Ауыл

Несие алып, несібесі артты

Ойыл

Мал шаруашылығымен айналысатын аудан үшін бүгінгі күннің басты мәселесі — мал санын көбейтіп, оны асылдандыру. Ал жаз айларында мал азығын дайындауда ешбір шаруа енжарлық танытпайды. Себебі «мал баққанға бітетінін» шаруалар жақсы біледі.

Өткенге сәл шегінсек, қазақ даласында мал бағып, дәулеті артқан таза еңбек адамдарының есімдері ел есінде сақтаулы. Міне, осындай Шопан ата төлінен мол өнім алғандардың бірі — атақты шопан, Социалистік Еңбек Ері Бекіш Ғалымов. Ол 100 саулықтан 163 қозыға дейін алған.

Қазіргі таңда оның тәжірибесін ауылдастары жалғастыруда. Кезінде мал шаруашылығы дамыған ауылда бүгінге дейін атакәсіппен айналысатын шаруалардың ізі суымаған. Оның нақты дәлелі, бүгінгі күні Көптоғайда 50-ден астам шаруа қожалығы бар. Төрт түлігін таңнан өргізіп, сайын даланың сәнін кіргізіп отырған ауылдың жағдайы тәуір. Мұнда бір бас малын екеу етсем дейтін еңбекқор, шаруаға мығым азаматтар жетерлік. Солардың бірі — Нұралы Аймұқанов. Бірнеше жыл бойы «Идеят» шаруа қожалығында еңбек еткен ол мемлекеттік бағдарламалар арқылы бірнеше рет жеңілдетілген несие алып, өз шаруашылығын ашты. «Ауыл шаруашылығын қолдау қорынан» алған 2 миллион теңге көлеміндегі алғашқы несиесіне ірі қара малын алып, бордақылады. Одан кейін алған несиесіне 40 бас қой алды. Биыл да «Ауыл шаруашылығын қолдау» қорынан» 1 миллион теңге алып, қорасындағы ірі қарасының санын 4 сауын сиырмен толықтырды. Жастайынан қара жұмысқа шыңдалған шаруа енжарлықты жақтырмайды. Таңнан ерте тұрып, шаруаға кіріседі. Ол алдағы уақытта жер алып, малына үлкен қора салмақ.

Шаруашылықты бастағанына көп уақыт болмаса да, шаруасын дөңгелетіп отырған Нұралының бүгінде оннан аса сиыры мен жүзге тарта қойы бар. Сондай-ақтөрт-бес жылқысы және бар.

Басты мақсатым — мал басын көбейтіп, оларды асылдандыру жұмыстарын қолға алу. Негізінен біз сияқты ісін жаңа бастаған шаруалар үшін мемлекеттік бағдарламалар арқылы берілетін несиелер өте тиімді. Оның құжаттарын жинауда аса кедергі келтіретін ештеңе жоқ, тек кепілге қоятын мүліктің құжаттары дұрыс болса болғаны. Әрине, көптеген құжатты жинақтау қарапайым шаруа үшін қиындық тудыруы мүмкін. Оған бола көздеген мақсатыңды үзілді-кесілді тоқтатуға болмайды. Әр адам ойға алған ісін іс жүзінде жүзеге асыру үшін қиындықтан қорықпауы керек, — дейді ол.

 Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ.

Әйтеке би

 ЯКУТИЯДАН АСЫЛТҰҚЫМДЫ ІРІ ҚАРА ӘКЕЛЕДІ

Аудандағы «Ғалымжан» шаруа қожалығы биыл «Сыбаға» бағдарламасы аясында «Даму» қорынан 52 млн теңге несие алып, шаруашылығын дамытуда. Бүгінде аталған қожалықта 100-ге тарта ірі қара, 100-ге жуық қой, сондай-ақ 70-тей жылқы бар.

Шаруашылық басшысы Қосжан Көпжасаров тамыз айының аяғында алған несиесіне Якутиядан 81 бас асылтұқымды ірі қара әкелмек.

Белқопа ауылынан 10 шақырым қашықтықтағы Қарақұдық аталатын қыстауда орналасқан шаруашылықта қазір 5 адам жұмыс істейді.

— Біздің шаруа қожалығы 2013 жылы құрылды. Шаруашылықты құрған соң «Даму» қорынан 6 пайыз үстемақымен 6 миллион теңге несие алып, ірі қара сатып алдық. Одан бері қой мен жылқының санын да көбейттік. Қазір қожалықта ірілі-ұсақты мал бағумен қатар өзімізді және ауыл тұрғындарын шөппен қамтамасыз етіп отырмыз. Қазіргі таңда шаруашылықта «МТЗ» маркалы екі трактор, «КамАЗ», шөп шабатын құрылғылар бар. Қысы-жазы базда отырып, мал бағамыз. Малшымыз, механизаторымыз бар. Алдағы уақытта ет бағытындағы ірі қара малын, жылқы басын көбейтіп, қымыз өндіруді, бау-бақша егуді, сонымен қатар жол бойы сервисін дамытқымыз келеді. Өкінішке қарай, тоғыз жолдың торабында орналасса да Белқопа ауылына әлі күнге дейін ауызсу мен газ келмей отыр. Сондықтан ауызсуды ұңғыма қазып, алып отырмыз. Қыстауымызда жарық жоқ, қыс айларында жол да жабылып қалады. Тек өз күшімізбен ғана қарды тазалап, екі ортаға қатынаймыз. Қыс, көктем айларында жол қатынасы қиын. Сондай-ақ малшы мен механизатор да жетіспейді. Ауыл тұрғындары, әсіресе жастар қожалыққа келіп, мал баққысы келмейді, — дейді қожалық басшысы.

Бүгінгі күні Қосжан Көпжасаров баласы Жасұлан екеуі қысқы мал азығын дайындап, шөп шабуда. 2 мың гектар шабындық және жайылымдық жері бар қожалық жыл сайын мал азығын жинауға ерте кіріседі. Қазір шаруа ауыл тұрғындарын шөппен қамтамасыз етіп отыр.

Отбасында 5 бала тәрбиелеп отырған Көпжасаровтар отбасы мал шаруашылығынан бөлек кәсіпкерлікпен де айналысады. Олар Белқопа ауылының қақ ортасынан кафе және азық-түлік дүкенін салған.

Ауылдағы кафе мен дүкен екі жыл тұрақты жұмыс жасады. Қазір екеуі де жасамай тұр. Шығын көп, сұраныс жоқ болғандықтан екі нысанды да жауып қойдық. Дегенмен алдағы уақытта екі нысанды қайта ашу ойымызда бар. Бүгінде бар күшті шаруашылыққа салып, асылтұқымды мал санын көбейтуге бет бұрып жатырмыз. Атакәсіпті жалғастыру, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында қожалық жұмысын дамыту — басты мақсат, — дейді Қосжан Көпжасаровтың зайыбы Шайзада Қожабекова.

25 жылға жуық ұстаздық еткен Шайзада Қожабекова бүгінде немерелерін еңбек етуге үйретіп, шаруашылық жұмыстарына тәрбиелеп жүр. Көпбалалы ана биік мұраттарға жетудің жалғыз жолы — еңбек екенін өз ұрпағына ғана емес, елдің баласына да әлі үйретіп келеді.

Ісімен, еңбекқорлығымен көпке үлгі болған Көпжасаровтар отбасы осылайша ауданның дамуына өз үлестерін қосуда.

Данагүл ҚАЗИХАН,

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button