Әдебиет

10 тамыз — ұлы Абайдың туған күні

Қазақтың сөз өнеріне Абай Құнанбаев қосқан үлестің қайталанбас үлгілері әлі айтылып таусылған жоқ. Ал мазмұндық маңызы ше?

Абай шығармашылығы қазақ халқының тұтас бір дәуірдегі ақыл-ойының, парасатының, мәдениеті мен әдебиетінің, өнерінің асқар шыңы іспетті. Ол өз өлеңдері арқылы қазақ поэзиясын өз кезеңінің ең озық деңгейіне көтере білді, сол замандағы қоғамдық дамудың шындығын дәл бейнелеп, өркениетті сипатта дұрыс қорытынды шығара алды. Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Абай — қазақтың бас ақыны» атты мақаласында «Одан асқан бұрын-соңды заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» – деп бағалағанда осындай ерекшеліктерді назарда ұстағаны анық.

Абайдың келесі жылғы 175 жылдық мерейтойын зор көлемде өткізу жөнінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлық қабылдауы мемлекеттік тұрғыдағы ең ізгі шаралардың бірі болып отыр.

Ұлы тұлғаның туған күні қарсаңында Мұхтар Әуезов: «Ақын өз халқының сол кездегі тарихи трагедиясын айта кеп дерттенеді» деп түсініктеме берген атақты «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым…» өлеңін ұсынып отырмыз.

АБАЙ

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.

Бет бергенде шырайың сондай жақсы,

Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?

Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,

Аузымен орақ орған өңкей қыртың.

Өзімдікі дей алмай өз малыңды,

Күндіз күлкің бұзылды, түнде— ұйқың.

Көрсе қызар келеді байлауы жоқ,

Бір күн тыртың етеді, бір күн — бұртың.

Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки, бұзғанжоқ па елдің сиқын?

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.

Ағайын жоқ нәрседен етер бұртың,

Оның да алған жоқ па құдай құлқын?

Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,

Сапырылды байлығың, баққан жылқың.

Баста ми, қолда малға талас қылған,

Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқың.

Оңалмай бойда жүрсе осы қыртың,

Әр жерде-ақ жазылмай ма, жаным, тырқың?

Қай жеріңнен көңілге қуат қылдық,

Қыр артылмас болған соң, мінсе қырқың?

Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қылпың,

Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың,

Ұғындырар кісіге кез келгенде,

Пыш-пыш демей қала ма ол да астыртын?

1886 жыл.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button