мемлекеттік қызмет көрсету сапасы тікелей интернет желісінің жылдамдығына байланысты екенін айта келе, облыстық басқарма басшылары мен өңірдегі цифрландыру бойынша жұмыс жүргізетін компания өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

  • Елбасының берген арнайы тапсырмасына орай бүгінде елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Егер біз бәсекеге қабілетті мемлекет құрып, халықаралық деңгейге сай боламыз десек, алдымен, өз өңіріміздегі жағдайды талдап, мәселелерді шешудің жолдарын қарастыруымыз керек.Мемлекеттік қызмет, цифрландыру — мұның бәрі халыққа керек, сол үшін алдағы уақытта халықтың сұранысын қанағаттандырып, мемлекеттік қызмет сапасын көтеруіміз қажет. Мәселен, денсаулық сақтау, білім салаларын цифрландыру, ақпараттандыру, ең алдымен, сыбайлас жемқорлықтың алдын алса, екіншіден,қызметтің тиімділігін арттырады. Ал қауіпсіздік мәселесін шешу үшін әрбір көшеге, білім беру мекемелеріне, балабақшаларға камералар орнатып, әсіресе, балалардың қауіпсіздігін қатаң бақылауға алу керек. Сондай-ақ өңірдегі мектептерді интернет жүйесімен толық қамту, балалардың сапалы білім алуы үшін жағдай жасау — бүгінгі күннің басты міндеті, — деген облыс әкімі облыстық ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасының басшысына алдағы уақытта «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен бірлесіп жұмыс жасауды тапсырды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button