Ауыл

Берекелі бағдарлама

Мәртөк

Бүгінде Мәртөк ауданында «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы арқылы несие алып, өз кәсібін дамытып отырғандар жетерлік. Олардың бірқатары мал шаруашылығымен айналысса, енді бірі шаштараз ашып, халыққа қызмет көрсетіп отыр.

Бағдарламаның арқасында қорасын малға толтырған тұрғындардың бірі — Байнассай ауылының тұрғыны Тотықұс Шәуменова.

Ол «Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының қолдауымен өз ісін ашуға бекініп, несие алған. Құжаттарды түгел жинағаннан кейін Тотықұс «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қорына» барып, 5 жыл мерзімге 1 млн теңге несие алған.

Бұрын ауылдағы ауруханада шаруашылық жөніндегі меңгеруші болып жұмыс жасадым. 1995 жылы қысқартуға ілігіп, ақырында 1997 жылдан бастап сауда-саттықпен айналыстым. Осыдан бірнеше жыл бұрын аудандық «Мәртөк тынысы» газетінен «Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасы туралы оқып, біліп, бағдарлама аясында несие алдым. Нәтижесінде малды бордақылау бағытында жергілікті жерден 6 бас сиыр сатып алып, бүгінде ірі қара басын көбейтіп жатырмын, — дейді ол.

Бүгінгі күні жеке кәсіпкердің ісі алға басып, малының саны 20-ға жеткен. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға риза болған ол бүгінде ауылдастарын аталған бағдарламаға қатысуға шақырып жүр.

— Қазір зейнеткермін. Жас болсам, тағы да несие алып, мемлекеттік бағдарламаларға қатысар едім. Сондықтан ауыл жастарын ешбір қорықпай, өз кәсібін ашуға шақырамын. Қазір келінім екеуміз жеті сиыр сауып, одан мол өнім алып отырмыз, —  дейді Тотықұс Шәуменова.

Ал қаратоғайлық Тобағабыловтар отбасы аталған бағдарлама шеңберінде мемлекеттен 1 млн теңге несие алып, ауылдан шаштараз ашты. Бүгінде қаратоғайлықтар баратын сұлулық салонына айналған Ерлан мен Миргүлдің шаштаразы үздіксіз жұмыс жасап тұр.

Алған несиесіне жөндеу жұмыстарын жасап, құрал-жабдықтар алған Тобағабыловтар отбасы биылдан бастап мереке сайын ауыл тұрғындарына жеңілдікпен қызмет көрсетеді.  Атап айтсақ, биылғы наурыз айындағы мерекелерде кәсіпкерлер аналар мен әйелдерге 50 пайыз жеңілдікпен қызмет көрсетіп, ауылдастарының ыстық ықыласына бөленді.

Бүгінде «Айдана» шаштаразында шаш қию бағасы балаларға — 400, ер адамдарға — 500, ал әйелдерге — 600 теңге.

Халықтың ризашылығына бөленсек, одан артық абырой жоқ. Кез келген кәсіпте адам еңбегінің зейнетін көреді. Ең бастысы, ерінбей еңбек ету керек.

Бүгінде біз отбасымызбен ауылда тек шаштараз ашып қана қоймай, ірі қара малын өсірумен айналысамыз. Өткен жылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы арқылы бір ай оқу курсынан өтіп, нәтижесінде 6 пайыздық үстемеақымен 2,5 миллион теңге көлемінде несие алдық. Бүгінде сол несиеге алған 8 бас сиырды сауып, одан өнім алып отырмыз. Ауылда тұрған әрбір отбасы атакәсіппен шұғылданып, мал санын көбейтсе, әр шаңырақтың несібесі де көп болары сөзсіз, — дейді Миргүл Тобағабылова.

Ісі көпке үлгі болар Тобағабыловтар отбасы алдағы уақытта шаруашылықты кеңейту мақсатында 4 млн теңге несие алып, сүтті бағытта тағы 20 сиыр сатып алуды жоспарлап отыр.

Әлиянұр КЕЛБАТЫРОВА,

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button