Жаңалықтар

Көне құлпытастар «сөйлейді»

Ерекше тарихи жәдігерлер болып табылатын көне құлпытастар мен олардағы араб графикасымен жазылған мәтіндерді зерттеу мақсатында Ақтөбе өңіріне Алматыдағы Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалымдары келді.

Аталмыш институттың аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Дина Медерова бастап келген экспедициялық топ біздің өңірде екі апта уақыт болып, Ақтөбе қаласы, Мұғалжар, Қобда, Байғанин, Алға, Қарғалы, Хромтау және Темір аудандарындағы көне қорымдарды аралайды.

Дина Медерова бізге сапардың мақсаты жөнінде:

— Далалық экспедициялық жұмыстар «Ұлы дала тарихы мен мәдениеті» ғылыми бағдарламасы аясында қолға алынып отыр. Біз құлпытастардағы мәтіндерге ғана емес, құлпытастардың түр-формаларына, олардағы көне таңбалар мен ою-өрнектерге, оларды жасаған шеберлер туралы мәліметтерге де барынша мән беріп, неғұрлым көбірек деректер жинастыруды мақсат тұтамыз. Жинақталған деректер зерттеліп, ғылыми айналымға енгізіледі, — деді.

Бұл іске Алматыдан келген зерттеушілермен қатар, жергілікті мамандар мен өлкетанушылар да тартылмақ. Солардың бірі — Бекарыстан Мырзабай.

— Ақтөбе жеріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерді ондаған жылдар бойы зерттеп келе жатқан ғалым Серік Әжіғали біздің өңірден 50 мыңға жуық құлпытас мәтінін хатқа түсіріп алған. Бірақ ол деректер еш жерде жарияланған жоқ. Бір ғана Абат-Байтақ қорымында 260-тан астам көне құлпытас тұр. Өткен ғасырда қазақ әліпбиі үш рет өзгертілгендіктен, біз аталарымыздың құлпытасындағы жазуды оқи алмайтын халге жеттік. Енді сол жазулар «сөйлей» бастаса, талай адам өз ата-бабасының жатқан жерін анықтап, өз тамырына «жақындай» түсер еді, — дейді Бекарыстан Мырзабай.

Бұған дейін көрші Батыс Қазақстан өңірінде жүргізілген осындай зерттеу жұмыстары барысында бірнеше тарихи тұлғаның құлпытастары табылғанынан хабардармыз. Мысалы, Әбілқайыр ханның баласы — Айшуақ ханның,  Әбілқайыр ұрпақтары — Есім, Жантөре хандардың, Сүгір жыраудың құлпытастары анықталған еді. Енді Ақтөбеде де құлпытастарды зерттеу ісінің қолға алынуы бізді қуантады, бұл жұмыстарға біз үлкен үмітпен қараймыз.

Сондай-ақ алматылық ғалымдар сапар барысында Ақтөбе қаласы маңындағы киелі жерлерде болды. Мысалы, қала маңындағы Жылантөбе биігінде көне сармат қорғандары орналасқан. Өлкетанушылардың айтуынша, патша отаршылдары Ақтөбеде бекініс салған тұста, қазақтар Қарасай мен Қази батырлардың сүйектерін бекініс салынып жатқан төбелерден жасырын қазып алып, осы Жылантөбенің төменгі жағындағы қорымға жерлеген деген де сөз бар. Бұл — бұрынғы қариялардан қалған сөз. Әрине, әзірге ауызша айтылған бір болжам ғана болар; дегенмен тарихымыздың қасиетті де қасіретті бір тұсына меңзейтін бұл сөзді оқырмандарымызға жеткізгенді жөн санадық.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button